Әлеумет

Балаларға арналған бақыт мекені

Қаламыздағы ең үлкен «Март» сауда үйінің үшінші қабатында «Beybee sand» ойын алаңы бар. Ашылғанына екі жыл болған. Сәбилерге арналған ойын алаңы ерекше жабдықталған. Кіріп барғаннан-ақ көздің жауын алады. Үлкенді-кішілі түрлі ойыншықтар бар, қиыршық құм төселген.

Кәсіпті нәсіп еткен жас ерлі-зайыпты кәсіпкерлер Алуа Жібеш пен Алманияз Қоқанов. Алуа – «Шолпы» сән салонында бет әрлеуші, ал жұбайы Алманияз – эколог. Ойын алаңын ашу идеясы бірінші Алуаға келген. Жас жұбайлардың бұл бірінші кәсібі емес. Бастапқыда олар «Жеңіс» саябағынан «Хватайка» деген құрылғы ашқан. Осы құрылғы үшін олар шағын грант алған. Бұл құрылғы тек маусымдық кездерде ғана табыс әкеледі екен. Ал мына ойын алаңында тұрақты екі адамды жұмыспен қамтып отыр.

Ойын алаңы бүгінде кішкентайлардың арнайы іздеп баратын мекеніне арналған. Кіру бағасы жарты сағатына 1500 теңге. Аптасына екі рет құмды дезинфекциялап тұрады екен. Күн сайын тазалық жұмыстары жүргізіледі деп отыр. Ойын алаңы әзірше қалада бір ғана жерде. Болашақта бірнеше орыннан ашуды көздеуде. Бала – періште. Бұл орынды бейкүнә сәбилердің бақыт мекені десе де болады. Әр келген бала қуанып қайтатын орын.

Сонымен қатар мұнда түрлі ел көрмеген тәттілер де сатылуда. Аптаның бес күнінде бала саны аздау болса, сенбі-жексенбі күндері мұнда балақайлардан орын босамайды екен. Кәсіп – өз иесіне қуаныш пен құт әкелсе еңбектің ақталғаны емес пе? Оның үстіне бұл іс балаға қатысты болғандықтан жаупкершілік те мол. Әр ананың сәл болса да қолы босап ойын алаңына баласын уайымсыз қалдыруына да болады.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА