Қоғам

Ерекше жандарға арналған кітапхана несімен ерекшеленеді?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кедергісіз орта қалыптастыру мәселесін үнемі назарда ұстап келеді. Президент атап өткендей, әрбір азамат ешқандай тосқауылсыз білім алып, еңбек етіп, қоғамдық өмірге белсене араласуға мүмкіндік алуы тиіс. Бұл – әділетті әрі инклюзивті қоғам құрудың басты шарттарының бірі. Осы бағытта облысымызда бірқатар нақты шаралар жүзеге асырылуда. Мысалы тағдырдың жазуымен көз жанарынан айырылған жандарға мемлекет тарапынан жасалынып жатқан жобалар зағип және нашар көретін азаматтарға өзін қоғамның толыққанды бір мүшесі екенін сезінуіне сенім мен қайрат қосары сөзсіз.

Осы орайда облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы зағип азаматтарға, отбасы мүшелеріне, басқа да санаттағы мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты қызмет көрсету арқылы, олардың білім алуы мен рухани баюына үлес қосып, ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеп жүргендігін атап өту керек. Бұл кітапхананың басқа кітапханалардан ерекшелігі – кітапхана қорында 4 форматтағы кітаптар сақталады. Олар бедерлі-нүктелі шрифттағы әдебиеттер, жайпақ баспалы қаріптегі әдебиеттер, дыбыстандырылған әдебиеттер және бедерлі графикалық құралдар.

Арнайы кітапхананың мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарды қазіргі замандағы қажетті ақпаратты іздеуге және тәжірбиелік қызметте пайдалануға бағыттау арқылы әлеуметтік мәдени өмірге бейімдеу. Кітапхана мәдени мекеме ретінде инклюзивтік бағытта жұмыс істейді. 2024 жылы арнайы кітапханада ерекше қажеттіліктері бар оқырмандар үшін үлкен мүмкіндік беретін арнайы аудиостудия ашылды. Аудоистудия мен тифлотехникалық құралдарға 20 миллион теңге бөлініп, игерілді. 2020 жылдан бастап кітапхана қызметкерлері зағип жандарды қоғамдық ортаға бейімдеп, өзінөзі дамыту мен өзара кітап оқуға құлшынысын нығайтуға, сонымен қатар көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтардың мәдени демалысын, дүние танымын өзгерту мақсатында 15 жоба, 2 үйірме жұмыс істеп келеді.

Атап айтсақ: «Тифломузей», «Қауіпсіздікті сақтайық», «Kenes time», «Tiflo-асхана», «Үй тапсырмасы», «Kitap time», «BOOK FM», «Балалардан балаларға», «Кітапхана оқырмандары», «Инклюзия және театр», «4 форматты кітап», «izi.TRAVEL», «Кітапхана TV», «Шексіз кино әлемі», «Мобильді кітапхана», «Жасанды интеллект» жобалары зағип жандардың көңілінен шығып, өз нәтижесін беріп үлгерді. «Тифломузей» жобасы облыстық тарихи-өлкетану музейінен ашылып, аудан орталықтарындағы музейлерде жалғасын тапты.

Жобаның мақсаты – көру қабілеті нашар және әлсіз көретін азаматтарға тарихи, құнды жәдігерлер сақталған облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметімен таныстыру, тарихи-мәдени жәдігерлерді сақтай отыра, өткен мен келешекті байланыстырып тақырыптық экскурсия жүргізу, әрбір құнды заттарды қолмен ұстап, сипап сезінуге мүмкіндік туғызу.

2024 жылы «Тифломузей жобасы» бойынша 6 іс-шара өткізіліп, 150-ден астам оқырман қамтылды. «Қолыңмен ұстап, жүрекпен сезін» тақырыбында Талас, Жуалы, Байзақ, Т.Рысқұлов, Сарысу аудандық өлкетану музейлерінде және М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің музейінен экспозициялық бұрыш ашылды. 2025 жылы «Тифломузей жобасы» бойынша 8 іс-шара өткізіліп, 185 оқырман қамтылды. Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Меркі, Т.Рысқұлов аудандарындағы тарихи-өлкетану музейлеріндегі «Қолыңмен ұстап, жүрекпен сезін!» атты тарихи танымдық бұрышы 200-ден аса QR-код қойылған жәдігерлерімен толықтырылды.

«Қауіпсіздікті сақтайық» жобасы зағип жандарға қауіп төнген жағдайда жылдам әрекет етуге, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғануы және төңіректегілерге жәрдем көрсетуге өзін-өзі дұрыс ұстауды төтенше жағдай кезінде қандай мекемеге дереу хабар беру керек екендігін үйретуге бағытталған жоба. Бұл жоба бойынша 2024 жылы 7 іс-шара ұйымдастырылып, 210 оқырман қамтылды. Өткен жылы жоба аясында Тараз қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы мамандарының қатысуымен №2 «Болашақ» арнайы мектепинтернаты оқушыларына «Қар көшкіні кезінде өзін-өзі құтқару жолдары» турасында дәріс, «Судағы қауіпсіздік!» тақырыбында ескертпе сағаты, «Қазақ соқырлар қоғамы» мүшелеріне «Мұздағы қауіпсіздік және өзін-өзі құтқару» атты сабағы өткізілді. Барлығы 3 іс-шара ұйымдастырылып, 70 оқырман қамтылды.

«Кenes time» жобасы – мүмкіндігі шектеулі зағип жандарды әртүрлі сала мамандарымен кездестіріп, сұхбаттастырып, ауқымды мәселелерді шешіп алуға әрі қоғамға бейімдеу мақсатында өте қолайлы жоба. Бұл жоба 2023 жылдың сәуір айынан бастап екі айда бір рет өз жұмысын жүргізуде. Бүгінгі күнге дейін әлеуметтік қамсыздандыру орталықтарының заңгер, оңалту, дағдарыс орталықтарының психолог, көз жанарын сақтауға офтольмолог дәрігерлерімен, жұмыспен қамту орталығының, банк бөлімшелері мамандарымен, жалпы 15 кездесу отырысы өткізіліп, 435 оқырман қамтылды.

«Tiflo-асхана» жобасы – зағип жандар үшін әлеуметтік кедергісіз ортаға бейімделуге, ас үйге ыңғайлы ыдыс-аяқ пен құрылғыларды таңдауға, өздігінен пеште тағамды қуыру және пісіру әдісін көрсетуге, дыбыс бойынша түрлі тұрмыстық аспаптарды анықтауға, асхана құралдарын қауіпсіздік шараларын қолданып, сипап сезу арқылы тануға мүмкіндік туғызады. Зағип жандар үшін жүргізілетін әлеуметтік жобаға облыс пен қала тұрғындарының I, II, III, топ көз мүгедегі бар зағип жандар, «Қазақ соқырлар қоғамының» мүшелері мен №2 арнайы «Болашақ» мектеп-интернатының оқушылары, ас әзірлеу барысында асханада ас даярлауда ескеретін қауіпсіздік ережелерін айтып, тағдырлас жандарға мотивациялық кеңес берумен қатар алға қойған мақсаттары мен жоспарларын айта отырып ас әзірлейді.

2024 жылдан бері 35 қатысушы қатысып, асханада дәмді, құрамы дәруменге бай салат түрлерін дайындап, қауіпсіздік шараларын үйренді. Өткен жылы жоба аясында «Анама арналған ақ дастарқан» облыстық байқауы жас зағип оқырмандар арасында ұйымдастырылды. Байқауда «Салат жасау және оны безендіру» мен «Ас үйде қолданатын немесе салат әзірлеуде пайдалы лайфхакты көрсету» бойынша бақ сынасты.

