Саясат

Тайқазан – татулық пен тұрақтылық символы

Тайқазан – татулық пен тұрақтылық символы

17Кеше ғана туын көтерген Ассамблея жылы аясында еліміздің әр өңірінде тойды-тойға ұластыратын көптеген шаралар ұйымдастырылуда. Соның бірі түбі бір түркі жұртының рухани астанасы саналған Түркістан қаласында «Тайқазан – мейірімді іс символы» деген атпен өтті. «Қазақстан халқы Ассамблеясы – 20 мейірімді іс» республикалық эстафетасының бас символы болған тайқазанды ұлықтау рәсіміне жиналған зиялы қауым өкілдері депутаттар мен этномәдени орталық басшылары мен қарапайым жұрт елімізде ынтымақ пен бірлік болсын деп тіледі. Бұрыннан бірлігі мен ынтымағы жарасқан оңтүстіктің халқы Ясауи кесенесінің алдында өткен сахналық қойылымдар арқылы елді басқарған Абылай хан мен билердің ауызбірлікті ұлықтаған өнегелі өмірінен тағылым алып, өңірді мекендеген жүздеген этномәдени орталық өкілдерінің шат-шадыманға толы салтанатын тамашалады.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде орнатылған тайқазанның символикалық үлгісін ортаға алып шығу рәсімі де театрландырылған қойылыммен басталды. Одан кейін өңірдің ақсақалдары «Қазақстан халқы Ассамблеясы – 20 мейірімді іс» республикалық эстафетасының бас символының жолына сәттілік тілеп, ақ баталарын берді. Ақ батадан соң киелі Түркістандағы тайқазанның үлгісі Астанаға жол тартты. Республикалық эстафетаның бас символы болған тайқазан үлгісі Астанадан бастап облысымыздың барлық өңірлерін аралап шығады. Шара аясында көмекке мұқтаж жандарға, оның ішінде балалар үйіне, қарттарға, ардагерлерге және көп балалы отбасыларына қолдау көрсетіліп, көптеген қайырымды істер атқарылады, ұлттың бірлігі ұлықталады. Ассамблеяны ұлт бірлігінің ұлағатты отауы деп білетін оңтүстік жұрты тайқазанның сол бірлікті одан әрі қарай нығайтатынына сенім білдірді. Тайқазанның айналасында ел тарихында орын алған оқиғалар мен ішкі бірлікті сақтауға қатысты шешімдер қабылданған. «Тайқазан – Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы аясындағы республикалық эстафетаның бас белгісі ретінде жайдан-жай таңдалып алынған жоқ. Ол ежелден халықты тоқшылық, қайырымдылық және татулыққа бастаған. Енді, міне, еліміздегі бірлік пен мейірімді істің шарапатына да қызмет етпекші. Жиырма мейірімді іс еліміздің әрбір өңірінде көмекке мұқтаж жандар үшін шын жүректен жасалады», – дейді ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығы секторының меңгерушісі Назипа Шанаи. Ізгі істерге толы шара Астанадан басталып, елордада қорытындыланады. Жұртты бірлікке шақырған тайқазан сәуірде өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясында Елбасына тапсырылмақ.

Фариза ӘБДІКЕРІМОВА,  «Ақ жол».