Жаңалықтар

Кедергісіз орта қалыптастыра аламыз ба?

Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау – әрбіріміздің міндетіміз. Оларға ыңғайлы орта құру – жекеменшік сауда орындарына да, дәріханаларға да, жалпы мемлекеттік емес ұйымдарға қатысты. Осыған орай «Amanat» партиясы Жамбыл облыстық филиалының «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында облыстық және қалалық мәслихаттарың депутаттары мен жергілікті атқарушы орган өкілдері зерделеу жұмыстарын жүргізді.

Бүкіл әлемде мүмкіндігі шектеулі жандар күні атап өтіледі. Бүгінде Жамбыл облысында ерекше қажеттіліктері бар 45 682 мыңнан астам адам тұрады. Кеше арнайы құрылған топ мүшелері БАҚ өкілдерімен бірге «Фиркан 24», «Дәмді себет» азық-түлік дүкендер желісін, «Садыхан» дәріханасын және «Форте Банк», «Каспи Банк» ғимараттарын аралап, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жасалған жағдайларды көрді. Бірақ көзбен көргендері көңілден шықпады. Себебі инво такси секілді көлік қоятын тұрақ та жоқ, кіре беріс те пандус та жоқ. Сыртқы есік те, әжетхана да ерекше қажеттілігі бар жандардың жүріп тұруына бейімделмеген. Дүкендердің ішінде кассаларда, сөрелердің маңында арнайы белгілер жоқ.

«Алатау» мөлтекауданында орналасқан «Береке банктің» ғана пандустары, арбамен жүру жолағы, шақыру белгісі, касса алдындағы орын, тіпті арнайы мүгедек жандарға арналған әжетханасы да бар болып шықты. Байқағанымыздай үлкен сауда орындары алдындағы пандус, көлік тұрағы мәселелері шешілмеген. Көбісі талапқа сай емес. Дүкен басшыларына заң бойынша жасалуы тиіс шаралар түсіндірілді.

Егемендік алғалы бері елімізде ерекше қажет тіліктері бар адамдардың құқықтарын қорғау, өмір сүру сапасын арттыру және олардың қоғамға толық интеграциялануы жөніндегі саясат жүзеге асырылуда. Айтылған сын, ескерпе, кеңестер алдағы уақытта ескеріледі деген сенімдеміз.

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА