Тұрғындар ел болашағына бейжай қарамайды
Жұмыс сапарым аясында Шу ауданында бірқатар маңызды кездесулер өткіздім. Алдымен «Шу пайдалану локомотив депосының» еңбек ұжымымен кездестім. Бұл – Қазақстандағы ең алғашқы деполардың бірі, бүгінде мұнда 1500-ге жуық қызметкер еңбек етеді. Кездесуге 300-ден астам адам жиналып, жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және еңбек адамдарының құқықтарын қорғау мәселелері кеңінен талқыланды.
Одан кейін «Қосқұдық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің» ұжымымен кездесу өтті. Жиынға 100-ден астам қызметкер қатысып, табиғатты қорғау, экологиялық қауіпсіздік және мемлекеттік саясаттың тұрақтылығы жөнінде мазмұнды пікір алмасу болды. Сондай-ақ Жаңа жол ауылында тұрғындармен кездесу ұйымдастырылып, оған 100-ге жуық ауыл тұрғыны қатысты.
Ашық форматтағы диалог барысында ауылдың әлеуметтік мәселелері, ел дамуының басым бағыттары және конституциялық реформалардың маңызы талқыланды. Төртінші кездесуім Төле би ауылындағы аудандық мәслихат ғимаратында өтіп, 70-ке жуық азаматтармен жүздестім. Еңбек ардагерлері, фермерлер және еңбек ұжымдары өкілдері қатысты.
Кездесу барысында конституциялық реформалардың елдің тұрақты дамуына, әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға және ауыл шаруашылығы саласын қолдауға ықпалы жөнінде кеңінен пікір алмастық.
Жалпы, кездесулер ашық диалог форматында өтіп, азаматтар тарапынан тіл, азаматтық, жер қойнауындағы байлықтар, Президенттің өкілеттілігі, дін мәселелері және қазіргі таңда түрлі теріс ағымдардың жастар санасына ықпалы жөнінде өзекті сұрақтар қойылды. Барлық сауалдарға нақты әрі тиянақты жауап беріп, Конституциялық реформалардың басты мақсаты–ұлттық құндылықтарды сақтау, мемлекеттілікті нығайту және қоғам тұрақтылығын қамтамасыз ету екенін атап өттім.
Тұрғындар ел болашағына бейжай қарамай, конституциялық өзгерістердің маңыздылығын қолдайтындарын білдірді. Халықтың белсенділігі мен саналы көзқарасы – Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстанды қалыптастыру жолындағы маңызды тірек.
Жигули ДАЙРАБАЕВ
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты