Бала тәрбиесі – ортақ жауапкершілік
Оқушылар сарайында «Бала тәрбиесі – ортақ жауапкершілік: отбасы, мектеп, қоғам» атты облыстық ата-аналар форумы өтті. Оған облысымыздағы мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшылары, мектеп және колледж директорлары, білім беру ұйымдарының ата-аналар комитеттері шақырылған. Сонымен қатар Парламент Мәжілісінің депутаттары Әбутәліп Мүтәлі мен Мұқаш Ескендіров, облыс әкімінің орынбасары Серік Cәлемов, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкілі Еркін Қуанышев, облыс прокурорының кәмелетке толмағандар істері бойынша аға көмекшісі Данияр Кемелхан, облыстық Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Манас Абдикаримов, облыстық ата-аналар кеңесінің төрайымы Назима Жұбандықова қатысты.
Форум жұмысы «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында әзірленген бейнероликті көрсетумен басталды. Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов тәжірибе алмасатын, өзекті мәселелерге шешім іздейтін алаң болар форумның маңыздылығына тоқталды.
Бала тәрбиесі және ел ішінде заң мен тәртіпті сақтаудың мәні турасында өзге де форумға қатысушылар пікірлерін айтып, ортақ мәселені талқылады. Форум барысында көтерілген мәселелер, ұсынылған идеялар мен тәжірибе алмасу нәтижелері облысымыздағы балалардың жан-жақты дамуына, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруіне, қауіпсіз әрі қолайлы ортада тәрбиеленуіне жаңа серпін берері анық.
Қамар ҚАРАСАЕВА