Республикалық коалиция мүшелері еңбек ұжымдарымен кездесті
Облысқа жұмыс сапарымен келген «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты Республикалық коалиция мүшелері Байзақ ауданының тұрғындарымен кездесті. Аудандағы бірқатар еңбек ұжымдарымен жүздесіп, Конституция жобасын талқылап, барша жұртшылықты референдумға қатысуға шақырды.
Байзақтықтармен кездесуге Парламент Мәжілісінің депутаттары Гүлдара Нұрымова және өз өңірімізден «Әулие Ата Феникс» ЖШС-нің құрылтайшысы, облыстық мәслихат депутаты Фарида Жүнісова, «Grand foods premium» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Жалил Аббосов, «АУЫЛ» ХДПП облыстық филиалының төрағасы Нұржан Муслимов және «QazMed» медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» РҚБ-нің облыс бойынша филиалы төрағасының орынбасары Гүлмайра Момбекова барды. Алғашқы кездесу Сарыкемер ауылындағы аудандық емханада өтті.
Жиынға медицина қызметкерлері қатысты, онда Конституция жобасының әлеуметтік бағыттағы нормалары, азаматтардың құқықтары мен міндеттерінің өзара байланысы және әлеуметтік кепілдіктерді нақтылау мәселелері қаралды.
«QazMed» медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» РҚБ-нің облыс бойынша филиалы төрағасының орынбасары Гүлмайра Момбекова денсаулық сақтау саласына қатысты Конституцияда қамтылған оң өзгерістерге тоқталды.
Бұдан кейін делегация аудандық «Электр желілерін тарату» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшыларымен кездесті. Жиында конституциялық реформалардың экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және өңірлік дамуға әсері талқыланды. Іссапар Мырзатай ауылында жалғасын тапты. Ауылдық клубта «Давос» форматында өткен кездесуге тұрғындар қатысып, көкейдегі сұрақтарын қойды. Ашық пікірлесу барысында Конституция жобасының егемендік пен тәуелсіздікті нығайтуға, аумақтық тұтастықты қорғауға және әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын іске асыруға бағытталғаны айтылды. Коалиция мүшелерінің Байзақ ауданындағы іссапары «Әулие-Ата Феникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қорытындыланды. Мұндағы еңбек ұжымымен кездесу барысында Конституция жобасын әзірлеу үдерісінің ашықтығы мен жариялылығы, қоғам пікірінің ескерілетіні атап өтілді.
Жамбыл ауданына барған делегацияға Парламент Мәжілісінің депутаты Әбутәліп Мүтәлі жетекшілік етті. Бұл ауданда да тұрғындарға жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары түсіндіріліп, алдағы республикалық референдум туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар кәсіпорындар мен еңбек ұжымдары мүшелерінің пікірлері тыңдалды. Коалиция құрамында партия ардагері Қасымхан Төлендиев, Білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ерұлан Мағзымбеков, «ҚазТрансГаз Өнімдері» Тараз қалалық филиалының директоры, облыстық мәслихат депутаты Бегалы Ералиев болды. Әуелі «Амангелді газ өңдеу зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымымен өткен жүздесуде Конституция жобасындағы негізгі өзгерістердің мазмұны айтылып, оның саяси реформаларды жүйелі түрде жалғастыруға, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға және билік тармақтарының тепе-теңдігін нығайтуға бағытталғаны айтылды.
Бұдан кейін коалиция мүшелері мәдениет және архив саласының қызметкерлерімен, сондай-ақ ауыл жастары өкілдерімен кездесті. Жиында жаңа Конституция жобасы еліміздегі саяси реформалардың заңды жалғасы екені, құжатта егемендік пен тәуелсіздік, аумақтық тұтастық пен мемлекеттік шекара мәселелері қамтылғаны айтылды. «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты Республикалық коалицияның мүшелері бұл аудандағы іссапарын «AzNur» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің ұжымымен өткен жиынмен қорытындылады.
Басқосуда Конституция жобасын талқылау үдерісінің ашықтығы мен жариялылығы атап өтіліп, қатысушылар пікір алмасты. Дәл осындай кездесу Қордай ауданында да ұйымдастырылды. Іс-шараға Парламент Сенатының депутаты Бақытжан Орынбеков, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, «Respublika» партиясы облыстық филиалының төрағасы Айнұр Келімбетова, «BL Group 2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, облыстық мәслихат депутаты Лугмар Буларов қатысты.
Алғашқы кездесу Қордай ауылындағы аудандық мәдениет үйінде «Давос» форматында ұйымдастырылды. Онда Конституция жобасының негізгі бағыттары түсіндіріліп, алдағы республикалық референдумның тарихи маңызы кеңінен айтылды. – Ұсынылып отырған өзгерістер – еліміздің саяси жаңғыруының жалғасы. Конституцияда егемендік, тәуелсіздік және аумақтық тұтастық мәселелері нақты көрсетіліп, құқықтық мемлекет қағидаттары нығаяды. Референдум – әр азаматтың ел тағдырына жауапкершілікпен қатысуына мүмкіндік беретін маңызды кезең, – деді Парламент Сенатының депутаты Бақытжан Орынбеков.
Делегация Қордай ауылындағы «Ақтас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барып, кәсіпорын ұжымымен пікірлесті. Сапар «Бай Нұр» шаруа қожалығында жалғасып, асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын ұжыммен ауыл шаруашылығын дамыту, еңбек адамының құқықтары және мемлекеттік қолдау мәселелері талқыланды. Кездесулердің соңында делегация Сортөбе ауылында ауылдық мәдениет үйінің ауласында тұрғындармен кездесіп, Конституция жобасының егемендік пен тәуелсіздікті нығайтуға, аумақтық тұтастықты қорғауға және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталғаны турасында пікірлесті. Ал Талас ауданына барған іссапар құрамында Парламент Сенатының депутаты Сәкен Арубаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Досымжан Таңатаров болды. Сондай-ақ өңірден облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Дүйсеналы Бықыбаев, жеке кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Жұмахан Танкебаев, партия ардагері, ақын Үміт Битенова және Сарысу аудандық орталық кітапханасының меңгерушісі, облыстық мәслихат депутаты Айтбала Жолмаханова қатысты. Қаратау қаласындағы Балалар өнер мектебінде өткен жиынға 200-ге жуық қала тұрғыны қатысты. Кездесу барысында Конституция жобасының негізгі бағыттары мен алдағы республикалық референдумның маңызы кеңінен түсіндірілді.
Бұдан кейін делегация «Talas Investment company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды. Жиында реформалардың экономикалық тұрақтылықты нығайтуға және өндірістік әлеуетті арттыруға ықпалы сөз болды. Іссапар одан әрі «Казфосфат» ЖШС «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешенінде жалғасты. Елуге жуық жұмысшы қатысқан кездесуде өндіріс саласының дамуы мен еңбек адамының құқықтарын қорғау мәселелері қозғалды. Сондай-ақ делегация №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында болып, мекеме қызметкерлері және қызмет алушылармен жүздесті. Конституция жобасындағы әлеуметтік кепілдіктер мен адам құқықтарын қорғау тетіктері кеңінен түсіндірілді.
Қамар ҚАРАСАЕВА