Әлеумет

Тазалық жұмысына табанды Тазагүл

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Еңбек адамы қадірленсін» дегенді айтты. Президенттің сөзін нақтылай түссек: «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман – ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек», – деген еді. Иә, еңбек – қашан да қадірлі. «Адамды адам еткен – еңбек» деген қағиданы былай қойғанда, еңбексіз нәпақа, күнкөріс жоқ.

Бүгінде ортамызда еңбегімен қоғамға, жүрген ортасына пайдасын тигізіп жүрген қарапайым адамдар көп. Соның ішінде еден жуып, тазалыққа жауап беретін кіші қызметкерлер де бар. Олардың қызметіне мекеме басшылары да, оқушылар да құрметпен қарайды. Осы мамандықты күн көрісіне, отбасы табысына айналдырып, бір шаңырақтың берекесін кіргізіп отырған жан – Тазагүл Әлімбетова. Ол Жамбыл ауданындағы Б.Момышұлы атындағы орта мектепте еңбек етеді.

Самарқанд ауыл шаруашылығы институтын «зоотехник-инженер» мамандығы бойынша тәмамдаған ол еңбек жолын туып өскен Қарақалпақстан Республикасының Кегелі елді мекенінде ветеринариялық зертхананың меңгерушісі болып бастаған. Сонда Қайрат Қожаназаров есімді жігітке тұрмысқа шығады. Жас отбасы болашағын атажұртпен байланыстырмақ ниетпен 2003 жылы Тараз қаласына көшіп келеді. Одан кейін Аса ауылына қоныстанып, осында ұл-қыз тәрбиелеп өсіреді.

Тазагүлдің жолдасы әлі күнге дейін саудамен шұғылданады. Ал өзі осы мекемеде жұмыс істеп келе жатқанына 12 жылға жуықтапты.

Сөз арасында Тазагүл бүгінгі балалардың мінез-құлқы бұрынғы жастарға қарағанда өзгергенін айтып қалды. Көпшілік болған соң арасында үлкендерден қорықпайтын, еден жуып жүрген кіші қызметкерге мұрынын шүйіре қарайтын балалар да бар көрінеді. Көпе көрнеу қолындағы тәттінің қағазын тастап: «Жұмысың, сол үшін ақша аласың, тазала» деп кететіндер де бар екен өкінішке қарай. Ұлт ойшылы Әбу Насыр әл Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деп айтқанындай, балаларды кішкентайынан еңбекке баулыған дұрыс.

Бұрын біздің бала күнімізде үлкендермен үнемі сыныпта кезекші болып, бөлмені жуып, картоп теруге, қызылша жинау науханына, қала берді сенбілікке шығып, тазалыққа араласушы едік, ол да тәрбиенің, еңбекке баулудың бір көрінісі еді деп мақтанышпен айтып отыратын. Қазір оқушыға жүктелген бір міндет жоқ. Тіпті еңбек пәнінің өзі қысқартуға ұшырап кеткен.

Мектеп директорының орынбасары Индира Қыдыржанқызы Тазагүлдің ұжымда сыйлы, жастарға қамқоршы екенін айтты.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жамбыл ауданы