Әлі 159 мыңнан астам тұрғын сақтандырылмаған
Әлеуметтік мемлекеттің басты ұстанымдарының бірі – азаматтарды қолжетімді денсаулық сақтау қызметімен қамтамасыз ету. Бұл ретте елімізде 2020 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді. Аталған жүйе халықтың уақтылы және сапалы медициналық қызметке қол жеткізіп, азаматтардың денсаулығын жақсартуға жұмсайтын шығынын азайтады деген мақсатта құрылған. Әйтсе де, жұмысын бастаған 6 жылдан астам уақыт өткен осынау қызметке жүгінбейтіндердің саны азаяр емес. Мәселен, қазіргі таңда өңіріміздегі Қордай, Меркі, Шу және Жуалы аудандарында сақтандырылмаған азаматтардың динамикасы жоғары. Айталық, бір ғана Қордай ауданында 22 мыңнан астам азамат міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тіркелмеген. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен кезекті рет өткен аппараттық кеңесте дәл осы мәселе кеңінен қаралды.
Жиынның күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек баяндама жасап, сақтандыруға негізделген денсаулық сақтау моделіне көшу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, 2026 жылғы 4 ақпандағы мәліметке сәйкес облыс бойынша медициналық ұйымдарға тіркелген халық саны 1 171 882 адамды құрайды.
Айта кетейік, қазіргі таңда медициналық ұйымдар тарапынан сақтандырылмаған азаматтардың әлеуметтік портретін қалыптастыру үшін үй аралау жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Call-орталық мамандарына арнайы оқыту ұйымдастырылып, халықпен жұмыс істеудің бірыңғай алгоритмі бекітілген. Ал жиі қойылатын сұрақтарға арналған тезистер мен бейнероликтер дайындалып, айналымға енгізілген. Бұдан бөлек ақпараттық-әдістемелік материалдар әзірленіп, тұрғындарға кеңінен таратылуда.
Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысының сөзінше, 2026 жылы денсаулық сақтау саласына жасанды интеллект негізіндегі дауыстық көмекшілерді енгізу жоспарланып отыр. Бұл жүйе скринингтік зерттеулерге шақыру, балаларды вакцинациялау және сақтандырылмаған азаматтармен байланыс орнату үшін қолданылады. Автоматты хабарласу арқылы сақтандырылмаған азаматтардың мәртебесін анықтап, төлем жасау тәсілдері мен қажетті қадамдар бойынша нақты бағыт-бағдар беріледі.
Нәтижесінде, сақтандырылмағандар үлесі азайып, медициналық көмекке қолжетімділік бойынша шағымдар төмендейді деп күтілуде. Мұнан соң «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» облыстық филиалының директоры Ғайни Аймағанбетованың баяндамасы тыңдалды. Аймақ басшысы сақтандырылмаған азаматтар санының динамикасы жоғары Қордай, Меркі, Шу және Жуалы аудандарының әкімдерінен жауап алды.
Сондай-ақ басқосуда мал қыстату маусымының барысы да талқыға түсті. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаевтың мәлімдеуінше, 2025-2026 жылғы мал қыстатуға облыстың барлық санаттағы шаруашылықтарында 3,8 миллион бас мал түсті. Оның 3,2 миллионы – ұсақ мал, 450,1 мыңы – мүйізді ірі қара, 183,6 мыңы – жылқы, 8,3 мыңы – түйе.
Жиын соңында облыс әкімі жауаптыларға сақтандырылмаған азаматтардың санын азайту барысында заң аясында тиісті шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ аймақ басшысы мемлекеттік ұйымдарда бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына және медициналық ұйымдарға төлемдердің уақтылы жүргізілуін бақылауға алуды жүктеді. Бұдан бөлек облыстық полиция департаментімен бірлесе отырып, көші-қон қызметін жандандыру, бейресми жұмыспен қамтылғандарды ресми еңбекке тарту назарға алынуы қажет.
Облыс әкімі мал қыстату кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу, арнайы техникаларды дайын ұстау және ветеринариялық-профилактикалық жұмыстарды толық орындауды міндеттеп, барлық тапсырма қатаң бақылауда болатынын атап өтті.
Есен ӨТЕУЛІ