Адами құндылықтар заңмен қорғалады
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы бұқаралық ақпарат құралдарына жарияланысымен ол халықтың талқылануына түсуде. Ата Заңның жобасымен біз де хал-қадірімізше танысқан соң ой-пікірімізді ортаға салсақ дейміз. Жобада атап көрсеткендей, «байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып, Ұлы Даланың мың жылдық тарихының сабақтастығын сақтап, мемлекеттің унитарлы сипатын, оның шекарасы мен аумағының тұтастығына қол сұғуға болмайтынын нақтылап...» деп басталуынан-ақ жүрегімізге қуаныш ұялады. Осы сөзден-ақ Қазақстанның біреулер айтып жазып жүргеніндей Қазақ мемлекетінің бүгін емес, мың жылдық тарихы бар екеніне нақты жауап беріліп отыр. «Мемлекеттің ең жоғарғы құндылығы адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары заңмен қорғалады» деп тайға таңба басқандай түйінделді.
Бүгінгі күні жұртшылық арасында тіл мәселесі талқыға түсуде. Ол жайлы алуан-алуан пікірлер айтылып жатқандықтан, оған тоқтамауды жөн көрдім. Маған әсіресе жобаның 16-бабындағы: «Заң мен сот алдында бәрі тең» деген тұжырымы ұнайды. Иә, шын мәнінде өмір сүру құқығы – әр адамның абсолютті және ажырамас құқығы. Сондықтан оны қорғауға кепілдік беру заңмен қорғалады. Қазір жасыратын не бар?
Адамның ақылына сыймас зорлық-зомбылықтар орын алып жатыр. Әсіресе соңғы кездері отбасындағы зорлықзомбылықтар ойланарлық дәрежеге жетті. Оның ішінде аналардың құқығы аяқ асты болуда. Оған дәлел Түркістан облысындағы Нұрайдың қаза табуы. Соңынан аңдып, көнбеген қызды пышақтап өлтіру – бұл енді нағыз айуандық. Тіпті бір еркек қызғаныштан әйелін пышақтап мерт етті. Осындай зұлымдықтардың орын алмауы үшін, осыдан 3-4 жыл бұрын ғана заңға өзгертулер енгізіліп, кейбір баптары әкімшілік құқық бұзушылықтан қылмыстық құқық бұзушылыққа ауыстырылған еді.
Алайда ол өзгерту де қылмысқа тосқауыл бола алмауда. Меніңше, оның бір себебі – шағымданған кезде кейбір полиция қызметкерлерінің әрекетсіздігінен болып отырғандығы. Сонымен қатар отбасы құндылықтары туралы да бұрынғы Ата Заңда нақты көрсетілмеген. Ал жаңа жобаның 30-бабында:
1. Неке және отбасы, ана, әке мен бала мемлекет қорғауында болады.
2. Неке – еркек пен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы.
3. Балаға қамқорлық жасау және тәрбие беру ата-ананың етене құқығы әрі міндеті.
4. Кәмелетке толған еңбекке қабілетті балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға міндетті, – деп ашық әрі нақты жазылып отыр.
Демек, ажыраспай жатып, әйелінің еркінен тыс екінші, үшінші адамға үйленіп отбасын құруға жол жоқ. Заңды түрде ажырасып қана отбасын құра аласыз. Сонымен бірге кейінгі кездері «тоқал аламыз» деген талапқа да тосқауыл қойылды. Қазақта «Қазақ байыса, қатын алады» деген кекесінді мақал бар. 3-4 әйелге үйленсе, қазақтың санын көбейтеміз деген сөз бос әңгіме. Оның үстіне бар отбасын сақтап, ұрпақ көбейткен жөн. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде: «Үйленіңдер, отбасын құрыңдар, ұрпақты көбейтіңдер», – делінген.
Бізде қазір ұрпақ көбейтпек түгілі үйленбеген, бойдақ адамдар көбейді. Жақында мен бір ауылда болдым. Мектепте 260-ақ оқушы бар екен. Оның себебін сұрасам, сол ауылда бойдақтар саны 70- ке жетіпті. Алдының жасы 60-қа, соңғысының жасы 20-ға жеткен. Сылтаулары жұмыс жоқтыққа келіп тіреледі. Ал ажырасу жөнінен еліміз дүние жүзінде үштіктің қатарында жүр. Қаншама қаракөз қыздарымыз аборт жасатып, Тәңірінің аманатына қиянат жасауда. Көршілес Өзбекстанда соңғы 30 жылда халқының саны 40 миллионға жетті. Ал бізде қазақтың саны 15 миллионға әрең жетіп отыр. «Неге?» деген сауал туады. Себебі ол жақта отбасы құндылығы ұлттың ұяты саналады. Тіпті қарияларын қарттар үйіне өткізу дегенді ұят санайды. Осыдан кейін біздің соншалықты майдаланып кеткенімізге таңғаламын. Бұл – ұлт болып ойланатын мәселе деп ойлаймын. Халқымыз: «Бір төл туса, бір түп жусан артық шығады», – демеуші ме еді? Той жасаудан тоймайтын, бір күндігін ғана ойлайтын ағайынға айтарымыз, болашағымызды ойлап, тамырымызға балта шаппайық. Конституцияның жаңа жобасы – соған үндейді.
Ата Заңның жаңа жобасында адами құндылықтарды ұлықтайтын баптар жетерлік. Сонымен қатар жобаға трайбализмге тоқтау салатын баптарды да енгізген жөн сияқты. Өйткені соңғы жылдары еліміздің әр өңірінде руларын дәріптеп, ән, қолдан хан, сұлтан шығарып, елдің арасына іріткі салушылар көбейді. Бұл туралы Мемлекет басшысы қолдан аңыз ұйымдастыруды доғарып, бір ұлт болып алға жылжуымыз керек деп үнемі айтып келеді. Оның есесіне қазақстандық тауарлар шығарып, өндіріс орындарын ашып, әлемдік нарыққа шығаруды қолға алатын кез келді. Қорыта айтқанда, жұртшылық талқысына түсіп жатқан жаңа Конституцияның жобасы адами құндылықтардың бәсін көтеріп, бізді жаңаша ойлауға және нақты әрекет етуге жұмылдырып отыр. Сондықтан оны әрбір азамат оқып, ой түйіндесе, өркениет көшіне ілесетініміз хақ.
Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ
облыстың үздік биі, ақпарат саласының үздігі