Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдың үлесі 99,5 пайызға жетті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында айқындап берген тапсырмалары облысымызда жүйелі жүзеге асырылып келеді. Бұл тапсырмалардың қатарында инфляция деңгейін тежеу, жаңа Салық кодексін тиімді енгізу, цифрлық мемлекет құру, инвестиция тарту, заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыру, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен қолдану және көлік-логистикасын дамыту шаралары бар.
Жалпы елімізде былтыр көлік-логистикасы саласында ауқымды жұмыстар атқарылған. Атап айтсақ, 2025 жылы Қазақстанның көлік саласы еліміздің транзиттік-логистикалық әлеуетін нығайтуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және тасымалдау тиімділігін арттыруға бағытталған жүйелі дамуды жалғастырды. Бұл бағыттар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылды. Мәселен, Қазақстан «Шығыс – Батыс», «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәліздерін және Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту арқылы Еуразия құрлық көпірінің рөлін тұрақты түрде арттыра отырып, Еуропа мен Азия арасындағы негізгі дәнекерге айналып отыр.
Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, жылжымалы құрамды жаңарту, көлікті бақылауда цифрлық шешімдерді енгізу және халықаралық бағыттар желісін кеңейту еліміздің өңірдегі негізгі транзиттік хабтарының бірі ретінде позициясын нығайтуға ықпал етті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша транзиттік тасымалдау көлемі 36,9 миллион тоннаны құрады, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткішімен салыстырғанда 6,6 пайызға артық. Ал транзит көлемінің артуы – автомобиль, теміржол, әуе және су көлігін кешенді дамытудың, сондай-ақ логистика саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған дәйекті жұмыстары өз нәтижесін берді.
Автожолдар мен жол инфрақұрылымын дамыту аясында жол құрылысы мен жөндеу жұмыстары рекордтық көрсеткішке жетіп 13 мың шақырымды қамтыды. Нәтижесінде республикалық жолдардың 94 пайызы техникалық нормативті жағдайда. Ішкі шекарадағы өткізу пункттерін модернизациялау жұмыстары жүргізілуде.
2027 жылдың соңына дейін 37 өткізу пунктін аяқтау межеленіп отыр. Жол саласын цифрландыру ісі де ерекше назарда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша e-Joldar шеңберінде жолдардың цифрлық паспорттары қалыптастырылуда, бұл жолдардың техникалық жай-күйін, қозғалыс қарқындылығын және пайдалану параметрлерін орталықтандырылған түрде есепке алуды қамтамасыз етеді. Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың айтуынша, облыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 10 мың шақырымды құрайды.
Былтыр автожол саласында 182 жоба іске асырылып, қайта жаңғырту және жөндеу жұмыстарымен 460,2 шақырым қамтылған. Нәтижесінде, жыл қорытындысымен жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдар үлесі 99,5 пайызға, ал көше-жол желісі 89 пайызға дейін жеткізілді. Тараз қаласын дамыту бойынша арнайы жоспар әзірленген. Атап айтсақ, Абай даңғылының бойында теміржол арқылы өтетін автомобиль қозғалысына арналған жол өткелі болатын көпір құрылысы жалғасуда.
Жобаны іске асыру Тараз қаласының тұрғындары үшін көлік логистикасын едәуір жақсартуға, автокөлік қозғалысының тиімділігін арттыруға және тұрғындар үшін көлік қауіпсіздігінің жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жаңа тұрғын үй алқаптарының қала орталығымен көлік байланысын қамтамасыз ету үшін 50 шақырым автомобиль жолдары салынып, ұзындығы 10,3 шақырымды құрайтын үш көше қайта жаңғыртылды, 35,3 шақырым жаяу жүргінші жолы жабдықталды, 49,6 шақырым суару арықтары жөнделіп, төселді. Соңғы екі жылда 271 заманауи автобустар сатып алынып, Тараз қалалық автокөлік паркі 82 пайызға жаңартылды. Президент тапсырмасына сәйкес жыл сайын жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып жол диагностикасы жүргізіледі. Жол төсемін сақтау үшін республика бойынша 220 автоматтандырылған өлшеу стансаларын орнату жалғасуда.
Қазіргі таңда оның 71-і іске қосылған. Бүгінде елімізде авиацияның дамуы әуе паркін жаңарту, халықаралық бағыттарды кеңейту және әуежай инфрақұрылымына инвестициялар тартумен қатар жүруде. Еліміздегі әуе кемелері паркі 109-ға жеткен, оның ішінде 8 жаңа Airbus A320 ұшағы және 4 Boeing 737 MAX 8 ұшағы бар. Өткен жылдың желтоқсан айындағы мәліметтер бойынша елімізде аптасына жалпы жиілігі 626 рейсті құрайтын 135 халықаралық бағыт бойынша 30 елмен әуе қатынасы іске қосылды. Халықаралық маршрут желісі ТМД, Еуропа, Таяу Шығыс, Азия және ОңтүстікШығыс Азия елдерін қамтиды. Сала бойынша бүгінде 25 мың адам жұмыс орындарымен қамтылды, бұл оның тұрақты жұмысын қолдауға және негізгі операциялық процестердің үздіксіз орындалуын қамтамасыз етуге көмектеседі. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының пилотсыз азаматтық авиациясын дамытудың 2025-2031 жылдарға арналған тұжырымдамасының қабылдануы маңызды қадам болды.
Сонымен қатар аз шығынды бірқатар жаңа авиакомпания ел нарығына шықты, 35-тен астам жаңа халықаралық бағыт, оның ішінде Будапешт, Шанхай, Сеул, Гуанчжоу және Мюнхенге рейстер ашылды. Теміржол және су көлігі тасымалдауының өсуі мен инфрақұрылымдық жобалар да ел экономикасына соны серпін әкелді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жүктерді теміржол көлігімен тасымалдау көлемі 320 миллион тоннаны құрады, бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,5 пайызға артық.
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2029 жылға дейін 11 мың шақырым теміржол учаскесін жөндеу қарастырылған. Бүгінгі таңда 4,4 мың шақырымнан астам жолда жұмыстар орындалды, оның ішінде 1575 шақырымы өткен жылы аяқталды. Өткен жылдың негізгі оқиғаларының қатарына ұзындығы 836 шақырым «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісінің іске қосылуы, сондай-ақ ұзындығы 323 шақырым жаңа «Қызылжар – Мойынты» желісінің құрылысының басталуы болды. 775 локомотив пен 2,7 мың фитингтік платформаны жеткізу бойынша келісімшарттарға қол қойылды.
Бүкіл ел бойынша 124 теміржол вокзалын жаңғырту басталды. Ал су көлігі де оң динамиканы көрсетті. 2025 жылы теңіз көлігімен 8 миллион тонна жүк тасымалданды, бұл 2024 жылғы көрсеткіштен 7 пайызға артық. Теңіз порттары арқылы контейнерлік тасымалдау 29 пайызға көбейді. Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша өсім 36 пайызды құрады. Ақтау портында контейнерлік хаб құрылысы аяқталды, Құрық – Баку желісіне 1 құрғақ жүк кемесі жеткізілді, 2 паром сатып алынды. Өзен көлігімен тасымалдау көлемі 1,5 миллион тоннаны құрады. Тасымалдау Ертіс, Орал – Каспий және Іле – Балқаш бассейндерінде жүзеге асырылды. Сондай-ақ 2025 жылы халықаралық автомобиль тасымалы географиясын кеңейту жұмыстары жалғасты. Қазақстанда жыл сайын шетелдік рұқсат бланкілерінің квоталарымен алмасу жүзеге асырылатын 42 елмен үкіметаралық келісімдер жасасты. Түркіменстанмен, сондай-ақ Иранмен екіжақты және транзиттік тасымалдарға рұқсат етілмеген тасымалдау жүйесі енгізілді. Түркиямен келісімге қол жеткізілді. Қазақстан Қытай аумағына транзиттік автотасымалдауды жүзеге асыру құқығын алған алғашқы ел болды.
Қытаймен және Өзбекстанмен бірлесіп, шетелдік рұқсат бланкілерімен электрондық алмасу жүйесі енгізілді, бұл барлық ШРБ-ның 65 пайызын цифрландыруға мүмкіндік берді. Цифрландыру жұмыстары Әзербайжан, Түркия және Қырғыз мемлекеттерімен жалғасуда. Нарықтың ашықтығын арттыру үшін шетелдік рұқсат бланкілерін бөлудің жаңа ережелері қабылданды, сондай-ақ жүк көлігін цифрлық өлшеуге көшу жөніндегі шаралар жүзеге асырылуда. Елде әкімшілік айыппұлдарды автоматты түрде рәсімдеу жүйесімен біріктірілген 73 автоматтандырылған өлшеу стансасы орнатылған. Бұдан бөлек, техникалық байқау операторларының қызметін ашуға рұқсат беру тәртібі енгізілді және белгіленген талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілік күшейтілді. Облысымызда осы бағыттағы жұмыстар тиісті жалғасын табуда.
Атап айтсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрлық мемлекет құру тапсырмасына да аймақта ерекше назар аударылған. Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев облыстық кеңес отырысында цифрландыру және архивтер басқармасына жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, барлық салаға цифрландыру саясатын жүйелі енгізуді, киберқауіпсіздікті күшейтуді, дербес деректердің қорғалуын қамтамасыз етуді, ақпараттық жүйелердің осал тұстарын тұрақты тексеруді тапсырғаны белгілі.
Сонымен қатар өңірдің көлік-логистика саласын дамыту әлеуеті жоғары екеніне тоқталып, транзиттік мүмкіндіктерге толық талдау жүргізу, автомобиль және теміржол инфрақұрылымының жағдайын зерделеу, логистикалық орталықтар мен қойма инфрақұрылымын дамыту жолдарын қарастыруда тиісті басқармаларға міндеттеді. Атап өтерлігі, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша Үкіметінің іс-шаралар жоспарына сәйкес өңірлік жоспар әзірленіп, бүгінде тиісті жұмыстар қолға алынуда.
Марат ҚҰЛИБАЕВ