Шаңырақтың шаттығы сыйластықтан басталады
Отбасы – әрқайсымыздың өміріміздегі ең қасиетті де қымбат ұғымдардың бірі. Ол – сүйіспеншілік пен сыйластықтың, түсіністік пен жауапкершіліктің мекені. Адамның мінез-құлқы, өмірге деген көзқарасы, рухани байлығы мен бойына сіңіретін тәлім-тәрбиесі ең алдымен отбасында қалыптасады. Отан да отбасының жылы шаңырағынан басталады. Сондықтан отбасы – қоғамның негізі, тірегі әрі діңгегі болып саналады. Қазақ халқы ежелден отбасы құндылығын жоғары қойған. Отбасы мүшелерінің бір-біріне деген құрметі мен махаббаты берік болса, ол шаңырақтың іргесі де мықты болады. Үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, ата-ананы құрметтеу, жұбайлардың бір-біріне деген сыйластығы – біздің ұлттық құндылықтарымыздың ажырамас бөлігі. Отбасы – қоғамның ең кіші, бірақ ең маңызды ұясы. Оның беріктігі әсіресе ер мен әйелдің өзара сүйіспеншілігі мен сыйластығына негізделеді.
Нағыз бақыт екі адамның сенімді дос болуы
Ер мен әйел отбасының тірегі әрі іргетасы. Олар бірін-бірі толықтырып, отбасының дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ олар бір мақсатта, бір бағытта жүруге серттескен жандар. Ер адам – шаңырақтың иесі ретінде оның қорғаны әрі шешім қабылдаушысы болғанымен, ол тек билік етуші ғана емес, отбасының тыныштығы мен бақытын сақтау үшін жауапкершілікті сезінетін адам.
Сонымен қатар ол отбасының материалдық жағдайына жауапты болып қана қоймай, рухани тұрғыдан да отбасы мүшелеріне үлгі болуы тиіс. Әкенің парасаттылығы мен еңбекқорлығы, сабырлығы мен әділдігі балалардың болашақ өміріне тікелей әсер етеді. Әке – баласына батылдық пен табандылықтың, жауапкершілік пен еңбекқорлықтың үлгісі. Ал әйел – отбасының береке сі мен жылуы. Ол ана ретінде – мейірім мен махаббаттың символы әрі отбасының жылуы мен мейірімін сақтайтын адам. Ол тек үй шаруасымен айналысушы ғана емес, баланың алғашқы тәрбиешісі, рухани бағыт-бағдар беруші ұстазы. Ананың ақ сүтімен дарыған тәрбие баланың бүкіл өміріне негіз болады. Әйелдің сабырлылығы мен даналығы отбасының татулығын сақтауға ықпал етеді. Қазіргі қоғамда ер мен әйелдің рөлі заман талабына қарай өзгеріп келеді. Дегенмен олардың негізгі міндеті – бірін-бірі толықтыру әрі өзара қолдау көрсете білу. Ер мен әйел бір-бірін түсініп, ортақ мақсатқа ұмтылғанда ғана бақытты отбасы құрылады.
Отбасындағы сыйластық пен махаббат қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Ер мен әйел өз міндетін жауапкершілікпен атқарып, бір-біріне тірек бола білсе, отбасы берік, ұрпақ тәрбиесі өнегелі болады. Өмірде адам екі үлкен таңдаудан қателеспеу керек дейді. Ол – мамандық және жар таңдауда. Өйткені осы екеуі – адамның тағдырына, бақытына, сондай-ақ өмір сапасына тікелей әсер ететін шешімдер. Отбасын құру – адамның өміріндегі ең маңызды қадамдардың бірі. Егер бұл жол сәтті басталып, ниет таза болса, әйел үшін күйеуі, ал ер адам үшін әйелі – өмірдегі ең жақын досына, ең сенімді серігіне айналады. Нағыз отбасы тек махаббатпен емес, достықпен, сеніммен және ортақ мақсатпен құрылады.
Жұбайлық өмір – екі адамның тағдырын тоғыстырған ерекше байланыс. Уақыт өте келе сыртқы сұлулық емес, ішкі түсіністік пен рухани жақындық маңызды бола бастайды. Ер мен әйел әрдайым бірбіріне сырын ашып айта алса, бірге қуанып, бірге мұңая білсе – міне, бұл шынайы серіктестік. Ең жақын дос дегеніміз – сені айыптамай тыңдайтын, қиындықта жаныңнан табылатын, жетістігіңе шын жүректен қуанатын адам. Осындай қасиеттер жұбайлар арасында болса, олардың отбасы берік болады. Әйел үшін күйеуі – қорғаны, тірегі ғана емес, пікірлес серігі болуы керек. Ал ер адам үшін әйелі – тек шаңырақтың берекесі емес, белгілі бір мәселеде ақылдасар досы, шабыт беретін жан жолдасы. Олар бірге жоспар құрып, бірге әрекет еткенде ғана ортақ мақсаттарға жете алады. Бірінің арманы – екіншісінің арманына айналғанда, отбасы шынайы бірлікке негізделеді.
Өмірде түрлі сынақтар болады. Қаржылық қиындықтар, тұрмыстық мәселелер, түсініспеушіліктер – бәрі кездесуі мүмкін. Бірақ жұбайлар бір-біріне қарсы емес, бір бағытта тұрса, кез келген кедергіні еңсере алады. «Біз» деген ұғым «мен» деген ұғымнан биік тұрған жерде ғана татулық пен тұрақтылық орнайды. Психологтардың айтуынша, сенім – отбасының ең берік іргетасы. Сенім бар жерде күмән азаяды, ал құрмет бар жерде махаббат тереңдей түседі. Ер мен әйел бір-бірін өзгертудің емес, толықтырудың жолын таңдағанда, олардың одағы шынайы достыққа негізделген мықты одаққа айналады.
Бір сөзбен айтқанда, жақсы құрылған отбасында ерлі-зайыптылар – тек жар ғана емес, өмірлік серік, ең жақын дос, ең сенімді тірек. Олар бірге армандап, бірге еңбек етіп, бірге алға қадам басқанда ғана бақытты болашақ құра алады. Нағыз бақыт – жаныңдағы адамыңның саған серік қана емес, сенімді дос болуында болса керек.
Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі
Қазақ халқы бұл мақалды бекер айтпаған. Оның астарында терең өмірлік тәжірибе мен тәрбиелік тағылым жатыр. Бала дүниеге таза парақтай болып келеді. Оның мінезі, көзқарасы, құндылықтары ең алдымен отбасында қалыптасады. Сондықтан отбасы – баланың ең алғашқы мектебі, ал ата-ана – оның алғашқы ұстазы. Бала кішкентайынан үйдегі әрбір іс-әрекетті бақылап өседі. Ата-анасының сөйлесу мәдениетін, бір-біріне деген қарым-қатынасын, қиындықты қалай қабылдайтынын, қуанышты қалай бөлісетінін көріп, санасына сіңіреді.
Егер отбасында сыйластық, сабыр, мейірім үстемдік етсе, бала да өзгелерге құрметпен қарауды үйренеді. Әкесі адал еңбек етіп, анасы жылулық пен тәртіпті сақтаса, бұл қасиеттер баланың болашақ өмірінде берік негізге айналады. Тәрбие тек ақыл айту арқылы берілмейді. Көп жағдайда бала сөзден гөрі іс-әрекетке қарап өседі. Мысалы, ата-ана кітап оқыса – бала да оқуға қызығады.
Үлкендер бір-біріне көмектессе – бала да қамқор болуды үйренеді. Ал егер үйде ұрыс-керіс, ашу-ыза жиі болса, бала оны қалыпты жағдай деп қабылдауы мүмкін. Сондықтан ата-ананың әрбір қадамы – балаға үнсіз берілген сабақ. Әсіресе әкенің жауапкершілігі мен батылдығы, ананың мейірімі мен төзімділігі баланың тұлға болып қалыптасуына ерекше әсер етеді. Әке – тірек пен қорғанның үлгісі болса, ана – махаббат пен жылулықтың қайнар көзі. Осындай үйлесім бар жерде бала өзін қауіпсіз сезінеді, сенімді болып өседі. Сонымен қатар отбасыдағы дәстүрлер мен ортақ уақыт өткізу де үлкен рөл атқарады.
