Саясат

Таразда референдумды қолдауға арналған ауқымды концерт өтті

Ж. Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде «Конституциялық реформаға қолдау» атты live-концерт өтті деп хабарлайды, aqjolgazet.kz

Іс-шара мәдени-көпшілік форматта ұйымдастырылып, оған Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтары қатысты. Сахнада қазақстандық танымал орындаушылар – Kalifarniya және DARICORN өнер көрсетті. Сонымен қатар облыстық филармония әншілері де көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Концерттік бағдарлама жалпыұлттық коалиция мүшелерінің баяндамаларымен жалғасты. Жамбыл облыстық «Жастар ресурстық орталығының» директоры Айбек Кадралиев, Ш. Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университеті студенті Аяна Ким, «Жастар Рухы» жастар қанаты Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Ерғали Әбуғали Жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарын түсіндіріп, алдағы референдум туралы ақпарат берді. Олар саналы таңдау жасаудың және белсенді азаматтық ұстанымның маңызын ерекше атап өтті.

Айбек Кадралиев өз сөзінде конституциялық өзгерістер елдің саяси дамуының жаңа кезеңін айқындайтынын және қазіргі реформалар тарихи жаңғыру үдерісінің маңызды бөлігі екенін айтты.

Ал, Аяна Ким референдум өткізуді ел үшін маңызды қадам деп бағалап, бұл тек заңға өзгеріс енгізу емес, халықтың мемлекет ісіне кеңінен араласуына берілген мүмкіндік екенін атап өтті.

Ерғали Әбуғалидың айтуынша, Жаңа Конституция жобасы азаматтардың қоғамдық-саяси процестерге қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, жастардың белсенділігін арттыруға жағдай жасайды.

Жамбыл облыстық «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының мәліметінше, іс-шара 5 мыңнан астам адамды біріктіріп, өңірдегі жалпыұлттық түсіндіру науқаны аясындағы алғашқы ауқымды қоғамдық алаңдардың біріне айналды.  Айта кетейік, бұған дейін аймақта жетекші саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің басын қосқан коалиция құрылған болатын.