Жарыс қорытындысы бойынша қатысушылар арнайы диплом және номинациялармен марапатталды. Сайысқа 35 оқырман қамтылды. «Үй тапсырмасы» жобасы – мүмкіндігі шектеулі жастардың оқу орнындағы үйге берілген тапсырмаларын орындау барысында білімгерлерге көмектесу, оқу бағдарламасына сай келетін оқулықтарды дауыстап оқу мақсатында құрылды. «Үй тапсырмасы» жобасының қатысушылары кітапхананың тұрақты оқырмандары І топ көз мүгедектігі бар «Жамбыл жоғары медециналық колледжінің» білімгерлері және №2 «Болашақ» мектеп-интернатың бітіруші оқушылары үй тапсырмасы бойынша арнайы ортақ чат ашылып, онлайн және оффлайн фарматтарында үйге берілген тапсырмаларын орындау үшін пайдалы ақпараттарды басқа да кітаптан іздеуге баулып, тапсырмаларды орындауға ой-пікір алмасып, сондай-ақ білімгерлердің біліктіліктері жеңілдетіліп, үй жұмысына берілген тапсырмаларына көмек көрсетіледі. Сонымен қатар нәтижесінде 2024 жылы кітапхананың тұрақты оқырманы І топ көз мүгедегі Құралай Шөпшекова колледжді алтын белгісімен бітірді.

«Үй тапсырмасы» жобасы бойынша 2024 жылдан бері барлығы 12 іс-шара өткізіліп, 70 оқырман қамтылды. «Kitap time» оқырман клубы. Былтыр облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы жүзеге асырылғаны белгілі. Осыған орай облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы рухани құндылықтар тамырын жас жеткіншектердің санасына жеткізу мақсатында «Kitap Time» оқырман клубын ашты. Жалпы клубқа өлкеміздің майталмандары, қоғам белсенділері, кітап авторлары сонымен қатар жастар қосылды. «Kitap Time» оқырман клубының алғашқы жиыны Deshti club house коворкинг орталығында ұйымдастырылып, қаламгер Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі» хикаяты талқыланды. Сонымен қатар Ақберен Елгезектің бестселлер, оқырмандар қызыға оқыған, кітап желісімен киносы шыққан «Болмаған балалық шақ» хикаятын талқылады.

Жазушының ғұмырына шолу жасалды. Барлығы 3 іс-шара ұйымдастырылды. 90 оқыман қамтылды, 3 кітап талқыланды. «Book Fm» жобасы – 2023 жылдан бері қала тұрғындарының кітапқа деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында жүзеге асырылып келеді. «Jambyl радиосы» арқылы Қазақстанның және жергілікті ақын-жазушылардың кітаптары насихатталады. Халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, тілі, діні, әдебиеті мен мәдениеті жайында сұхбаттар өрбіп, әңгімелер оқылса радио мен кітапхана тыңдармандарының саны артпақ. Жоба барысында бүгінге дейін 24 сұхбат жүргізіліп, әсерлі әңгіме, қызықты дерек, бірқатар әдеби шығармалар облыстық «Jambyl» радиосының 100,8FM толқынында таратылып, нәтижесінде тыңдармандардың әдебиетке деген қызығушылықтарын арттыра түсті.

«Балалардан балаларға» жобасының негізгі мақсаты – көру қабілеті бұзылған және нашар көретін балаларды кітап оқуға бейімдеу, олардың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, тіл байлығын дамыту. Көрнекті ақын-жазушылардың, мерей той иелерінің шығармаларын Тараз қаласында орналасқан орта мектеп оқушыларының арасында іріктеліп алынған дауыстап оқуға ерекше қабілеті бар балалардың дауыстарымен жазылған аудио шығармалар таспаға түсіріліп, аудиокітаптар көзі көрмейтін және нашар көретін балаларға жол тартады.

2024 жылдан бері аталмыш жоба аясында 14 аудио кітаппен кітапхана қоры толықты. «Кітапхана оқырмандары» жобасы аясында ватсап мессенджері арқылы 2024 жылдан бері 360 әдеби шығарма дыбысталып, оқырмандарға жолданды.

