Қоғам

Мейірім мен қамқорлық мекені

Қазіргі таңда әр түрлі тағдыр иелеріне арналған әлеуметтік орталықтар аз емес. Солардың бірі – Тараз қаласы әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметендірілуге арналған орталығы» мекемесі. Орталық 1999 жылы облыс әкімінің шешімімен ашылған. Үй-жайынан, туған туыстарынан, баспанасынан айырылып өмірлік қиын жағдайда қалған көмекке мұқтаж адамдарға барлық әлеуметтік көмек түрлерін көрсетеді. Мекеме Қазақстан Республикасы Премьер Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №263 бұйрығымен бекітілген «Халықты әлеуметтік қорғау саласында уақытша болу жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарты» бойынша жұмыс атқарады. Орталыққа 2024 жылы 177 адам қабылданса, былтыр 170 адамға әлеуметтік қызмет көрсетілген. Қазіргі таңда 105 адам қызмет алуда. Соңғы екі жылда 76 адам құжаттандырылып, аталған мекеменің ықпалымен 60 адам жұмыспен қамтылған. Кейінгі екі жыл ішінде 10 адамға мүгедектік беріліп, 347 адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Мекемені бір жарым жылдан бері Дәуір Дәулетов басқарып келеді.

Аяғына ота жасатқан Александр

Александр Моргочевтың ІІІ топтағы мүгедектігі бар. Оны осы мекеме құжаттарын рәсімдеп, емдеу орындарына жатқызып жүріп алып берген. Бір аяғы протез, ота жасалған. Бұрынырақта оның отбасы болып, әке атаныпты. Қазір әйелімен араласпайды. Жігіт шағынан бастап құрылысшы, күзетші болып еңбек еткен.

Александр Юриевичтің жағдайы бойынша бірқатар мәселелерді аталған мекеме директорының орынбасары Бекайдар Қырықбаев түсіндірді.

Көшеден келген Кудаков Орталықты аралау барысында біздің назарымызды аударған қызмет алушының бірі – ІІ топ мүгедегі Виталий Кудаков. Ол 1983 жылы Тараз қаласында туған, ұлты – орыс. Әрине, басында бұл азаматтың жағдайы едәуір жақсы болған. Мектепте оқып, жалақы алатын жұмыс та істеген. Мекеме мамандарының айтуынша, арагідік түсініксіз сөйлеп, психолгиялық ауытқуы байқалыпты. Бала күнінде Меркі ауданында орта мектепте білім алып, кәсіптік техникалық училищені «Сылақшы-құрылысшы» мамандығы бойынша бітірген. Бір жылдары «Жасыл-Тараз» мекемесінде жұмысшы болып істеген.

Осы мекемеге көшеде қараусыз, жағдайсыз жүрген жерінен әкелініп, күтімге алынған. Ол кезде денсаулығы нашар еді, орталық дәрігері мен мейірбикелерінің көмегінің арқасында бұл азаматтың жағдайы қазір біршама жақсарды. Виталий отбасын құрмаған. Әке-шешесінен ерте айырылған. Қазіргі таңда денсаулығы біршама жақсарғандықтан, ІІ топ мүгедектігін алып, ІІІ-топ мүгдектігін тағайындау қарастырылып жатыр. Ондай жағдайда Виталий Кудаковтың жеңіл-желпі жұмыс істеуіне мүмкіндігі бар.

Ата-анадан айырылып, әпкесінің қолында өскен

Мекеменің тағы бір қызмет алушысы, орыс ұлтының өкілі Виталий Скрепич те қараусыз қалған жерінен осы орталыққа қабылданған. Мұнда қызмет алып жүргеніне 5 ай болыпты. Қазіргі таңда арбаға таңылған. Бірақ, құжатының толық болмауының себебінен мүгедектігін ала алмай отыр. Әрине, мекеме мамандары бұл азаматтың жағдайы бойынша құжаттандыру жұмысына кірісіп кеткен. Дегенмен, оның барлығы бір күнде бола қалатын шаруа емес. Ең бастысы назарға ілігіп, іс нақты қолға алынған. Виталийдің әке-шешесі ертеректе өмірден өткен. 11 жасынан бастап әпкесінің қолында тәрбие алған. Қазіргі таңда әпкесінің отбасы бар, тұратын пәтері тар. Сондықтан, інісін қолына алуға мүмкіндігі болмай отыр.

Жолы сан тарау

Жолдыкүл ІІ-топ мүгедегі Жолдыкүл Манасованың да табан тіреген жері – осы орталық. Ол 1971 жылы туылған. Іңгәлап өмірге келіп, жазықсыз сәби болған. Ол кезде тағдырының сан соқпақ болатынын сезген жоқ. Ана құрсағынан адам баласының бәрі таза, періште болып туылатыныай! Сол тазалығымыздың жүре келе бұзылатыны жаман. Жолдыкүлді көшеде күтімсіз, қараусыз жүрген жерінен арнайы топ алып келген. Заң аясында осы мекемеге қабылданған. Қайыр сұрап күн көрген, іздеу, сұрары болмаған. Отбасын құрмаған кісі. Мұндағы қызметкерлер әдеттегідей құжаттарын реттеп, көмектескен. Заң аясында психологиялық диспансерге үш рет жатқызып, мүгедектікке шығарып берген.