Бірге дастарқан басында отыру, әңгімелесу, үлкендерді құрметтеу, кішіге ізет көрсету – мұның бәрі баланың санасында өмірлік қағидаға айналады. Кейін ол «ұшқанда», яғни есейіп, өз алдына шаңырақ көтергенде, сол көргенін қайталайды. Қорыта айтқанда, бала болашағы – ата-ананың бүгінгі ісінде. Ұяда берілген тәрбие, көрсетілген өнеге, айтылған жылы сөз – бәрі де баланың өмірлік бағытын айқындайды. Сондықтан әр ата-ана өз отбасындағы атмосфераға жауапкершілікпен қарап, баласына үлгі бола білуі керек. Өйткені ұяда көрген ізгілік пен тәрбие – болашақта қоғамның да берік іргетасына айналады.
Ана – мейірімді үйретсе, әке – батылдыққа баулиды
Бала мектептен немесе сырттан үйге келіп кірген бетте анасының дауысы естілмесе, үй бір сәтке босап қалғандай күй кешеді. Ас үйден шығатын иіс, ананың «Келдің бе, балам?» деген жылы сөзі – баланың жанын тыныштандыратын ерекше күш. Ана – үйдің жылуы, мейірімі, жұмсақтығы. Ал әке болмаса, бала өзін біртүрлі қорғансыз сезінеді. Үйдің іргесі әлсірегендей, сыртқы әлемге қарсы тірек азайғандай болады. Әке – баланың қауіпсіздік сезімі, қорғаны, сенімді тірегі. Оның үнсіз ғана отырғанының өзі балаға күш береді. Шынында да, бала үшін әкенің де, ананың да рөлі бірдей маңызды. Құс қалай екі қанатымен ғана биікке самғай алса, бала да ата-анасының қамқорлығымен ғана толыққанды дамиды.
Бір қанат әлсіресе, ұшу қиындайды. Бір тірек кемісе, тепе-теңдік бұзылады. Ана – жүректің жылуы болса, әке – мінездің беріктігі. Ана – мейірімді үйретсе, әке – батылдыққа баулиды. Ана – сезімнің тереңдігін сыйласа, әке – жауапкершілікті көрсетеді. Екеуі бірігіп қана баланың жан дүниесін толық қалыптастырады. Әрине, өмір әрқашан бірқалыпты емес. Тағдыр әртүрлі сынақтар береді. Кейбір балалар толық отбасында өссе, кейбірі өмірдің қиындығын ерте сезінеді. Бірақ қандай жағдай болса да, ата-ананың балаға деген ықыласы мен махаббаты – оның өмір бойғы рухани азығы. Бала үшін ата-ана – екі қолы, екі аяғы секілді. Бірі бағыт берсе, бірі демеу болады. Бірі сүйеніш болса, бірі жұбаныш болады. Сондықтан ата-ананың әр сәті, әр сөзі, әр әрекеті баланың жүрегінде із қалдырады. Өмір түрлі болғанымен, бір шындық өзгермейді, бала үшін әкенің де, ананың да орны ерекше. Олар бар кезде – үй үй сияқты, әлем қауіпсіз сияқты, болашақ сенімді сияқты көрінеді. Мансап та, байлық та өткінші...
Қазіргі заманда мықты отбасын құру және оны сақтап қалу бұрынғыдан да жауапты әрі күрделі міндетке айналды. Ажырасудың көбеюі, өмір ырғағының жылдамдауы, мансап пен материалдық құндылықтардың алдыңғы орынға шығуы – бәрі отбасының беріктігіне әсер етуде. Осындай кезеңде отбасын сақтап қалу – жай ғана жеке таңдау емес, үлкен рухани ерлік. Шын мәнінде, мансап та, байлық та – өткінші. Ал берік отбасы – адамның өмірдегі ең үлкен жетістігі. Себебі ең қымбат мұра – жиналған дүние емес, балаларымызға қалдырған өнегелі өміріміз, көрсеткен сыйластығымыз, с абырымыз бен бірлігіміз.
