Қоғам

Қариясын құрметтеген ел ардақты

«Қарты бар үйдің қазынасы бар» деп халық бекер айтпайды. Көргені көп қариялар даналығымен, өмірден түйген тәжірибесімен жас ұрпақтың тәрбиесіне елеулі үлес қосады. Білімнің атасы ақыл-парасатта. Ғылым жолына түсіп, салалық білімді қаншалықты алса да дала даналарының ақылын алмаса, бәрі бекер. Себебі, шежірелі қариялардың айтар сөзі де, берер кеңесі де, көрсетер жолы да тұнған тәрбие. Осыны ескергендіктен де елімізде қарттарға ерекше көңіл бөлініп, Белсенді ұзақ өмір орталықтары ашылған. Сондай орталықтың Тараз қаласындағы қызметін өзім де аламын.

Өз отбасымызда балаларымызға, немере-шөберелерімізге ақыл-кеңесімізді бере отырып, түрлі қоғамдық жұмыстарға араласып, еліміздің болашағына да барымызды арнап жүрміз. Белсенді ұзақ өмір орталығында қариялардың денсаулығын сақтап, бір-бірімен достасып, араласа жүріп, ой бөлісуге және көптеген іс-шараларға қатысуға бар мүмкіндік жасалған. Мысалы, әжелер сайысы, батагөй қариялар байқаулары ата-әжелердің бірбірінен білмегенін үйренуге және жастарға өнегелі жол көрсетуге үлкен ықпалын тигізуде.

Мектептер аталар мен әжелерін оқушылармен кездесуге шақырып, өнегелі әңгіме өрбітіп, жасөспірімдерді даланың данасы саналатын ата-әжелердің мектебінен де сабақ беріп жүр. Біздің халық ежелден-ақ тәрбиеге баса мән берген. Оны түрлі тұрмыстық салтдәстүрлерінен де байқаймыз. Ер бала 6-7 жасқа келгенде оған тай атап, балаға арналған «Ашамай» деп аталатын ер жасатып, қамшы өріп, үйретілген жуас тайға әсем ашамай ерттеп мінгізетін дәстүр бар.

«Сен азамат болдың» деп баланы тайға мінгізіп, сенім ұялатып, жігіттік жауапты жолға салған. Бұл баланың көңілін өсіреді, басқа балалар алдында мерейі көтеріліп, мақтаныш сезімде болады, тез есейеді. Оны еңбекке, адамгершілікке тәрбиелеу осы ашамайға мінгізу арқылы да көрінеді. Ашамайға мінген балаға ақ тілекті аналар шашу шашып, ересек балалар тайға мініп, жарысып, тойға ұластырған. Бұдан да басқа бала тәрбиесіне қатысты көптеген ғұрыптар бар. Осындай салтты көрген бала отбасының, Отанының алдындағы жауапкершілікті сезініп өседі. Елін, туған жерін сүйетін перзент болып қалыптасады. Бәлкім, қазақтың өр мінезді бойына сіңіруі де осындай ізгі салтдәстүрлердің ықпалынан болар.

Біз қариялар жастарға үнемі осыны айтып, кешегі бабаларымыздай кішкентайынан тайға мінгізбесек те солар салған сара жолдың өнегесін жас буынға сіңіруге барымызды саламыз. Әрине, қарияның да қазыналы болуы бойындағы асыл қасиеттеріне, кемелділігіне байланысты. Белсенді ұзақ өмір орталығы қарттарды іс-шараларға қатыстырып ғана қоймай, өздерінің одан ары дамуына да қызмет көрсетіп отыр. Мәселен, бұрын бойында бар талантын көрсете алмаған ардагерлер осы орталықта ән айтып, биге қосылып, өнерлерін ашуда. Сондай талантты қариялардан «Ғұмырдария» деп аталатын ұлт-аспаптық ансамбль құрдық. Мен сол ансамбльдің мүшесімін.

Ансамбль құрамы өткен жылы әнші-бишілерімен қырғыз еліне барып, өнер көрсетіп, І орынды олжалады. Біз бұл әрекетімізбен өнерлінің өрісі кең болатынын кейінгі буынға көрсетіп жүрміз. Бізге, қарттарға күн сайын қуаныш сыйлап, сол арқылы жастарға тәлім беріп отырған орталықтың қызметкерлеріне алғысымыз шексіз. Отанды сүю отбасынан басталатынын ескеріп, отбасының әрбір мүшесінің жеке дамуына осындай мүмкіндік жасап отарған елімізбен бақыттымыз. Әрбір шаңырақта балалардың шат күлкісі, қазыналы қарттардың ғибраты, үлгілі әке мен ананың тәлімі салтанат құрсын дегім келеді.

 

Баршагүл БАЯЛИЕВА

ардагер ұстаз