Экономика

Жылыжай мен қойманың көмегі көп

Жамбыл ауданында өткен жылдың ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 56 миллиард 584 миллион теңгені құрады. Мұның 36 миллиард 893 миллион теңгесі өсімдік, 19 миллиард 285 миллион теңгесі мал шаруашылығына тиесілі. Бүгінде ауданда 2599 агроқұрылымдар жұмыс жүргізуде, оның екеуі өндірістік кооператив, 33-і ауыл шаруашылығы кооперативі және 2564 шаруа қожалығы.

Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, өткен жылы 51933 гектар алқапқа ақ егіс және басқа да дақылдар себілген. Бұл егіс алқаптарынан мол өнім алынған. Атап айтсақ, бидайдан 5441, арпадан 14378, картоптан 6766, көкөністен 244156, майлы дақылдардан 2670 тонна өнім жиналған. Ал дәнді жүгеріден 11182, сүрлемді жүгеріден 2940, бақшада 19635, қант қызылшасынан 26972 тонна өнім жиналса, мал азығы үшін 295131 тонна жем дайындалған. Оның әрбір гектарынан жиналған өнімнің түсімі де әртүрлі.

Өткен жылдың қуаңшылыққа ұрынуына қарамастан аудан диқандары егіс алқаптарынан жақсы өнімге қол жеткізген. Мәселен, бидайдан түскен өнім гектарына 13,6, арпадан 13, картоптан 227, көкөністен 422,3, майлы дақылдардан 9,7, дәндік жүгеріден 58, сүрлемдік жүгеріден 350, қант қызылшасынан 345,8, бақшадан 276,6 центнерден айналған. Ауыл шаруашылығы техникасының жаңартылуына да өз деңгейінде көңіл бөлінуде. Осы мақсатта былтыр 103 ауыл шаруашылығы техникасы алынған. Оның 42-і трактор, бір комбайн және қалғаны ауыл шаруашылығы тіркемелері.

Ауданда табысты жүзеге асырылып жатқан жобаның бірі – «Ауыл аманаты». Жобаның бесінші бағыты, яғни жеке кәсібін ашу бойынша 56 жоба мақұлданып, 400 миллион теңге бөлінген. Бүгінгі күні ауданда 16 жылыжай бар. Оның жалпы аумағы 1,9891 гектарды құрайды. Қазіргі таңда 11 жылыжайда көкөністер бапталып, өсірілуде. Жалпы өткен жылы Тараз қаласына 14 елді мекеннің өтуіне байланысты 65 жылыжай қала аумағына өтіп кеткен. Оның жалпы аумағы – 7,181 гектар. Ал көкөніс сақтайтын қойма саны да бүгінде едәуір азайған. Бұған дейін аудан аумағында 67 қойма болған болса, сыйымдылығы 34250 тоннаны құрайтын 59 қойма Тараз қаласы аумағына өткен. Ал бүгінде ауданда сыйымдылығы 4980 тоннаны құрайтын көкөніс және жеміс сақтайтын 8 қойма жұмыс істеуде. Онда 650 тонна пияз, 160 тонна сәбіз сақталуда.

Аудан әкімінің айтуынша, аудан аумағы 419,8 мың гектарды құрайды, оның 235,9 мың гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер. Оның егістік жері 55,2 мың гектар алқап. Оның ішінде суғармалысы 28,4, суарылмайтын егістік 26,7, көп жылдық екпелер 1,2, шабындық 7,7, жайылым 170,3, бөгде жерлер 1,2 мың гектар алқапты алып жатыр. Ал елді мекеннің жері 34,9 мың гектарды құраса, өндірістік мақсаттағы жерлер 9,9 мың гектар. Орман қорының жер көлемі 125,7, су қорының жері 1,2, қосалқы жер 11,9 мың гектарды құрайды. Президент тапсырмасына сәйкес өткен жылы ауданда игерусіз жатқан 4040 гектар жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылған. Оның 257 гектары суармалы егістік жер болса, 74 гектары суарылмайтын егістік, 3620 гектары жайылым, 74 гектары шабындық және 15 гектары бөгде жерлер. Қазіргі таңда, әкімдік тарапынан бос жатқан 1323,14 гектар жер учаскелері иесіз мүлік ретінде есепке алынған.

Аудан әкімінің айтуынша, ауыл шаруашылығы саласы төрт жоба іске асырылып, 21 жаңа жұмыс орны ашылған. Соның ішінде жоғарыда айтқан Айшабибі ауылындағы сыйымдылығы 7 мың тонналық көкөніс қоймасы да бар. Мұнда сегіз адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Ал Гродиково ауылдық округінде жеке кәсіпкер Дариғаш Ақылбекова жылына 90 тонна сүт өңдеу цехының құрылысын аяқтап, сегіз адамды жұмысқа қабылдаған.

Округтегі «Карим Жансерик» шаруа қожалығы жылдық қуаты 10 тонна балық шаруашылығын іске асыру үшін бассейн құрылысын аяқтап отыр. Екі адам жұмысқа орналастырылған. «Жуманов Саламат» шаруа қожалығы жылдық қуаты 35 тонна балық шаруашылығын іске асыру үшін бассейн құрылысын аяқтап, жұмысын бастап кетті. Ауданда ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласында жүзеге асырылып жатқан басқа да жобалар бар.

 

Жамбыл ауданы

Марат ҚҰЛИБАЕВ