Мұғалімдерге ЖИ-ді тиімді пайдалану жолдары түсіндірілді
«Келешек – Тараз» ғылыми интеллектуалдық мектеп-лицейінде «Жасанды интеллект – бастауыш сынып мұғалімінің цифрлық серіктесі» тақырыбында қалалық семинар өткізілді. Жиынға келген мұғалімдерді домбыра үйірмесінің жетекшісі мен шәкірттері әуезді күйлермен қарсы алды. Білім алушылардың қолөнер туындылары, робототехника үйірмесінің жетістіктерін, «Гидропоника және микрожасыл» жобасының өскіндері қойылған көрмені тамашалаған педагогтер оқушылармен өтетін семинар жұмыстарына қатысты.
Мұғалімдерді жасанды интеллект мүмкіндіктерімен таныстыру, сабақта оны тиімді қолданудың жолдарын үйрету, цифрлық құзыреттілікті арттыруды мақсат еткен семинар бағдарламасы 4 ашық сабақ, 2 шебер-сабақ және сыныптан тыс іс-шарамен жүргізілді. Атап айтсақ, 1 «Ә» сыныбымен математика пәнінен «Шамаларды өлшеу» тақырыбында педагог-шебер санатындағы ұстаз Ақмарал Нартова, 2 «Ә» сыныбымен әдебиеттік оқу пәнінен «Тұсаукесер жыры» тақырыбында педагог-модератор санатындағы Нағима Абекова, 3 «Б» сыныбымен жаратылыстану пәнінен «Ғарыш қалай игерілді?» бойынша педагог-модератор санатындағы Аружан Бауыржан, 4 «Б» сыныбымен қазақ тілі пәнінен «Зат есімнің жіктелуі» бойынша педагог-модератор санатындағы Айгүл Мұратбекова ашық сабақ өткізді.
«Бастауыш сынып білім берудегі жасанды интеллект мүмкіндіктері» деген атаумен педагог-модератор санатындағы мұғалімдер Жанар Сабеева мен Ардана Әшімхан, «Жасанды интеллект құралдары – бастауыш сынып мұғалімінің көмекшісі» т ақырыбында педагог-модератор с анатындағы педагогтер Фарида Сәрсенбиева мен Балайым Ерланова шебер-сабақтарын көрсетті. Шетел тілдері бірлестігі 4-сыныптар арасында «Young Wizards of English» тақырыбындағы сыныптан тыс іс-шара ұйымдастырды.
Семинарға Тараз қалалық білім бөліміне қарасты мектептерден 54 бастауыш сынып мұғалімі қатысты. Озық тәжірибе, тиімді тәсілдер таратылған семинар жұмысы қатысушылардың көңілінен шыққаны олардың белсенділігінен, ризашылық білдірген алғыстарынан көрінді. Айта кетелік, «Келешек – Тараз» ғылыми интеллектуалдық мектеп-лицейі 2020-2021 оқу жылында бастауыш сынып мектебі ретінде негізі қаланған.
2021- 2022 оқу жылындан бастап негізгі орта білім беретін, ал 2022-2023 оқу жылында білім беретін мектеп ретінде жұмыс істеп отыр. 2022-2023 оқу жылында 6 білім алушы, 2023-2024 оқу жылында 3 білім алушы, 2024-2025 оқу жылында 12 білім алушы «Алтын белгі» иегері атанған. Мектеп-лицей қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі спорттық жарыстардан жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Сонымен қатар пәнаралық олимпиададан жылына 30-дан астам білім алушылары жүлделі орындардан көрініп жүр. Бүгінде мектеп-лицейде 67 ұстаз 933 білім алушыға білім-тәрбие беріп отыр.
Қамар ҚАРАСАЕВА