Біз балаларымызға тек материалдық игілік емес, отбасы құндылығын, адалдық пен жауапкершілікті үлгі етіп қалдыра аламыз. Тату шаңырақта өскен бала ертең қоғамға да пайдалы, жүрегі жылы, саналы азамат болып қалыптасады. Әрбір сақталған отбасы – болашақтың берік кірпіші. Сондықтан отбасының амандығы – жеке адамның ғана емес, тұтас ұлттың байлығы. Әр шаңырақта сыйластық пен түсіністік арта берсін. Әр отбасының берекесі мен бірлігі мықты болсын. Себебі бақытты отбасы – бақытты қоғамның бастауы.
Үйдегі «ауа райы»
Табиғатт а жаман ауа райы болмайды дейді. Ал әр адамның өз шағын әлемі – үйі бар. Сол үйдегі «ауа райы» біздің көңіл-күйімізге, денсаулығымызға, тіпті өмірдегі жетістігімізге де әсер етеді. Бұл жерде сөз сырттағы күннің ашық не бұлтты болуы туралы емес, отбасы ішіндегі жылылық, түсіністік пен қолдау туралы болып отыр. Үйдегі ауа райы ұсақ-түйектен құралады. Мысалы таңертең отбасы мүшелерінің бірбіріне айтылған жылы сөзінен, ауыр күннен кейінгі жымиыстан, бір-бірін тыңдап, түсіне білуден тұруы мүмкін. Кейде бір ғана дөрекі сөз аспанды бұлт торлатқандай әсер қалдырады. Ал шынайы құшақтасу қалың бұлтты да сейілте алады. Үй – адам өзін қауіпсіз әрі қажет сезінетін орын.
Егер отбасында сыйластық пен сенім болса, сыртқы қиындықтарды да жеңу жеңілірек болады. Жылы атмосфера қалыптастыруда өзара келісімге келе білу ерекше маңызды. Қақтығыстар – табиғи құбылыс, өйткені әр адам – өз көзқарасы мен мінезі бар жеке тұлға. Алайда келіспеушіліктерден қашпай, оларды сабырмен, бірбірін ренжітпей шешу маңызды. Сезімдер туралы ашық сөйлесіп, бір-бірін тыңдай білген жерде аспан әрдайым ашық болады. Жақындарға қамқорлық көрсету де үлкен рөл атқарады. Ортақ дастарқан, шынайы әңгімелер, отбасылық дәстүрлер – үй ішін нұрландыратын күн сәулесі іспетті. Адам өзін күтіп отырғанын, түсінетінін және қолдайтынын сезінсе, ол сенімді әрі бақытты бола түседі.
Қысқаша айтқанда, үйдегі ауа райы өздігінен қалыптаспайды – оны адамдар жасайды. Сондықтан үйде суық жел ме, әлде махаббат пен келісімнің жылы шуағы ма, ол әрқайсымызға байланысты. Өйткені үйдегі атмосфера, шынайы жайлылық пен жылылық әдемі интерьерден, қымбат жиһаздан немесе сәнді жөндеуден емес, ол – ең алдымен сол үйде тұратын адамдардың жүрегінен, ниетінен, бір-біріне деген қарым-қатынасынан басталады. Бала үшін ата-анасының мейірімі, ерлізайыптылар үшін өзара сыйластық – үйдің нағыз сәні.
Шынайы жайлылық – дауыс көтермей сөйлесуден, кешіре білуден, түсіне білуден басталады. Бір дастарқан басына жиналып, ашық әңгіме айту, бір-бірінің қуанышына қуану, қиындықта бірге болу – үйдің атмосферасын құрайтын негізгі құндылықтар. Егер әр адам өз мінезіне, аузынан шыққан әр сөзіне, өзгелермен қарым-қатынасына жауапкершілікпен қараса, кез келген үй шынайы бақыт пен тыныштықтың мекеніне айналады.
Арна ЖҰМАТАЙ