«Болашақ» интернатында жеңімпаздар көп
Бүгінгі таңда ерекше жандарға әлеуметтік көмек беруде, білімін арттырып, спорт пен өнерге тәрбиелеуде мемлекеттің қамқорлығы айрықша. Сондай білім беру және тәрбиелеу ошағының бірі – облыс әкімдігі білім басқармасына қарасты №2 «Болашақ» арнайы мектеп-интернаты. Мекеме зағип және көзі нашар көретін оқушыларға, ерекше жағдайдағы балаларға білім мен тәрбие берумен айналысады. Білім ордасында 98 оқушы бар. Оның ішінде 76 оқушы ерекше жағдайдағы санатқа жатады. Интернатты бірнеше жылдан бері тәжірибелі маман Эльмира Жақсылықова басқарып келеді.
Бір айта кетерлігі, мұнда өнер мен спортқа ерекше көңіл бөлінген. Оқушылардың арасында ерекшеліктеріне қарай түрлі жарыстар мен байқауларға қатысып жүрген үздіктер бар. Олардың ішінен жасөспірімдер арасында Әлем және Азия чемпиондарын кездестіруге болады. Мәселен, 10-сынып оқушысы Ринат Машықов қол күресінен Әлем чемпионы, халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы атанған.
Спортқа да, биге де бейім
Мансия Көздерінің көру мүмкіндігі төмен болғанымен, мұндағы балалардың көңілдері Алатаудай асқақ. Мәселен, 12 сыныптың оқушысы Мансия Айтжан осында бірінші сыныптан бастап білім алады. Интернат қабырғасында өзін тек ғана жақсы қырынан көрсетіп келеді. Қол күресі спортымен айналысады. Қол күресінен жасөспірімдер арасында облыс жеңімпазы, ел чемпионы.
2024 жылы Молдава елінде өткен жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында қола жүлдені еншіле се, 2025 жылы Дубайда ұйымдастырылған жасөспірімдер арасындағы Азия кубогында алтыннан алқа тағыпты. Ал биылғы жыл бастала салысымен, қаңтар айында Ташкент қаласында жалауын желбіреткен жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогында күміс жүлдегер атаныпты. Мансия Нұрайдинқызының мүмкіндігі тек спорт саласымен шектелген емес, өнерге де бейімі бар. Бірнеше жылдан бері би үйірмесіне қатысады. Мектеп интернаттың «Әсем-ай» бишілер тобының қатарында өнер көрсетіп, түрлі жетістіктерге жетіп жүр.
Атап айтқанда, 2023 жылы Астана қаласына барып, республикалық бишілер байқауында «Әсем-ай» тобы жеңімпаз болып оралған.
Жеңіске лайықты Лола
12 сыныптың оқушысы Лола Ахмедова да – «Әсем-ай» би тобының белді мүшесі. Интернатта тәрбиеленген биші қыздармен бірге Астана қаласында өткен республикалық байқауда жүлде алған. Мың бұралып билейтін өнерінен бөлек спорттан да алшақ емес. Бір өзі спорттың шахмат, қол күресі, голбол түрлерімен айналысады. Шахмат спортынан жасөспірімдер арасында облыс чемпионы, ел чемпионатының күміс жүлдегері.
Мектеп-интернаттың голболшылар құрамасы сапында республикалық турнирдің қола жүлдесіне қол жеткізген. Қол күресінен жасөспірімдер арасында ел чемпионы, Әлем кубогының күміс жүлдегері. Домбырашылар үйірмесінен де талай жыл тәлім алған. Мектеп – интернаттың «Мұрагер» орке стрінің мүшесі. Нақ осы оркестрдің домбырашы өнерпаздары мен бірге республикалық байқауда жеңімпаз атаныпты.
Елдің құрметіне бөленген Еламан Арнайы мектеп-интернатына екінші сыныпта қабылданған Еламан Салауаттың осында білім алып жүргеніне тоғыз жыл. Жуалы ауданының Түктібай ауылынан келген. Апта сайын ауылына барып келу оған аса қиынға соқпайды. Әкесі Дәулет пен анасы Жазираның ыстық құшағына асығып тұратын сәттері аз емес. Өзінен үлкен үш бауырын көріп қайту да – бақыт. Еламан спорттық үйірмелерге барып, ән айтуға машықтанып жүр. Қол күресінен жасөспірімдер арасында облыс чемпионы, халықаралық турнирдің қола жүлдегері. Әнге бейімділігі өте жоғары. 2018 жылы Алматы қаласында өткен оқушылар арасындағы халықаралық ән байқауында бас жүлдені иеленсе, 2023 жылы оқушылар арасындағы «Жұлдызай» республикалық өнер байқауында «Ән» аталымы бойынша бірінші орынға лайық деп танылды.
Әр жетістіктің мәнісін түсінген Мәншүк
Білім ордасының тағы мақтаулы шәкірттерінің бірі – Мәншүк Әмірбек. Оны мектеп интернатқа ең алғаш рет әкесі Мәди әкеліп табыстапты. Сабақ үлгерімі өте жақсы. Анасы Айнұрды, барлық бауырларын мұнда жүріп сағынады. Өзге балалар секілді Мәншүктің де спортқа да, өнерге де бейімділігі жоғары. Спорт бойынша голбол, шоудаун үйірмелеріне қатысып, алдағы жарыстарда жеңіске жету жолдарын қарастыруда. Мектеп ұстаздары әр жетістіктің еңбекпен, төгілген термен, үлкен ізденіспен келетінін үнемі айтып жүр. Мәншүктің көркемсөз оқуға, белгілі ақындардың өлеңдерін көпшілікке нақышына келтіріп жеткізуге деген қабілеті жоғары. Көркемсөз, поэзия оқу бойынша республикалық «Жарық жұлдыз» байқауында жүлделі екінші орынды иеленіпті. Әрине әр оқушының мұндай жетістіктері арнайы мектеп-интернат үшін мақтаныш. Мектебінің мерейін көтеріп жүргендердің арасында Мәншүк Мәдиқызы да бар. Ол драма үйірмесіне де қатысып, қабілетін шыңдап келеді.
2023 жылы білім ошағының драма үйірмесі облыстық байқауға Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» қойылымын ұсынған екен. Сол қойылымда Мәншүк Әмірбек басты кейіпкер – Айшаның рөлін сомдап шығыпты. Облыстық байқау Асқар Тоқпанов атындағы академиялық драма театрында өтіпті. Аталған театрдың белгілі актерлері қазылар құрамында отырған. Міне, осылайша облыстық академиялық драма театрының киелі сахнасында өнер көрсеткен аталған үйірме мүшелерінің жолы болыпты. Бұлар сахналаған «Ай мен Айша» қойылымы байқаудың «Ең үздік спектаклі» аталымын иеленген. Бұл да табанды еңбектің жемісі екені анық.
Аяқдоптың шебері Алмас
Жоғарыда айтып өткеніміздей, арнайы мектеп-интернатта босқа қарап жүрген бала жоқ. Барлығының бір салаға бейімділігі бар. Сол жолда тыным таппай ізденіп келеді. Солардың бірі – Алмас Сүйінбай. Оның отбасы Тараз қаласында тұрады. Бес бауырдың ішінде екіншісі болып дүние есігін ашыпты. Анасы Балнұр Көбегенова бес баланы жеткізу жолында жанталасып, алға ұмтылып жүргені анық. Алмастың да жолы болып, өмірден өз орнын тапқанын қалайды. Алмас Бағдатұлы да ана тілегін жақсы түсінеді. Қолынан келсе, өзін өмірге әкелген адамды үнемі қуантуға күш салады. Сол мақсат жолында мектептің бірнеше спорт үйірмесіне қатысып, шеберлігін шыңдап жүр. Қол жеткізген нәтижелері де көңіл қуантады.
Атап айтқанда, парафутболдан спорт шеберлігіне үміткер. Облыстың оқушылар құрамасы сапында ойнап, республикалық чемпионатта қола жүлдеге қол жеткізген. Бұдан бөлек шахматтан да жетістіктері жаман емес. Қалалық жарыста жеңіске жетіп, облыстық жарыста да сәтті өнер көрсеткені бар. Әрине шахмат спортын алдағы уақытта да шебер меңгеріп, жақсы нәтиже көрсетуге бар күшін салатыны анық. Шахмат деген ойлы адамдардың ойыны. Оны жаныңа серік етудің өз жетістігі бар.
Кейіпкерлерді шебер сомдаған Шархат
Шархат Байгөбек – арнайы мектеп-интернаттағы арманшыл, өзіне жоғары талап қоятын балалардың бірі. Биыл 12 сыныпта оқиды. Парафутболға да қатысады. Домбырашылық өнері де бар. Күй тартудың нағыз шебері. Интернаттың домбырашылар оркестрі құрамында республикалық «Жұлдызай» байқауына қатысып, бірінші жүлдені иеленген. Ол оркестр мүшелерімен бірге «Қосалқа», «Ерке сылқым», «Тепеңкөк», «Ата толғауы» күйлерін шеберлікпен орындайды. Бұдан бөлек актерлік жағынан да бейімділігі бар.
Біз жоғарыда айтып өткен облыстық байқауда мақталған, «Болашақ» интернатының оқушылары Асқар Тоқпанов атындағы академиялық драма театрында сахналаған Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» шығармасында Барысханның рөлін Шархат Шубайұлы ойнап шығыпты. Бұл жерде оның актерлік өнерге де бейімділігі жоғары екенін байқауға болады. Ол мұнда Мойынқұм ауданы, Қылышбай ауылынан келген.
Есет ДОСАЛЫ