Әлеумет

Әр шаңыраққа қуаныш сыйлайды

Қоғамда әр саланың өзіндік қиыншылықтары мен жауапкершілігі болады. Негізі әр мамандықты, әр жұмысты, әр саланы құрметтей білу керек. «Еңбек ер атандырады» деген, қай салада жұмыс істеп жүрсе де тынымсыз еңбегінің арқасында елдің алғысын алып жүрген жандар көп.

Осындай елдің ыстық ықыласына бөленіп жүрген берекелі ұжымның бірі – Меркі аудандық газ шаруашылығы мекеме сі. Соңғы жылдары Меркі ауданы қарқынды дамып келеді. Соның бір көрінісі – ауыл-ауылдарға дейін газ құбырлары тартылып, көгілдір отынның жеткізілуі. Міне, жоғарыда айтқан газ шаруашылығы мекемесі жылдың төрт мезгілінде де халыққа табиғи газды тоқтаусыз жеткізіп отыр. Бұл өте үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс.

Мекеменің қызметкерлері күннің қатты аязы мен аптап ыстығына, тәуліктің кез келген уақыты мен мереке күндеріне қарамастан әрбір шаңырақта көгілдір отынның жалындап тұруына бар күш-жігерлерін салады. Сонымен қатар апаттық жағдайларда өз өмірлерін қауіпке тіге отырып, өзгенің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сондықтан аудан тұрғындарының аудандық газ мекеме сінің басшысы Мұқағали Сәкенұлы Миятбекке, инженер Шыңғыс Тәуірбекұлы Әшімге, шебер Ермек Исмайылұлы Қарғабековке, техник Шавкат Махамаджанұлы Ахмеджановқа және осы ұжымдағы отыз үш жұмысшыға айтар алғысы көп.

Үйдегі пеште от жанып, ас пісіп, жылу тарап жатса, отбасында да қуаныш, шаттық болады. Яғни, газ саласы мекемесі жұмысшылары әр шаңыраққа қуаныш сыйлайды. Лайым, еңбектері жемісті бола берсін.

 

Әшен ҚЫРҒАБАҚҰЛЫ

еңбек ардагері.

Меркі ауданы