Спорт және туризм

Жамбыл спорты жаңғыру жолында

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында: «Дені сау ұлт – мемлекет дамуының басты кепілі. Әрбір азаматты спортқа тарту – болашаққа жасалған инвестиция», – деп атап өткеніндей, облыс спорты соңғы жылдары қарқынды дамып, тек республикалық емес, әлемдік аренада да абыройлы жетістіктерге жетіп отыр.

Тәуелсіздікке дейін қазақ спортшылары әлемдік ареналарда Кеңес дәуірінің атынан өнер көрсетіп, абыройымызды асқақтатқанымен, тікелей Қазақ елінің мәртебесін көтеру мүмкіндігі болмаған еді. Сол дәуірдің батырлары – Әлжан Жармұхамедов, Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаев пен Ғұсман Қосанов сынды спортшылар әлемдік чемпионаттар мен Олимпиада ойындарында топ жарып, көзге түсті.

Тәуелсіздіктің алғашқы Олимпиадасы – 1996 жылы Атлантада жамбылдықтар алғашқы алтын мен күміс медальдарға қол жеткізді. Ермахан Ыбырайымов, Болат Жұмаділов және Болат Ниязымбетовтің жетістіктері кейінгі жас спортшыларға үлгі болды. 2004 жылы Афинада Бақтияр Артаев бокстан алтын медальді жеңіп алып, «Вэл Баркер» кубогін елге әкелді. Өзге Олимпиадаларда да еліміздің спортшылары биік тұғырдан түскен жоқ. Елдос Сметовтің Рио-де-Жанейро мен Токиодағы жетістіктері, пара жүзуден Нұрдаулет Жұмағалидың күміс жүлдесі – Жамбыл спортындағы мақтаныштар қатарында.

Бүгінде облысымыз спорт инфрақұрылымын дамытудың нақты үлгісін көрсетіп отыр. 2024 жылы облыста 115 спорт нысаны пайдалануға берілсе, оның ішінде 9 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 3 спорт кешені және 103 спорт алаңшасы бар. Былтырғы жылы тағы 13 спорт нысаны пайдалануға беріліпті. Құмшағалдағы заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені, «Тараз-Арена» спорт сарайы, ауылдық елді мекендердегі спорт алаңдары – жастарға спортқа қатысуға тең мүмкіндік береді. Бұқаралық спорт саласында да айтарлықтай алға жылжу бар. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жүйелі түрде спортпен айналысатындар саны 514,9 мың адамға, яғни облыс тұрғындарының 44,8 пайызына жетті.

Ауылдық жерлерде 290 спорт нұсқаушысы жұмыс істеп, 4286 спорттық іс-шара өткізіліп, онда 400 мың адам қамтылған. Жамбылдық спортшылар республикалық және халықаралық жарыстарда 1856 медаль жеңіп алды. Көкпардан жастар құрамасы 9 және ересектер құрамасы 15 рет ел чемпиондығын иеленді. Еркін күрестен облыс құрамасы бесінші жыл қатарынан ел чемпионы сонымен қатар, бокс, дзюдо және футболдан жасөспірімдер құрамалары жалпы есепте жеңімпаз атанды. Токиодағы Сурдлимпиадаға 12 спортшы қатысып, 1 алтын, 3 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды.

Құрамамызда ұлттық деңгейдегі дарындар – Ерғали Әлішер, Дулат Бекбауов, Бақтияр Артаев, Елдос Сметов сынды спортшылар халықаралық жарыстарда еліміздің туын биікке көтерді. Жамбылдық спортшылар 2026 жылы да әлемдік аренада ел атынан бақ сынауды көздеп отыр. Оның ішінде Азия чемпионаты, Әлем чемпионаттары мен халықаралық турнирлер бар. Президент Жолдауында айтылғандай, спорт инфрақұрылымын кеңейту, жоғары жетістіктер спортына қолдау көрсету және бұқаралық спортты дамыту – мемлекеттік міндеттің басты бағыты. Облыста бұл міндет толығымен жүзеге асырылып, 2465 спорт нысаны жұмыс істеп тұр.

2026 жылы 13 жаңа спорт нысаны пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жастар мен балаларға арналған 7 жастан 17 жас аралығындағы 8 спорт түрі бойынша клубтар жұмыс істейді. Атап айтқанда, жасөспірімдер футбол, баскетбол, волейбол, қазақ күресі, самбо, дзюдо, бокс, кикбоксинг спортымен еркін шұғылдана алады.

Қорыта айтқанда, Әулиеата өңірі спорттық әлеуеті жоғары өңірге айналды.

 

Нұрханым АМАНЖОЛ

№49 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы.

Тараз қаласы