Экономика

Жамбылда жүзеге асырылған жобалар көп

Жамбыл ауданының әлеуеті жыл санап артып келеді. Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, бүгінгі күні ауданда 12 шағын өнеркәсіп ошағы жұмыс істейді. Оның қатарында «Амангелді мұнай өңдеу зауыты», «Супер фарм» – медициналық бұйымдар және «Кнауф Гипс Тараз» – гипс тасын өндіру зауыттары бар.

Өткен жылы Тараз қаласы аумағының кеңейтілуіне байланысты ауданнан «БиномСтройДеталь», «КазУпакТрейд» және «Достық продукт» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қалаға өткен. Дегенмен өткен жылы өнеркәсіп саласында 44,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Оның ішінде «Амангелді ГӨЗ», «Кнауф Гипс Тараз», «Суперфарм» және «Ерсад» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірген өнімдерінің үлесі қомақты.

Сала бойынша айтар болсақ, ауыл шаруашылығы саласында төрт жоба қолға алынып, 21 жаңа жұмыс орны ашылған. Соның ішінде Айша бибі ауылындағы сыйымдылығы жеті мың тоннаны құрайтын көкөніс қоймасы бар. Мұнда сегіз адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Ал Гродиково ауылдық округінде жеке кәсіпкер Дариғаш Ақылбекова жылына 90 тонна сүт өңдеу цехының құрылысын аяқтап, сегіз адамды жұмысқа қабылдаған. Округтегі «Карим Жансерік» шаруа қожалығы жылдық қуаты 10 тонна балық шаруашылығын іске асыру үшін бассейн құрылысын аяқтап отыр. Екі адам жұмысқа орналастырылған. «Жуманов Саламат» шаруа қожалығы жылдық қуаты 35 тонна балық шаруашылығын іске асыру үшін бассейн құрылысын аяқтап, жұмысын бастап кеткен.

Туризм саласы бойынша жалпы құны 700 миллион теңгені құрайтын бір жоба іске асырылып, 50 жаңа жұмыс орны құрылған. Бұл «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында орналасқан «Арзан Сити-3» қызмет көрсету орталығында 500 орындық асхана, 14 бөлмеден тұратын қонақ үй, дүкен және монша жұмыс істеп тұр. Ал биыл бұл салада 12 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Мұның ішінде өткен жылдан өтпелі үш жоба бар. Атап айтсақ, Қөлқайнар ауылдық округінде «АзНұр» шаруа қожалығы тәулігіне 8 тонна сүт өндіретін тауарлы сүт фермасының құрылысын жүргізуде. Ақбастау ауылдық округінде жеке кәсіпкер Шавкат Рыжыбаев жылына 240 мың балапан өсіретін ет бағытындағы құс фабрикасының құрылысын бастап кетті. Келесі нысан «Таң Петройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі күре жол бойындағы қызмет көрсету орталығының құрылысын жүргізу үстінде. Бұл жобалардың аяқталу мерзімі осы 2026 жылдың еншісінде.

Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, бұдан бөлек 2026 жылы жаңадан 9 инвестициялық жоба жоспарланып отыр. Тарқатып айтсақ, Бірлесу-Еңбек елді мекені аумағынан «Кнауф-Гипс-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі гипсокартон және құрғақ қоспаларын өндіру зауытын кеңейтуді іске асыруды қолға алуда. Оның іске асыру мерзімі – 2026-2027 жылдарға белгіленген. Осы мақсатта 28 гектар жер телімі бөлінген.

Жобаның құны – 14,5 миллиард теңге, жылдық қуаты 22 миллион шаршы метр гипс және гипсокартон өндіру. Жоба іске асырылған сәтте 100 жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда. Келесі жоба Әулиекөл ауылы аумағынан «KEGOC» АҚ электр стансасы құрылысын жүргізуді көздеп отыр. Жобаның құны бес миллиард теңге. Қуаты – ПС500/220/10кВ. 10 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бүгінгі күнге электр стансасын кеңейту бойынша құрылыс жұмыстары жүруде. Сондай-ақ осы Әулиекөл ауылы аумағынан «Juru-Masdar (Abu Dhabi future energy company)» компаниясы 25 километр әуе электр желесін жүргізуді жоспарлауда. Жоба осы жылдың бірінші тоқсанында басталып, 2027 жылдың басында аяқталады. Бұл жобаның да құны бес миллиард теңге. Құрылатын жұмыс орны 20 адам. Осы серіктестік Талас және Сарысу аудандарында желден қуат алатын электр қондырғыларын орнатқан. Әулиекөл ауылы аумағында орналасқан «KEGOC» АҚ-ның 500кВ подстансасына қосуды көздеуде. Бұдан бөлек, Айша бибі ауылдық округінде «ГЭСМЫРЗАТАЙ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бу-газ қондырғыларын өндіру зауытын іске қосуды, «Dostar brendfish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі балық шаруашылығын, БАМ Холдинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі көкөніс сақтау қоймасын, ал «Дауымбаев Омархан» ЖК жолаушыларға қызмет көрсету орталығын ашу жоспарлап отыр. Ақбастау ауылдық округінде «Сіргелі» шаруа қожалығы 3000 орынға арналған мал бордақылау кешенін, «Еркежан» КХ балық шаруашылығын ашпақ ниетте. Шағын және орта бизнес саласы да ауданда жақсы дамып келеді.