Қазіргі таңда орталықтың қамқорлығын көріп жатыр, мүгедектік жағдайы үшін ай сайын алып тұратын ақшасы бар. Бұл қараусыз қалған азаматқа деген үлкен көмек екенін айтуға болады. Әр адам – өз өміріне өзі жауапты. Он екі мүшең сау, ақыл есің бүтін болса, тағдырыңды дұрыс жолға салуға күш-қуат табуға тиіссің. Басқаға қол ұшын бермесең де, бір басына қарап, қара басын алып жүрген де жаман емес. Бірқатар азаматтар ішімдікке көбірек салынып кетіп, өмірдің «қиын» соқпағына түсіп кететіні бар. Сондай жағдайға түскен азаматтар да осы орталықтың шапағатын көріп жатыр. Сол шапағатты сезініп жатқандардың бірі – Жолдыкүл Тілешқызы.

Жолдыкүлдің аға, әпкесі бар. Олар алғашында аталмыш орталыққа бауырларын іздеп келген. Қазіргі таңда келіп жүрген жоқ екен. Мекеме қызметкерлерінен естіген мәліметіміз осындай. Тағдырдың жолы – сан тарау. Ешкім тағдырды сұрап немесе сатып ала алмайды. Дегенмен, жастау кезіңнен бастап өмір бағытын үлгілі жаққа бұру адамдардың өзіне де байланысты болар. Біз бір жағынан солай ойладық. Ешкімнің қиналып жүргенін қаламаймыз. Бұл кісінің алдағы өмірі мағыналы болса екен деп тіледік.

Бейнеттен қашпаған Буренков

Орталықтың тағы бір қызмет алушысы Вадим Буренковтың да басынан талайлы тағдыр өткен. 1969 жылы дүниеге келген азамат. Отбасы болмаған. Дегенмен, жігіт шағынан түрлі жұмыстарды істеп, еңбек еткен. Бейнеттен қашпаған. Біз Вадиммен бөлмесіне барып, сөйлестік. Бұл азаматтың туыс дегенде әпкесі және жиен інісі бар. Олар келіп, жағдайын біліп тұрады екен. Вадим инсульт алған. Қазіргі жағдайы жақсы. Мекеменің жауапты мамандары құжатын реттеп, мүгедектігін алып беруге мүмкіндік жасапты.

Қазір Вадимде ІІ-топ мүгедектігі бар. Қимыл қозғалысы да жақсы. Күнделікті еңбек терапиясына қатысып, арнайы маманнның нұсқауымен жаттығу жасайды. Жаттығу жасаудың өзі әр адамға кәдімгідей күш беретіні рас. Буренков күн сайын көрсетіп жатқан қызметтері үшін орталыққа алғысын айтуды ұмытпады. Өмірде мүмкіндік болса шалыс баспағанға не жетсін. Жақсы жол – өміріңнің айнасы, сені адастырмайтын темірқазық.

Дегенмен, өмір болған соң адамдардың барлығы түзу жолмен жүріп, бірқалыпты өмір сүре бермейді. Біреу ілгерілеп тұрса, енді біреу кежегесінен кейін кетеді. Кейін кетейін деп ойламайтын да шығар, кейде бір ғана қателігі өмірін басқа арнаға бұрып жібереді. Осы орталықта қызмет алушылардың көпшілігінің өмірлері жақсы басталып, беріректе жолдары күрделеніп кеткендер. Сондықтан әр адам жақсы күндерді, басына тыныштық пен береке қонған сәттерді бағалағаны жөн. Оны біз осынау сан тағдыр иелері паналап жатқан мекемеге келіп есімізге алдық.

Келгеннің барлығын қабылдай алмайды...

Мемлекеттің қолдауымен тағдыры қиын адамдарға қамқорлық көрсетіп отырған бұл мекеменің де өз тәртібі, өз жоспары, сыйымдылығы бар. Келгеннің барлығын қабылдай алмайды. Өзінің белгілі орын мөлшерінен артық кісіні қабылдауға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан, кішкене өз-өзіне келген азаматтардың бөлек шығуларына мүмкіндік береді. Мәселен, 1977 жылғы Юрий Иванов деген азамат осы мекемеде қызмет алған екен. Осында жүріп әрине мамандардың көмегімен құжаттарын реттеп, ІІ-топ мүгедектігіне өткен. Юрийдің екі аяғы кесілген, арбаның көмегімен жүреді.

Қазіргі таңда азаматтық некедегі әйелі бар. Сол келіншегімен бірге пәтер жалдап, бөлек шығып кеткен. ІІ-топ мүгедектігіне шамамен 80 мың теңге төленеді екен. Оның 50 мың теңгесін пәтер ақысына төлеген кезде, 30 мың теңгесі ас-ауқат, жүріп тұрғандарына жетер ме екен деп ойлайсың. Бәлкім, жұбайы жұмыс істейтін шығар. Қалай дегенде екі аяғы да кесілген азаматтың өз еркімен өмір сүруге ұмтылғаны – мықтылық. Алексей Рожков деген азамат жақында абақтыдан келген. 1991 жылғы жас азамат. Барар жер басар тауы жоқ болғандықтан, осы мекеме қабылдаған. Төлқұжаты жазасын өтеген жерден пошта қызметі арқылы жабық түрде келеді екен. Алексей жазасын өтеп келгендіктен, полиция бөлімінде есепте тұрады. Құқық қорғау органының өкілдері оны қадағалап, кешкі сағат 22:00-ден кейін көшеде жүрмеуін, сыртқа шықпауын қадағалайды.

Орталықта білікті мамандар аз емес. Олардың қатарына дәрігер Сейітжан Арнабаевты қосуға болады. Ол – мекемедегі жалғыз ғана дәрігер. Басқа кіші буындағы медициналық мамандарды жұмылдырып, қызмет алушылардың денсаулығының жақсаруына күш-жігерін жұмсап келеді.

Мекеме басшысы Дәуір Рысбайұлы да өз ойымен бөлісті.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы