Әлеумет

«Жамбыл-Тараз» газетінің отызыншы белесі

Газет – қоғамдық ойдың қозғаушы күші. Баспасөздің үні арқылы халықтың көкейіндегі өзекті мәселелер көтеріледі. Бұл күнде қалың оқырманның сүйікті үнпарағына айналған Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің алғашқы нөмірі жарық көргеніне – 30 жыл. Газет 1996 жылдың 16 ақпанынан сол кездегі қала әкімі Болат Жылқышиевтің қолдауымен жарық көре бастаған екен.

Газеттің 30 жылдық тойы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің журналистика мамандығында оқитын студенттердің редакция жұмысымен танысуға келуімен басталды. Болашақ журналистерді басылымның тыныстіршілігімен газеттің құрылтайшысы Дәулет Төленді мен бас редакторы Саятхан Сатылғанов таныстырды. Шақырылған қонақтар мен студенттер алдында аталған университеттің кафедра меңгерушісі Гүлзинат Қарымбаева, аға оқытушылар Бақытжан Мақашев, Зәуре Сағыбай және Ақпарат саласының үздігі, аталған газеттің ардагері Ерман Әбдиев сөз сөйлеп естеліктерімен бөлісті.

Мұнан соң мерекелік жиын Шоқан Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында жалғасты. Басқосуда облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің құттықтау хатын белгілі ақын, облыс әкімінің кеңесшісі Хамит Есаман оқып берді.

«Құрметті «Jambyl-Taraz» газетінің ұжымы! Сіздерді тарих пен шежіреге толы «JambylTaraz» газетінің 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! Дәуірмен үндесіп, қоғаммен бірге өсіп-өркендеген бұл басылым – қазақ баспасөзінің киелі қара шаңырақтарының бірі. Отыз жыл ішінде газет өзінің айқын бағыты мен бай мазмұны арқылы өңір өмірінің шежіресіне айналып, ақпарат кеңістігінде лайықты орнын таба білді.

Сонымен қатар Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова қала әкімі Бақытжан Орынбековтың құттықтауын жеткізіп, газет редакциясына қатысты қызықты естеліктерімен бөлісті. Жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Көсемәлі Сәттібайұлы басылымның 30 жылдығы республика көлемінде тойлануы керектігін айтса, белгілі журналист Жасұлан Әбдіхалық әр саланы терең зерттеп жазатын журналистер қалыптасуы керектігіне ел назарын аударды.

«АULIEATAMEDIA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Данияр Асқарұлының кесеккесек ойлары көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Газетте 15 жыл бас редактор болған Эльмира Мырза-Ғалидың естеліктері ерекше сәтті шықса, облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Бекнұр Сатыбалдиев те басылымда еңбек еткен жылдардағы қызықтарымен бөлісті.

Жиынды газеттің бас директоры Дәулет Төленді қорытындылап, басылымның 30 жылдық үлкен тойы алдағы сәуір айында өтетінін, 30 жылдыққа 30 іс-шара өткізу көзделгенін айтып, қонақтарға алғыс білдірді.

 

Есет ДОСАЛЫ