Жалпы ауданда 6650 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. Оның ішінде тұрақты жұмыс істеп тұрған 6136 субъекті. Онда жұмыспен қамтылған адам саны 7967. Кәсіпкерлер күшімен 52,3 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Кәсіпкерлікпен бірге ауыл шаруашылығы саласында да оң динамика қалыптасып отыр. Мәселен, өткен жылдың ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 56 миллиард 584 миллион теңгені құраған. Мұның 36 миллиард 893 миллион теңгесі өсімдік, 19 миллиард 285 миллион теңгесі мал шаруашылығына тиесілі. Бүгінде ауданда 2599 агроқұрылымдар жұмыс жүргізуде, оның екеуі өндірістік кооператив, 33-і ауылшаруашылық кооперативі және 2564-і шаруа қожалық. Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, өткен жылы 51933 гектар алқапқа ақ егіс және басқа да дақылдар себілген. Бұл егіс алқаптарынан мол өнім алынған.

Атап айтсақ, бидайдан 5441, арпадан 14378, картоптан 6766, көкөністен 244156, майлы дақылдардан 2670, тонна өнім жиналған. Ал дәнді жүгеріден 11182, сүрлемді жүгеріден 2940, бақшада 19635, қант қызылшасынан 26972 тонна өнім жиналса, мал азығы үшін 295131 тонна жем дайындалған. Оның әрбір гектарынан жиналған өнімнің түсімі де әртүрлі. Өткен жылдың қуаңшылыққа ұрынуына қарамастан аудан диқандары егіс алқаптарынан жақсы өнімге қол жеткізген.

Ауыл шаруашылығы техникасының жаңартылуына да өз деңгейінде көңіл бөлінуде. Осы мақсатта былтыр 103 ауыл шаруашылығы техникасы алынған. Оның 42-і трактор, бір комбайн және қалғаны ауыл шаруашылығы тіркемелері. Сондай-ақ ауданда ауыл шаруашылығы өнімін сақтау мақсатында қоймалар кешенін дамыту жақсы жолға қойылған. Атап айтсақ, «АЛИЗА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі салған сыйымдылығы жеті мың тоннаны құрайтын көкөніс сақтау қоймасына электр желісі тартылған. Ал «А.Рыспанов» шаруа қожалығының жерінен көкөніс сақтау қоймасын газдандыру жұмыстары аяқталған. Тоғызтарау және Өрнек елді мекендерінде мал шомылдыруға арналған орын орнатылса, Аса ауылында жеке кәсіпкер Қарабеков мал сою алаңын іске қосты. Оның тәуліктік қуаты 200 ұсақ малға арналған. Шаруа қожалықтарын қаржыландыру да өз деңгейінде жүзеге асырылуда.

Өткен жылы мемлекет тарапынан 525 шаруа қожалығына 3 миллиард 147 миллион теңге қолдау көрсетілген. Ал «Аграрлық несие корпорациясы» және «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамдары арқылы 64 агроқұрылым 1,5 миллиард теңге несие алған. Бұдан бөлек, «Дихан» несиелік серіктестігі арқылы 26 адам несиемен қамтылған. Оның дені мал шаруашылығына берілген. Бүгінгі күні ауданда 16 жылыжай бар. Оның жалпы аумағы 1,9891 гектарды құрайды. Қазіргі таңда 11 жылыжайда көкөністер бапталып, өсірілуде. Жалпы өткен жылы Тараз қаласының құрамына 14 елді мекеннің кіруіне байланысты 65 жылыжай қала аумағына өтіп кеткен. Оның жалпы аумағы – 7,181 гектар. Ал көкөніс сақтайтын қойма саны да бүгінде едәуір азайған.

Бұған дейін аудан аумағында 67 қойма болған болса, сыйымдылығы 34250 тоннаны құрайтын 59 қойма Тараз қаласы аумағына өткен. Ал бүгінде ауданда сыйымдылығы 4980 тоннаны құрайтын көкөніс және жеміс сақтайтын 8 қойма жұмыс істеуде. Онда 650 тонна пияз, 160 тонна сәбіз сақталуда. Аудан әкімінің айтуынша, аудан аумағы 419,8 мың гектарды құрайды, оның 235, 9 мың гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер. Оның егістік жері 55,2 мың гектар алқап. Оның ішінде суғармалысы 28,4, суарылмайтын егістік 26,7, көп жылдық екпелер 1,2, шабындық 7,7, жайылым 170,3, бөгде жерлер 1,2 мың гектар алқапты алып жатыр. Ал елді мекеннің жері 34,9 мың гектарды құраса, өндірістік мақсаттағы жерлер 9,9 мың гектар. Орман қорының жер 125,7, су қорының жері 1,2, босалқы жер 11,9 мың гектарды құрайды.

Президент тапсырмасына сәйкес өткен жылы ауданда игерусіз жатқан 4040 гектар жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылған. Оның 257 гектары суармалы егістік жер болса, 74 гектары суарылмайтын егістік, 3620 гектары жайылым, 74 гектары шабындық және 15 гектары бөгде жерлер. Қазіргі таңда, әкімдік тарапынан иесіз жатқан 1323,14 гектар жер учаскелері иесіз мүлік ретінде есепке алынған.

Жалпы ауданда пайдалануға берілген жеке меншік тұрғын үй көлемі 31316 шаршы метрді құрайды. Ал бүгінде тұрғын үй кезегіндегі тұрғандар саны 2528 адам. Оның ішінде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 112 бала, әлеуметтік әлсіз топтағы 601, көп балалы 708 адам бар. Ал кезекте тұрған 309 мемлекеттік қызметші және 798 санатсыз азамат үй алуға ниет еткендердің қатарында тұр. Бұдан бөлек, республикалық бюджеттен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін Аса ауылынан 30 отбасыға үйлер сатып алынған. Сондай-ақ тұрғын үй сатып алуға құнды қағаздарын шығару есебінен берілетін бюджеттік кредиттер арқылы 180 пәтерге 2,3 миллиард теңге бөлінген. Осының ішінде 120 пәтерге аудандық бюджеттен қосымша қаржыландыру үшін 133 миллион теңге бөлген.

Ауданда жер кезегінде тұрғандар саны 13673 адам. Жеті елді мекеннің жаңа тұрғын үй алқабына электр желісін, су, газ тарту, қиыршық тас төсемін төсеу жұмыстары жүргізіліп, кезектілікке сәйкес 1864 жер учаскесі берілген. Ал Гродиково ауылында жаңадан салынатын тұрғын үйлердің инженерліккоммуникациялық инфрақұрылымын дамыту үшін қиыршық тас жол және сумен жабдықтау бойынша жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Қазіргі таңда газбен және электрмен жабдықтау бойынша жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптама қорытындысы күтілуде. Жоба іске асқанда 438 жер учаскесін беру көзделген.

Елді мекендерді таза ауыз сумен қамту дұрыс жолға қойылған. Алдыңғы жылдан өтпелі жобалардан былтыр Жаңаөткел және Өрнек-Жұма елді мекендеріндегі таза ауыз су жүйесінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Ал Бектөбе, Қызылшарық елді мекендеріндегі таза ауыз су жүйесінің құрылысы толық аяқталып Тараз қаласы әкімдігінің теңгеріміне өткізілген. Сондай-ақ Аса және Айша бибі елді мекендеріндегі халық санының өсуіне және жаңа тұрғын үй алқаптарының қосылуына байланысты таза ауыз су тапшылығын болдырмау мақсатында екінші көтергіш сорғы стансасының құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Ол жобаның жалпы құны бір миллиард теңгеден асады.

Сонымен бүгінгі күні аудандағы 31 елді мекен толық таза ауыз сумен қамтылып отыр. Көгілдір отынмен қамтамасыз ету де ауданда толық шешімін тапқан. Жол саласына келсек, өткен жылы 4,6 шақырымды құрайтын үш жол жөндеуден өткізілген. Биылға өткен жылдан өтпелі 17,5 шақырымды құрайтын екі жол бар. Олар «Алмалы Ресорт» және «Айша бибі-Қаратау бөлімшесінің» жолы. Бұдан бөлек, былтыр жалпы ұзындығы 21,9 шақырымды құрайтын ауыл ішілік жолы жөндеу көрген. Электрмен қамту мақсатында 15 елді мекеннің 44 көшесіне жарықтандыру орнатылған. Сондай-ақ бір елді мекеннің үш көшесінің ескі бағаналары мен желілері ауыстырылса, бір ауылға трансформатор орнатылған. Сонымен қатар екі елді мекеннің подстансасы мен трансформаторы ағымдағы жөндеуден өткізілсе, бір ауылдың таза ауыз су мұнарасына дейінгі электр желісінің сымдары ауыстырылған. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таппақ.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 2025 жылы 11 жоба іске асырылуда. Оның ішінде Тастөбе ауылындағы спорт кешенінің, Қызылқайнар мен Бесағаштағы мәдениет үйінің құрылысы бар. Сонымен қатар ауыл ішілік көше жолдарын жөндеу бойынша 8 ауылдық округте 8 жоба іске асырылған. Ал «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» аясында азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартуға 3942 адамды қамту жоспарланып, нақты – 4741 адам қамтылған. – Жыл санап әлеуметтік саланың да әлеуеті артып келеді. Мәселен, былтыр Бәйтерек ауылында 100 орындық, Шайданада 150 орындық мектеп құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Ал Тоғызтарау ауылындағы Т.Тоқтаров атындағы орта мектебіне жапсарлас құрылыс жұмыстары, Қостөбеде 100 орындық мектеп құрылысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, аудан орталығындағы үш мектепке футбол алаңын, Айша бибі, Т.Тоқтаров және №1 орта мектептің ауласын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, оған бөлінген қаражат толық игерілді. Білім нысандарын газдандыру бойынша 2024-2025 жылдарға арналған жол картасына сәйкес, аудандағы екі білім беру мекемесі газдандырылды.

К. Сартбаев және Т. Рысқұлов атындағы орта мектептерінде жылу құбырын ауыстыру жұмыстары сәтті аяқталды. Сондай-ақ психологиялықпедагогикалық түзету кабинетін ағымды жөндеу жұмыстарына қомақты қаражат бөлініп, ғимарат толық ағымды жөндеуден өткізілді. Денсаулық саласына тоқталсам, өткен жылы Қаратау ауылында фельдшерлік акушерлік пункт ел игілігіне пайдалануға берілді. Аудандық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, сараптамадан өткізілді. Мәдениет саласында да атқарылған жұмыс көп. Бүгінгі күні ауданда бір аудандық мәдениет үйі, төрт ауылдық мәдениет үйі, 10 ауылдық клуб, 22 кітапхана, бір музей бар.

Былтыр «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қызылқайнар ауылында 180 орындық Аса ауылында орталық кітапхана, архив және жасөспірімдерге арналған үйірмелер жүргізу орталығы пайдалануға берілді. Қаракемерде кітапхана ғимаратына ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бірлесу-Еңбек ауылы мәдениет үйінің құрылысын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Тиісті бюджеттік өтінім тапсырылды, – дейді Ерлан Қыдыралыұлы. Ауданда бұқаралық спортқа ден қойған жастардың қатары артып келеді. Бүгінгі күні өңірде 117 спорт нысаны бар. Былтыр Айша бибі елді мекенінде шағын футбол алаңшасының жасанды төсемі ауыстырылған. Аса ауылындағы Ғ.Мұратбаев көшесінде, Бірлесу-Еңбек және Қаратау елді мекендерінде балалар ойын алаңдары орнатылған. Асада футбол, волейбол, баскетбол алаңшалары пайдалануға берілсе, Әулиекөлде шағын футбол алаңы, Жаңаөткелде шағын футбол алаңшасының қоршауына қосымша қоршау орнатылды. Сондай-ақ Бірлесу-Еңбек, Өрнек, Шайданада шағын футбол алаңдары ағымды жөндеуден өтті.

Сонымен қатар Тастөбеде спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Ал Қызылқайнарда спорт кешені құрылысын жүргізу үшін тиісті жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылған. Жастар саясатына тоқталар болсақ, аудан халқының 33,7 пайызын жастар құрайды. Бұл ауданда 17493 жас бар деген сөз. Дегенмен ауданда жұмыссыз ретінде НЕЕТ санатындағы жастар саны 615. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына бүгінгі күні 1574 жас тартылған. 100 жас «Жасыл ел» жасақтары қатарына тартылған. Волонтерлық бағытта 684 іс-шара өткізіліп, оған 10721 жас волонтер ат салысқан. Өткен жылы «Кітап ал, кітап сыйла», «Шағын кинотеатр», «АуылBAY», «Мерген – дәстүрлі садақ ату», «Қараоке кеші», түрлі тақырыпта «Интеллектуалдық ойындар» және әлеуметтік желіде «Жастарға кеңес» рубрикасы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар көмекке мұқтаж жастарға және ерекше балалар тәрбиелеп отырған жастардың ата-аналарымен жұмыс істеуге психологиялық кабинет өз жұмысын жүргізуде.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жамбыл ауданы