Әдебиет

«Ауырмайды жүрек» туындысының тұсауы кесілді

Шоқан Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында қаламы жүйрік ақын, Кеден саласының үздігі, Талас ауданының Құрметті азаматы Олжас Отардың «Ауырмайды жүрек» атты жаңа кітабының салтанатты тұсаукесері өтті.

Құрметті азаматы, «Ерен еңбегі» медалінің иегері Сұлушаш Құрманбекова ашып, жылы лебізін білдірді. Кітапхана қызметкері Алтынай Әбдірайымова «Ауырмайды жүрек» әнін керемет шабытпен шырқады. Кеште Мәдениет саласының үздігі, облыстық «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер орталығы» мекемесінің директоры Ахметжан Өзбеков те тереңнен ой толғады.

Кеш барысында белгілі айтыс ақыны Ербол Қамбатыр, Мәдениет қайраткері Айгүл Қабиева өз ойларын ортаға салды. Кеш иесі Олжас Отар да елдің алдына шығып, кітаптың жазылу барысын кеңінен әңгімеледі. Іс шараның жоғары деңгейде өтуіне ақын, «AulieataMedia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас директорының орынбасары Азамат Есалының қосқан үлесі қомақты.

Іс-шара барысында «Ауырмайды жүрек» кітабының тұсауын Сұлушаш Құрманбекова мен Ербол Қамбатыр кесті. Әдеби кеш аясында Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармониясының әншісі, «Ерен еңбегі» медалінің иегері Мадина Сағымбекова Олжас Отардың «Ағайын» әнін көпшілікке тарту етті. Жиынды кітапхана директоры, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Эльмира Абдинова қорытындылап, қонақтарға алғысын білдірді.

 

Есет ДОСАЛЫ