Білім

Жаңа кітап таныстырылды

Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінде Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Мәдениет саласының үздігі, Тараз қаласының құрметті азаматы, білім беру саласының ардагері Әуесбай Бақбергенұлы туралы «Бақ берген әулет» кітабының таныстырылымы өтті. Жаңа жинақтың таныстырылымына колледж ұстаздары мен ардагерлері, білім алушы студенттер қатысты.

Ұлағатты ұстаз, өнер қайраткерінің ғибратты ғұмыры арқылы замана тынысы әріптес достар, ағайын-туыстың естелігі топтастырылған жаңа жинақ адамгершілік қасиеттерді дәріптейді. Естелік авторлары ізгілік, игілік, адалдық, ар тазалығы, имандылық сынды адамзатқа ортақ құндылықтарды ұстаздың бойынан көргендерін айта келе, оның адами қарым-қатынастағы маңызын көпке үлгі еткен.

Өскемен педагогикалық институтынан «Ән-күй пәнінің оқытушысы» маман­дығын меңгерген Әуесбай Бақбергенұлының дәрісін тыңдап, тәрбиесін алған шәкірттерінің арасында көпшілікті талантымен тәнті етіп, танылған өнерпаздар бар.  Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық ән байқауының дипломанттары Светлана Байқұлақова, Назкен Қошқарбаева, «Жас қанат» республикалық жас орындаушылар байқауының дипло­манты, Мальта мемлекетіндегі халық­аралық ән фестивалі лауреаты, эстрада әншісі Тахмина Әшімбекова, Кенен Әзірбаев атындағы филармония директорының орынбасары, Мәдениет саласының үздігі Жандос Омаров және тағы басқа шәкірттерінің шоқтығы биік.

Жаңа жинақтың таныстырылымында ұлағатты ұстаздың әріптестері, достары жылы лебіздерін білдірді.


Қамар Қарасаева