Білім

Білім ордасына білікті маманның есімі берілсе...

Барша тіршіліктің қайнар көзі – су. Бүгінгі ең өзекті мәселе де осы. Жалпы, әлемнің кейбір мемлекеттерінде бір тамшы су – алтыннан да құнды. Бұл ретте су тапшылығын болдырмау әрі су саласын дамыту бойынша біздің елде де бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылуда. Соның бірі – өңірімізде су саласы бойынша жетекші оқу орны ретінде танылған Тараз университетінің Су шаруашылығы және табиғатты үйлестіру институтының қайта ашылуы. Аталған оқу ордасының мүмкіндіктері мен әлеуетін анық бағдарлау үшін оның өткеніне назар салғанымыз жөн. Себебі сіз бен біз алға жылжу үшін өз тарихымызды білуіміз керек.

1962 жылы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының гидромелиоративтік факультеті негізінде Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институты ұйымдастырылды. Оқу ордасының бірінші ректоры болып профессор Рахмет Жулаев тағайындалған еді. Алғашқы жылы гидро факультетті гидромелиорация мамандығы бойынша 105 адам бітіріп, олардың оны әртүрлі кафедраларға ассистент лауазымдарына қабылданды. Жалпы, институттың өткен тарихын 3 кезеңге бөлуге болады.

Бірінші кезең – қалыптасу және даму кезеңі.

1962 жылы институт құрамында «Гидромелиоративтік», «Сумен жабдықтау және кәріз», «Өнеркәсіптік-азаматтық құрылыс», «Гидромелиорациялық жұмыстарды ұйымдастыру және механикаландыру», «Су шаруашылығы экономикасы» және «Гидротехникалық құрылыс» факультеттері құрылды. Оқу ордасы 1998 жылға дейін институт атанып, мекемені әр жылдары Рахмет Жулаев, Марс Үркімбаев, Жүсіпбек Сүлейменов сынды басшылар басқарды. 36 жыл ішінде кандидаттар саны 6-дан 197-ге дейін өсті. 20 докторлық диссертация дайындалып қорғалды. Осылайша оқу ордасы профессорлық құрамның ядросына айналды. Осы арқылы институт тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар КСРО-да өзі жетекші техникалық университет деңгейіне көтерілді.

Екінші кезең – бүкіл су жүйесінің ыдырауы.

Іргелі институт 1998 жылы «Су шаруашылығы, экология және құрылыс» факультеті болды. Сол жылдан 2022 жылға дейінгі аралықтағы 24 жыл ішінде өңірдегі үш жоғары оқу орны М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне біріктірілгеннен кейін «Сумен жабдықтау және кәріз», «Гидротехникалық құрылыс» және «Су шаруашылығы экономикасы» факультеттері біртіндеп қысқартуға ұшырады. Осыдан кейін жетекші оқытушылар оқу жүктемесінің жетіспеуіне және кафедралар мен факультеттердің жабылуына байланысты Алматыға, Астанаға, Шымкентке және басқа қалаларға кетті. Сөйтіп, кризистік кезеңде су саласына өзге маман иелері басшылық ете бастады. Халқымыз суды қасиетті санап, тіршілік көзі ретінде таныса, бізде осы тіршілік көзін қысылтаяң шақта электриктер мен зоотехниктер басқарды. Нәтижесінде, гидротехника инженерлерінің саладағы рөлі әлсіреп, адам баласының тіршілік көзіне деген адамшылық құрметі төмендеп кетті. Тек республиканың бүкіл су жүйесінің күйреуі ғана факультетті институт деңгейіне қайта көтеру керектігін көрсетіп берді.

Үшінші кезең – қайта өрлеу кезеңі.

2022 жылдан бастап факультеттің орнына «Су шаруашылығы және табиғатты үйлестіру» институты ашылды. Оған тіпті «Мұнай-газ және тау-кен ісі», «Механика және машина жасау» кафедралары қосылды. Тек осы орайда «Егер институт ашылса, оны неге бірден «Су академиясына» айналдырмасқа?» деген заңды сауал туындайтыны белгілі. Су академиясы бұл жоғары оқу орны ретінде бір салаға ғана бағытталған оқыту мамандарын даярлауды жүзеге асыратын жоғары оқу орны болар еді. Сөйтіп бүгінде жаһандық маңызы бар су саласындағы қордаланған мәселелерді реттеуге атсалысып, сарқылуға таяу қазынамызды тиімді пайдалануға жол ашылар еді. Дәл осы мақсатта 2022 жылы Президент атына су академиясын ашу туралы ұсыныс хатымды жолдадым. Ал 2023 жылдың 5 қаңтарында Ғылым және білім министрлігінен хат келіп, Жамбыл гидромелиоративтік – құрылыс институтын су академиясы қайта жаңғырту туралы өтінішімді қарады.

Министрліктің жауабында жаңа оқу орнын құру, сол бағыттағы мамандарды даярлау бойынша мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды талап ететіндігі туралы хабарланды. Сондай-ақ министрлік су академиясын құру туралы ұсыныстарымды назарға алынғанын жеткізді. Десе де, бұл бағыттағы жұмыстар табанды түрде жүзеге асты. Араға бірнеше ай салып, гидрофакультет түлектерінің кездесуінде Мемлекет басшысының атына факультет түлегі, «Құрмет» орденінің иегері, құрылыс істері комитетінің бас сарапшысы Өмірбай Абайділдин арқылы өтініш жасалып, барлығы 21 адамның қолы қойылған хат жолданды. Ұжымдық ұсыныс аясында өткен жылы 25 қазанда Су ресурстары және ирригация министрлігінде кеңес өткізіліп, онда бірінші кезектегі шаралар шешілгеннен кейін су шаруашылығы саласында жеке жоғары оқу орнын құру туралы мәселе қаралатындығы айтылды.

Оқу орны құрылған жағдайда Су ресурстары және ирригация министрлігі су саласын кәсіби кадрлармен қамтамасыз ету шеңберінде проблемалық мәселелерді шешу үшін бірқатар мамандықтарды қарастырған. Олардың ішінде «Гидротехникалық құрылыс және құрылымдар», «Мелиорация және суармалы егіншілік», «Сумен жабдықтау және су бұрғұлау», «Су ресурстарын басқару», «Гидротехникалық мелиорация», «Су шаруашылығындағы технологиялық процестерді автоматтандыру және басқару», «Суару жүйелеріндегі гидроэнергетикалық нысандар», «Инновациялық технологиялар және оларды су шаруашылығында пайдалану», «Гидромелиоративтік жұмыстарды механикаландыру», «Су шаруашылығы экономикасы» сынды мамандық бағыттары бар. Сала маманы ретінде алдағы уақытта бұл тізімге «Метеорология және климатология», «Мелиоративті география», «Ауыл шаруашылығы құрылысы және материалдар өндірісі» және тағы басқа бағыттармен толығуы тиіс деп білемін.

Естеріңізде болса, 2023 жылдың 1 қыркүйек күні елімізде Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Осы ретте қоғамда су шаруашылығы саласында жеке жоғары оқу орнын құру жөнінде пікірталас туындады. Екі жыл бұрын наурыз айында елде су тасқыны кезінде су мамандарын даярлауда орын алған олқылықтардың салдарынан тәжірибелі мамандардың жетіспеушілігіне көзіміз анық жетті. Шын мәнінде, білім беру экологиялық мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарады. Иә, Су ресурстары министрлігі (ҚР бұрынғы су шаруашылығы министрлігінің аналогы бойынша) барлық су проблемаларына: -ғылымнан, Гидротехникалық құрылыстарды жобалау мен салудан бастап суды пайдалану мен тұтынушыларға жеткізуге дейін толық жауап беруі тиіс.

Біздің елде 1963 жылдан 1990 жылға дейін министрлік ҚазКСР Мелиорация және су шаруашылығы министрлігі деп аталды. Қазіргі уақытта барлық дерлік өзендер мен көлдерде ластану белгілері бар, судың сапасы талаптарға сай келмейді. Оларды тазарту-жақсарту қажет, яғни мелиорация. Болашақта ағынды сумен не істейсіз? Өкінішке қарай, ұлттық университеттің атауында ғана емес, су ресурстары министрлігінің атауында да мелиорация деген сөз жоқ. Университет тек суармалы суарғыштарды емес, мелиораторлық инженерлерді дайындауы керек. Суды пайдалану бөлімінің негізгі міндеттеріне суды есепке алу, суару сапасын бақылау кірсе, жөндеу-құрылыс бөлімінің міндеттеріне құрылыс-жөндеу ісін ұйымдастыру, каналдарды шөгінділер мен өсімдіктерден тазарту жұмыстары жатады. Ал мелиорация бөлімі топырақтың құнарлылығын бақылауға, жерасты суларының деңгейі мен топырақтың тұздану дәрежесін анықтауға жауапты болмақ. Мелиорация сөзі – 1927 жылы осы ғылымның негізін қалаушы Алексей Николаевич Костяковтың «Мелиорация негіздері» атты кітабы шыққаннан кейін пайда болды.

Бұған дейін Президент Әкімшілігі мен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің атына Тараз университетінің Су шаруашылығы және табиғатты үйлестіру институтына осы оқу орнының алғашқы ректоры болған Рахмет Жулаевтың есімін беру туралы өтініш-хат жолданды. Жалпы, ұжымдық өтінішті Рахмет Жанғазыұлының кәсібилігі, университетті көркейтуі мен студенттерге қамқорлығы және елге сіңірген еңбегі баян етілді.

Тиісінше, өтінішті қараған Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінен жауап келді. Онда: «Университеттің атын өзгерту туралы мәселе университеттің құзыретінде», – делінген. Біз мәселеге Мемлекет басшысының назарын аударту мақсатында гидрофак түлектерінен барлығы 110 адамның қолы қойылған хатты жолдадық. Шын мәнінде, алғашқы ректоры болған Рахмет Жулаев жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, ізгілікті де білікті маман даярлау ісінде аянбай тер төккен азамат. Оның тұсында институт өзіндік дәстүрі бар, ұрпақтар сабақтастығын берік ұстанған іргелі оқу ордасы ретінде қалыптасты. Ендеше, қайта өрлеу дәуіріне қадам басқан білім ордасына білікті маманның есімі берілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

 

Ғаббас ЗАРУБАЕВ

техника ғылымдарының кандидаты, инженер-гидротехник