Жазасын өтеуші азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі қаралды
Бүгін Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №59 мекемесінде жеке кәсіпкерлер мен мемлекеттік орган өкілдерінің қатысуымен жұмыс кеңесі өтті.
Кездесуді ҚР Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру басқармасының аға инспекторы, әділет подполковнигі Ерболат Сулейманов жүргізді.
Кездесуге Жамбыл облысының аға прокуроры Асылжан Пешеков және “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығының жауынгерлік қызмет басқармасының аға офицері Төлеген Саутбеков те қатысты.
Айта кетейік, іс-шараның негізгі мақсаты – сотталғандарды еңбекпен қамту бағытындағы ынтымақтастықты дамыту, қолданыстағы заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және өндірістік қызметті жетілдіру мәселелерін талқылау.
Кездесу барысында жеке кәсіпкерлермен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың нәтижелері сараланып, сотталғандарды ақылы еңбекке тарту көрсеткішін арттыру жолдары қарастырылды. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің өндірістік материалдары мен дайын өнімдерін тасымалдауды ұйымдастыру тәртібі, оның мерзімі мен көлемін нақтылау мәселелері талқыланды.
Тараптар өзара әріптестікті одан әрі нығайтуға және сотталғандарды жұмыспен қамту аясын кеңейтуге бағытталған нақты келісімдерге келді. Мекеме басшылығы мұндай кездесулер сотталғандарды әлеуметтік бейімдеу мен олардың еңбек дағдыларын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.