Жаңалықтар

Балаларға күлкі мен ой сыйлаған қаламгер

Балалар тақырыбында қалам тербеп жүрген қаламгерлердің бірі – Бақытжан Әлімқұлов. Оның «Күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл», «Мен де бірдеңе дейінші...», «Ерін туралы ертегі», «Бұл мен ғой» атты сатиралық жинақтары мен «Қоянның құлағы неге ұзын, құйрығы неге қысқа» атты балаларға арналған кітаптары оқырманға жақсы таныс.

Бүгінде әкесі, балалар жазушысы Совет Әлімқұловтың жолын жалғастырып келе жатқан Бақытжан 60 деген жасты бағындырып отыр. Осыған орай Д.А.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы мен №63 орта мектептің бірлесіп ұйымдастыруымен аталмыш білім ордасының мәжіліс залында «Балаларға күлкі мен ой сыйлаған қаламгер» тақырыбында әдеби кеш өтті. Жиынға мерейтой иесімен бірге балалар жазушысы Марат Құлибайұлы мен айтыскер ақын, журналист Есет Досалы қатысты. Олар қаламдас ағасы Жамбыл радиосының жетекшісі, Ақпарат саласының үздігі, сатирик, балалар жазушысы Бақытжан Әлімқұловқа өздерінің ізгі тілектерін жеткізіп, балаларды кітап оқуға шақырды. №63 орта мектептің 5-6-сынып оқушылары әдеби кеште белсенділік танытып, автордың шығармаларын мәнерлеп жатқа оқыды.

Оқушылар жазушының «Хайп пен лайк» сатиралық жинағынан «Үш тілділік», «Болашақ бала» және «Бүркіт пен шымшық» өлеңдерінің желісі бойынша сахналық қойылым көрсетіп, мазмұнын аша түскен еді. Сондай-ақ қаламгердің балаларға арналған «Қоянның құлағы неге ұзын, құйрығы неге қысқа» атты туындысы бойынша көрсетілген көрініс те балалардың көңілінен шықты. Оқушылардың белсенділігін арттырған қаламгердің жұмбақтары болды. Тәртіп бойынша оқушылар жасырылған жұмбақтың шешуін еденде шашылған кубиктерге жапсырылған әріптердің басын құрап табу керек болатын. Бұл ойын осы ісшараның ұйымдастырушылары мен жүргізушілері Анар Дүйсенова, Ақнұр Әбдірахманова мен мектеп кітапханашысы Дина Қартабаеваның бастамасымен қызықты өрбіді. Оған балалармен бірге кеш иесі Бақытжан Әлімқұлов пен ақын Есет Досалы да араласып кетті. Олар да балалармен бірге жұмбақтың шешімін табу үшін кубиктерді бірлесе жинауға қатысты.

Осыдан кейін кітапханашы Ақжан Бисетаева «Балаларға базарлық» атты кітап көрмесімен таныстырды. Ал қаламгер Бақытжан Советұлы кеш барысында өз өлеңдерін оқып, іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып, алғысын білдірді.

Келесі кезекте қаламгер оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, оларды кітап оқуға, жақсы білім алуға шақырды.

Әдеби кешті Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры Гульфайруз Инкарбекова мен Медет Жантелиев қорытындылап, іс-шараға белсене қатысқан оқушыларды Алғыс хаттармен марапаттады.

 

Диас МАРАТҰЛЫ

Тараз қаласы