Саясат

Жаңа конституция - ел болашағының берік кепілі

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттары Мұқаш Ескендіров пен Әбутәліп Мүтәлі, өңірлік Жалпыұлттық Коалиция мүшесі Гулам Умаров және Amanat партиясы облыстық филиалының төрағасы, өңірлік Коалиция жетекшісі Дауыл Бейсенқұлов Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті оқытушылары мен студенттерімен кездесті.

Кездесуде спикерлер Жаңа Конституция мемлекеттің ұзақ мерзімді ұлттық мүдделеріне толық сай келетін стратегиялық құжат екенін атап өтті. Сондай-ақ білім беру саласы мен жастар үшін кең мүмкіндіктер қарастырылғаны айтылды. Жаңа Конституция елдің стратегиялық таңдауын адамды дамыту арқылы – оның білімі, мәдениеті, шығармашылығы және инновациялық әлеуеті арқылы өсуді қамтамасыз етуге бағыттайды.

Бұл модельде негізгі өсу мен бәсекеге қабілеттілік драйверлері ретінде шикізат ресурстары емес, білім беру, ғылым, мәдениет және технологиялар айқындалған. Мемлекет ғылыми, техникалық және шығармашылық ізденіс еркіндігін қамтамасыз етеді, өйткені прогресс идеялардың ашықтығы мен интеллектуалдық дербестіксіз мүмкін емес. Мұқаш Ескендіров мемлекеттің зайырлы сипаты мен білім беру жүйесіндегі теңдік қағидаты білімге бірдей қолжетімділікті қамтамасыз етіп, даму кеңістігін идеологиялық қысымнан қорғайтынын ерекше атап өтті.

Дауыл Бейсенқұлов жаңа Ата Заң жобасында білімді елдің басты құндылығына айналдыру арқылы жастар үшін теңдессіз мүмкіндіктер ашылатынын айтты. Жыл сайын 80 мыңға жуық студенттік грант бөлінуі, «Жас ғалым» бағдарламасы аясында жоғары стипендиялар тағайындау және әлемнің үздік зертханаларында тағылымдамадан өту мүмкіндігі жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін арттыруға жол ашады. Ал өңірлік Жалпыұлттық Коалиция мүшесі Гулам Умаров Конституция жобасының 27-бабында медицина қызметкерлерінің құқықтары қорғалатынын атап өтті.

Аталған бапта олардың қауіпсіз және санитарлықгигиеналық талаптарға сай еңбек ету жағдайларына құқығы кепілдендірілетіні көрсетілген. Кездесу қорытындысында облыс тұрғындары Қуатты, Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстан құру жолындағы бастамаларды қолдайтынын және ел дамуына өз үлестерін қосуға дайын екендерін білдірді.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