Нәтижесінде 12420 тыңдалым болды. «Инклюзия және театр» жобасы шеңберінде Қамар Қарасаеваның «Ұшталған қалам» атты бенефис кешінде «Тәтті мұң» кітабы желісімен сахналанған қойылым қойылды және «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» 8 облыстық фестивалінде Т.Рысқұловтың өмірі мен шығармашылығына арналған шағын қойылым, Ү.Битенованың өлеңдері бойынша «Ана» қойылымдары көрсетілді. Барлығы 4 іс-шара ұйымдастырылып, 200 оқырман қамтылды. Сонымен қатар 2025 жылы «Жүрекпен оқыған шығарма» атты алғашқы инклюзивтік театр байқауы ұйымдастырылды. Аталған байқауға №2 «Болашақ» мектеп-интернатының оқушылары қатысты. Тартысты сайыста бес театрландырылған шағын көрініс сахналанды.

Атап көрсетсек: «Ер, Бәуке», «Оян, қазақ!», «Махаббат мұнарасы», «Ай мен Айша» және «Жусан иісі» атты шығармалардан үзінділер көрсетілді. Байқауға 100 оқырман қатысып, 80 кітап ұсынылды. «4 форматты кітап» 2025 жылы мүмкіндігі шектеулі зағип балаларға ертегілерді қолжетімді ету, оқу арқылы сөйлеу қабілетін, шығармашылық ойлауын дамыту, ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіру мақсатында 4 форматты (үлкен қаріпте жайпақ баспалы, бедерлі нүктелі Брайль қарпінде, бедерлі графикалық, дыбыстандырылған аудио нұсқада) ертегі кітаптары шығарылды.

Бұл формат арқылы зағип балалар ертегілерді көру қабілеті бар балалармен тең дәрежеде Бедерлі нүктелі Брайль қарпінде оқуға, телефонға QR енгізіп аудио нұсқада өз бетінше тыңдап, сөздік қорын молайтуға, суреттегі кейіпкерлер арқылы жағымды эмоция алуға мүмкіндік алады. «izi.TRAVEL» жобасы да зағиптар арасында жоспарға сәйкес қызмет көрсетіп келеді. Жоба ең алдымен мәдени мұра және туризм саласындағы ұйымдарға қызығушылық танытқан зағип азаматтарға, қаланың ескерткіштері мен тарихи кесенелеріне, мұражайлары мен заманауи мәдени кешендерге үш тілді гид арқылы серуендеуге жағдай жасау, бос уақыттарын тиімді өткізу мақсатында құрылды. Бұл жоба арқылы зағип оқырмандар аудио гидтерді үйде, қонақ үйде немесе мұражайда, кафеде тегін Wi-Fi арқылы жүктеп алуға және оларды оффлайн режимінде роуминг арқылы ақысыз пайдалана алады. Сонымен қатар GPS көмегімен көшедегі оқиғаларды автоматты түрде іске қосу оффлайн режимінде де қол жеткізе алады.

Жобаға 420 мүмкіндігі шектеулі зағип жандар қатысып, облыс пен қала маңындағы мәдени, тарихи ескерткіштер және тағы басқа тарихи кесенелер мен мұражайларды аралап, 21 аудиоформаттағы дыбысталған қажетті мағлұматтарды алып отыр. «Кітапхана ТV» жобасы 2023 жылдан бері өз жұмысын жалғастырып келеді. Бұл жоба кітапты көп оқитын орта қалыптастыру мақсатында құрылды. Бүгінге дейін кітап оқып жетістікке жеткен 24 қоғам өкілдерінің қатысуымен атап айтсақ ақын, қазақ поэзиясының дарабозы Хамит Есаман, сонымен қатар қоғам белсендісі, тілші Эльмира Мырза-Ғали сынды тұлғалармен сұхбат түсіріліп, әлеуметтік парақшаларға жүктелді.

«Шексіз кино әлемі» жобасы зағип оқырмандарға арналған тифлопікірі бар киноларға қолжетімділікті арттыру мақсатында құрылды. Тифлопікір көмегімен зағип адамдар арнайы түсіндірмесіз түсініксіз болуы мүмкін кино әлеміндегі заттардың, кеңістіктің, әрекеттердің ауызша сипаттамасын ала алады. Жоба аясында фильмдер айына бір рет және оқырмандар сұранысына қарай «Қазақ Соқырлар Қоғамы» мүшелері мен облысымыздағы көз жанарынан айрылған зағип оқырмандарға көрсетілді. Бүгінгі танда жоба бойынша 20 фильм және 10 мультфильм көрсетілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы 28 қаңтарда көру қабілеті нашар адамдарға кітаптар мен басқа да баспа материалдарға қол жеткізуге тұсау болатын құқықтық кедергілерді жоюға бағытталған Марракеш шартын ратификациялау туралы «Зағиптар мен көру қабілеті бұзылған немесе баспа ақпаратын жарияланған туындыларға қабылдау мүмкіндігі шектеулі адамдардың қол жеткізуін жеңілдету туралы» Заңға қол қойды.

Облыс әкімі Е.Қарашөкеевтің бастамасымен «Әулиеата – кітап оқитын өңір» акциясы аясында облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы заманауи технологияларды пайдалана отырып, зағип жандарға электрондық кітапханаларға қолжетімділікті арттырып, оқырмандарға «Мобильді кітапхана» тақтасын арнайы зағиптар орталықтарына орнатуды қолға алды. Жас деңгейіне қарай 50 атау түрінен қойылған мобильді кітаптар қазақ және орыс тілдеріндегі шығармалар жинағы кітапхананың арнайы аудиостудиосында жазылып, мобиьлді тақтаға QR-кодтар арқылы еңгізілді.

«Мобильді кітапхана» жобасының ерекшелігі ұсынылған әдебиеттер оқырман сұранысына қарай және ай сайын ауысып тұрады. «Жасанды интеллект» жобасы шеңберінде 2025 жылы алғаш рет зағип оқырмандарға жасанды интеллект көмегімен жазушы Мұхтар Мағауиннің «Тазының өлімі» хикаяты дыбысталып ұсынылды. Шығарма арнайы форматта әзірленіп, тифлотехнологиялар арқылы тыңдауға ыңғайлы нұсқада жарық көрді.

Бұл жоба көру қабілеті шектеулі жандардың көркем әдебиетке қолжетімділігін арттырып, руханимәдени қажеттіліктерін өтеуге септігін тигізді. Сонымен қатар кітапханада арнайы зағип жандар үшін екі үйірме жұмыс істейді. Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарды Брайль жүйесі (бедерлі нүктелі қаріп) бойынша оқу және жазуға үйрету мақсатында «Брайлист» үйірмесі жұмыс істейді. Брайлист үйірмесінде 2024 жылы 12 сабақ жүргізіліп 12 адам білім алса, өткен жылы 5 сабақ жүргізіліп 5 оқырман білім алды. «Зағип және компьютер» үйірмесі бойынша 2024-2025 жылы zoom платформасымен жұмыс істеу әдістері және зағип тұтынушыларға арналған компьютерлік ойындар, сонымен қатар зағиптарға арналған новигациялық бағдарламалар туралы сабақтар жүргізілді. №2 арнаулы «Болашақ» мектеп-интернатының тәрбиеленушілеріне компьютерлік Windows, Android, IOS платформалары бойынша дайындық сабақтары жүргізілді. Нәтижесінде 18 сабақ жүргізіліп, 365 оқырман қамтылды.

Арнайы кітапхананың жоғарыда көрсетілген инклюзивті бағытындағы жобалары мен үйірме сабақтары алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

 

Арна ЖҰМАТАЙ