Отбасылық-тұрмыстық жанжал: қылмыс саны 50 пайызға төмендеген
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес – егемен еліміздің мызғымас ұстанымы. Мәселен, біздің елде кейінгі жылдары әйелдер мен балалардың құқығын қорғаудың озық заңнамалары мен тиімді жүйесі қалыптасып үлгерді. Әрине, бұл – мемлекет тарапынан іске асып жатқан нақты шаралардың нәтижесі. Шын мәнінде, отбасылық-тұрмыстық зорлықзомбылық фактілерін болдырмауда барша қоғам мүшелері күш біріктіруі тиіс. Қасиетті жұма күні Баласағұн орталық концерт залында ұйымдастырылған «Зорлық-зомбылықсыз жанұя» атты республикалық форумның мақсаты да осыған саяды. «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында өткен ісшараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, депутаттар, ата-аналар, оқушылар және полицейлер мен қоғамдық бірлестік өкілдері қатысты.
Жиын барысында қоғам ізгілігінің өлшемі, өркениеттің нышаны – қамқорлық пен құрметтен бастау алатыны жөнінде кеңінен сөз болды. Өкінішке қарай, сіз бен біз өмір сүретін бүгінгі дәуірде әлімжеттіктің тақсыретін тартып келе жатқандар жетіп артылады. «Өз үйіңнен жау шықса, қашатын жер табылмас» дегендей, тағдырдың азабын өзгелерден емес, өз жақыныңнан көруден асқан қасірет жоқ-ау, сірә. Форумның ашылу салтанатында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өңірде отбасы институтын нығайту, тұрмыстық зорлықзомбылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Сондай-ақ аймақ басшысы көпшілікке Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаеваның құттықтау хатын оқып берді. Облыс әкімінің айтуынша, аймақта «дағдарысты» және «аса күрделі» санатқа жататын отбасылар саны 92 мыңға жетіп отыр. Демек, аталған деректер бізге әлеуметтік саясатты одан әрі жетілдірудің маңыздылығын нақты көрсетеді.
Бұдан кейін Парламент Мәжілісінің депутаттары Мұқаш Ескендіров пен Мүтәлі Әбутәліп сөз алып, заңнамаға өзгерістер енгізілгеннен кейін отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары құзырлы мекемелерге жиі жүгіне бастағанын атап өтті.
Ал Ішкі істер министрлігіне бағынысты әкімшілік полиция комитетінің төрағасы, полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов тұрмыстық зорлықзомбылыққа қарсы күрестегі ішкі істер органдарының рөлі мен қабылданып жатқан нақты шаралар жөнінде ақпарат берді. Сөзінше, профилактикалық есепке алу және дағдарыс орталықтарымен бірлескен жұмысты күшейтудің маңызы зор.
Өз кезегінде облыстық полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаев тұрмыстық зорлықзомбылықтың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының емес, қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Сондай-ақ ол басты назар – алдын алу шараларына бағытталғанын, жүйелі түрде жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде 2026 жылдың алғашқы айында облыс аумағында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған қылмыстардың саны 50 пайызға төмендегенін мәлімдеді. Сондай-ақ форумда «Intellect7G – эксперттер мен кеңесшілер қоғамы» республикалық қоғам бірле стігінің президенті Маржан Еликулова «Шайқалмаған шаңырақ» бағдарламасын таныстырды. Бағдарлама заман үрдісіне сай ұлттық құндылықтар аясында тұрақты, институционалды жетік отбасының моделін қалыптастыруға бағытталған.
Мұнан соң Тараз қалалық Отбасын қолдау орталығының басшысы Эльмира МырзаҒали өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтау және әлеуметтік сүйемелдеу жүйесінің тиімді тетіктері туралы баяндады. Іс-шарада театр әртістерімен сахналанған әлеуметтік қойылым қатысушыларға ерекше әс ер қа лдырды. Жиын соңында қатысушылар отбасындағы зорлықзомбылыққа қарсы әрекет ету шараларын күшейтуде тәжірибе алмасуды тоқтатпай, бірлесе жұмыс істей беруге дайын екенін білдірді.
Есен ӨТЕУЛІ