Талай жан осы жобамен жан бағып отыр
«Ауыл аманаты» жобасы әр өңірдің көсегесін көгертіп, табысын арттырып отыр. Жоба ауыл тұрғындарын аграрлық я болмаса дамымай тұрған бизнесті алға сүйреп, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. 2019 жылы біздің облыстан бастау алған пилоттық жоба бүгінде бүкіл өңірді қамтып отыр.
Өткен жылы облысымызда «Ауыл аманаты» жобасымен 51 ауылдық округ қамтылыпты. Яғни, 25,5 миллиард теңгеге 4076 жоба қаржыландырылған. Оған 152,2 мың бас мал мен 65 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Ал былтыр мамыр айында жергілікті бюджеттен ауыл шаруашылығы жабдықтарын сатып алуға 600 миллион теңге бөлініп, 89 техника алыныпты. «Ауыл аманаты» жобасы барлық саланың дамуына серпін береді.
Биыл 10,5 миллиард теңгеге 1200 жоба қаржыландырылмақ. 2025 жылы 10 мыңнан астам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жұмыссыздар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, ауылдық елді мекендерде 500-ден астам шағын кәсіпорын ашылады деп болжануда. Өңірімізде 2024 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 4 пайызға ұлғайған.
Ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 21,4 миллиард теңге субсидия бөлінген. Жыл басынан бері агроөнеркәсіптік кешен саласында жоспарланған 20 инвестициялық жобаның 9-ы іске қосылған.
40 АДАМДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУҒА МҮМКІНДІК БАР
Арамызда осы бағдарламаның шарапатын көріп, кәсібінен нәсіп тауып отырған жандар бар. Солардың бірі – Шу ауданы, Қорағаты ауылының тұрғыны Нұрғали Жексенбиев. Ол – белгілі кәсіпкер. 2018 жылы Төле би ауылынан «Нұршуақ» балабақшалар желісін ашып, ауылдағы кішкент ай бөбектердің жағдайын жасаған. Балаларды арнайы балабақшаға көлікпен тасымалдап, үйірмелермен қамтып, ауылдың абыройын асқақтатып отырған жан.
«Жігітке жеті өнер де аз» дегендей ел ағасының бойында сан түрлі өнер толып тұр. Өзі фортепианода, домбырада, гитарада емін-еркін ойнап, ән салады. Тіпті 9 жыл бұрын «Қазақстан дауысы» музыкалық жобасына қатысқан. Әуелеген әдемі дауысымен талайлардың жүрегінен орын алған бұл азамат бір кездері қаржы полициясында қызмет атқарыпты. Алайда денсаулық жағдайына байланысты туған жеріне көшіп, кіндік қаны тамған жерге пайдасын тигізіп отыр. Балабақша ашқан жылдары ауыл тұрғындары, ақсақалдары кәсіпкерге тігін цехын ашу туралы өтініштерін айтыпты. Әрі мектеп оқушыларын түрлі тегін үйірмемен қамтуды да сұрапты. Елдің өтінішін жерге тастамай, сұранысты былтыр қанағаттандырыпты.
Бірінші «Даму бала» жобасымен ауыл балаларын сан түрлі үйірмелермен қамтыған. Сосын барып «Нұршуақ» тігін шеберханасын ашқан. Бүгінде шеберханада 4 адам жұмыс істейді. Әлі 40 адам жұмысқа қабылданбақ. Олар әртүрлі дизайнда құрақ көрпелер, сыпыралар, төсекорын жабдықтарын, сөмкелер, балабақша жаялықтарын, той қоржындарын тігеді.
Жұбайы Жазира Алашбаева да – кәсіпкер. Екеуі бірлесіп кәсіптерін дөңгелетіп отыр.
«АҒАШПЕН ЖҰМЫС ІСТЕГЕНДІ ҰНАТАМЫН»
Байзақ ауданының Мәдімар ауылының тумасы Жамбыл Тілешовтың бұл алғашқы кәсібі. Ағаш ұстасы Жамбыл Төленұлы жастайынан ағаштан тұрмысқа керекті бұйымдарды жасайды. Есік пен терезе, киіз үй жабдықтары, саты, сандық, жиһаз жасау да қолынан келеді. Ағашты жонып, кесіп, қалыпқа келтіріп, сырлап, сұраған затыңызды жасап береді. 2023 жылдың қазан айында өз ісіне сенген ол 4 миллиондай несие алып, «Ауыл аманаты» арқылы тірлігін тиянақтап отыр. «Нұрали» жекеменшік кәсіпкерлігін ашып, халықтың сұранысына жауап беріп отыр.
Ісін енді бастаған кәсіпкердің алты баласы бар. Жұбайы Шынар Омарбекова – тәрбиеші. Бүгінде декреттік демалыста. Ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру – мемлекет дамуының кепілі. «Ауыл аманаты» жобасы әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, әр облыста іске асырылуда. Табысты жетістіктерін бөлісу және бағдарламаны жүзеге асырудың тиімді жағдайын кеңінен тарату маңызды. Осы себепті біздер бағдарламаның шарапатын көріп отырған жандарды іздестіріп, жазу үстіндеміз.
ЖУАЛЫ АУДАНЫНАН КӨЛІК ЖУУ ЦЕХЫ АШЫЛДЫ
Бүгінде қарапайым халықтың сұранысын өтеуге қажетті кәсіп жетерлік. Тек ерінбей еңбектене білсе болғаны. Оны біз күнделікті өмірден көріп жүрміз. Талаптанып, қолынан келер іспен шұғылданғысы келетін адамға Үкімет тарапынан қолдау көп. Көлбастау ауылының тұрғыны Зауытбай Тажетдинов әу бастан көлік жөндейтін. Оның есімі жуалылықтарға жақсы таныс. «Моторист Зауытбай», «мәшинист Зауытбай», «механик Зауытбай» аталып кеткелі 15 жыл. Былтыр бағдарлама аясында 8 миллион теңгелей несие алып,өз үйінің ауласынан «Нұрдәулет» автокөліктер жөндеу орталығын ашқан. Өзінің айтуынша, күн сайын үйінен көлік үзілмейді. Кемі 3 көлікті күн сайын жөндейді.
Әлеуметтік желі ақтарып, бос отыруға уақыты жоқ Зауытбай Тажетдинов сөзге де жоқ екен. Бес баланың әкесі азаннан кешке дейін көлік жөндейтінін, әңгіме-дүкен құруға уақыты да, қолы да бос емес екендігін жеткізді. Техника болған соң бұзылмай тұрмайды. Демек, жөндету орындарына сұраныс көп. Көптеген көлік иелері Зауытбек шебердің айтқанындай жүргізгені болмаса, жөндеу жағынан мақұрым. Сондықтан бұзылған жағдайда кәсіби шеберлерге күні түседі. Клиент үзілмейтіні де сондықтан. Тіпті айлап, апталап кезекке жазылып келетіндер де бар екен. Еңбек ептілікті сүйеді. Бұған қарап өңірімізде еңбекқор жандар көптігіне сүйсіндік. Қарапайым еңбек адамы кішкентай ауылда отырып-ақ өз ісін өркендетіп отыр.
Байқағанымыздай шебердің мақсаты айқын. Кәсібін кеңейтіп, келешекте компьютерлік диагностикасы мен геометриясы бар орталыққа айналу. Автокөлік жөндеуде сапалы қызмет етіп отырған жуалылық кәсіпкердің сервистік қызметіне тұрғындар тарапынан сұраныс жоғары екенін білдік.
Биыл барлық өңірлерде жаппай, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту жөнінде жоспарлар әзірленген. Бұл жоспарларда нақты іс-шаралар кешені көзделген. Осындай шаралардың негізінде өңірлерде шағын және орта бизнесті дамытудың кешенді және жүйелі ұстанымын қалыптастыруға, кәсіпкерліктің рөлі мен мүмкіндіктерін арттыруға, жергілікті және орталық бастамаларды үйлестіруге жағдайлар жасалады. Сондай-ақ өңірлерде іскерлік ортаны жақсарту үшін арнайы сыйлықақы тағайындалып, бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша өңірлер мен қалалар рейтингін өткізу көзделген. Бұл өңірлерге бизнесті дамыту саласындағы әлсіз тұстарын анықтауға, екінші жағынан, іскерлік жағдайды жақсарту бойынша жұмысты жүйелеуге мүмкіндік береді. Осылайша, қолайлы іскерлік жағдайды қалыптастыру жергілікті атқарушы органдардың қызметі тиімділігінің маңызды көрсеткіштерінің бірі болып табылады.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА