«Жалғызбасты ана», «толық емес отбасы» дегенді қалай түсінуге болады?!
Жалғызбасты ана, яки жалғызбасты әке деп жатамыз. Осы қазақта жалғызбасты деген сөз болған ба? Қазақ ертегілерінен үш басты айдаһар, бір көзді дию деген кейіпкерлер барын оқушы едік. Ал енді жалғызбасты деген сөз бүгінде сәнге айналды. Былай реалистік тұрғыда қарасақ, барлық адамның бір ғана басы бар. Көбіне бұл сөз ажырасқан немесе жесір адамдарға қатысты айтылады.
Жүйкеге тиетін тағы бір сөз бар. Ол «толық емес отбасы» сөзі. Мектепте оқитын шәкірттерді немесе балабақшада балаларды сондай санатқа жатқызады. Бір жағы адамның көңіліне келеді. Толық отбасына әке-шешесі түгел отбасыны жатқызады. Ал толық емес отбасыға не анасы, не әкесі қайтыс болса, яки ажырасса сондай мәртебе беріледі және құжат толтырғанда қай санатқа жататыныңды белгілеу қажетсің. Екі сөз де дұрыстап қарасаңыз орыс тілінен тікелей аударылған. Бірі «Мать одиночка», екіншісі «неполная семья» сөздерінен жасалған калька аударма. Егер адамның бала-шағасы, әке-шешесі, бауырлары болса ол адамды жалғызбасты деуге бола ма? Мақұл ерлі-зайыптының бірі дүниеден өтсе де оның балалары болса ол жалғыздыққа жатпас. Осы себепті ойымызды тарқатып көрейік. Ескі кітаптарды ақтарып, ақсақалдармен сөйлесіп білгенім, қазақта жалғызілікті, жалғыздық деген сөздер бар. Бірақ жалғызбасты деген сөз егемендік алған кезеңнен бастап пайда болыпты.
2024 жылы телеарнаға берген сұхбатында вице-премьер Тамара Дүйсенова «Қазақстан заңнамасында «Жалғызбасты» ұғымына анықтама жоқ. Өйткені ананың яки әкенің балалары болса, бұл – отбасы. Ал біз оған отбасы ретінде тиісті әлеуметтік көмек көрсетеміз» деп жауап берген болатын. Жазушы Абай Хамзаның бұл туралы айтары бар. – Бұл сөздер заманына сай шыққан жаңа ұғымдар. Бұрынғы қазақ қоғамында жалғызбасты аналар болмаған. Ондай атауды да білмеген. Жасы келсе де күйеуге тимей отырып қалған қызды «кәрі қыз» деп атаған. Бірақ ондайлар көп болмаған. Ретін тауып күйеуге тигізген. Бұл бір әлеуметтік мәртебеге байланысты ойлап табылған сөз болар, – дейді жазушы. Ал айтыскер ақын Мұхтар Ниязовтың әлеуметтік желіде «жалғызбасты деген ұғымнан құтылуымыз керек» деп жүргеніне біраз болды.
Қазақ ұлттық университетінің докторанты, филолог Балмира Мырзабай да ой бөлісті.
Енді заңды түрде толық емес отбасы мен жалғызбасты ұғымына кімдер жатады? Соны анықтайық.
Жоғарыдағы екі ұғым да әлеуметтік мәртебе. Яғни санатқа жатады. Қалай болғанда да осы сөздер қазақылық қаймағымызды бұзып тұрғандай. Сіз қалай ойлайсыз, ойлы оқырман?!
Эльмира БАЙНАЗАРОВА