Құқық

Тараздағы түзеу мекемесінен маңғыстаулық азамат шартты түрде босатылды

Егемен елімізде адам құқығының қорғалуына елімізде Конституция арқылы кепілдік беріледі.

Мәселен, Ата Заңымызда: «Мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы – адамның құқықтары мен бостандықтары», – деп атап көрсетілген.  Рас, қылмыс жасаған адам сот үкімімен кінәлі деп танылып, оған қылмыстық заңда көзделген жаза тағайындалады. Ал жазаның басты мақсаты – әлеуметтiк әдiлеттiлiктi қалпына келтiру және жаңа қылмыстық құқықбұзушылық жасаудың алдын алу.

Тағайындалатын жаза мемлекеттiк мәжбүрлеу шарасы болғандықтан, бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға сотталған адам қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесіне жіберу арқылы қоғамнан оқшауланады. ҚР Қылмыстық процестік кодексінің 476-бабында бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатқан сотталған адам жазасын өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату туралы өтінішхатымен сотқа жүгінуге құқы бар. Бұл мәселені үкім орындалатын жерде жұмыс істейтін аудандық және оған теңестірілген сот, ол болмаған кезде жоғары тұрған сот шешедi. Жазадан шартты түрде босатудың қағидалары Қылмыстық Кодекстің 72-бабында көрсетілген.

Жуырда Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №26 түзеу мекемесінен (қоныс колониясы) маңғыстаулық азамат шартты түрде мерзімінен бұрын босап шықты. Бұл мүмкіндік «Қақпа алдындағы кездесу» әлеуметтік жобасы аясында жүзеге асты. Осы күні мекеме қызметкерлері 45 жастағы ер адамға еркін өмірдегі құқықтары мен міндеттерін кеңінен түсіндіріп, қайта қылмысқа бармауы жөнінде қатаң ескертті. 

Айта кетейік, Ә есімді азамат сот шешімі негізінде Қылмыстық Кодекстің 346-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылған болатын. Өз кезегінде бостандыққа шыққан ер адам жол шығынымен қамтамасыз етіліп, әлеуметтік бейімдеу орталығына орналастырылды.