Құқық

Дұрыс таңдау – болашақтың негізі

Тараз қаласындағы Оқушылар сарайында «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында облыс прокуратурасының бастамасымен «Дұрыс таңдау – болашақтың негізі» атты ауқымды профилактикалық кездесу өтті. Жастардың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған бұл жиын ашық диалог форматында ұйымдастырылып, тағылымы мол телекөпірге ұласты.

Іс-шараға 300-ден астам мектеп оқушылары мен колледж студенттері қатысты. Сонымен қатар жиынға облыс прокуратурасы, облыстық полиция департаменті, облыс бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің және облыс бойынша Адам құқықтары жөніндегі өкілі, танымал спортшылар да атсалысты. Телекөпірдің мақсаты – жастардың қылмыстық ортаға тартылуының алдын алу және әрбір жасөспірімнің өз болашағына жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру.

Жиында кіріспе сөз сөйлеген облыс прокурорының бірінші орынбасары Азамат Күренкей заңды құрметтеу – өркениетті қоғамның басты өлшемі екенін атап өтті. Ал облыс прокурорының аға көмекшісі Данияр Кемелхан жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Облыс әкімінің орынбасары Алтай Әлі жастар саясаты мен құқықтық мәдениетті нығайту мәселесіне назар аударса, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі Еркін Қуанышев азаматтық жауапкершілік пен заң алдындағы теңдік қағидаттарын түсіндірді. Сондай-ақ полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Мақсат Қанапияев құқық бұзушылықтар үшін көзделген жауапкершілік шараларын нақты мысалдармен баяндап берді. Кездесу барысын да «Есірткі тасымалдаушы жігіттің оқиғасы» атты бейнеүзінді көрсетіліп, қатысушыларға оңай табысқа алданудың соңы қандай ауыр салдарға әкелуі мүмкін екені әсерлі түрде жеткізілді.

Бұдан бөлек сотталған азаматтар бейнебайланыс арқылы қосылып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Олар жіберген қателіктері жайында ашық айтып, жастарды мұндай жолға түспеуге шақырды. Әсіресе «ештеңе болмайды» деген жаңсақ ойдың адам тағдырын күрт өзгертуі мүмкін екені ерекше атап өтілді. Басқо суға жаст арға жігер беріп, адал еңбек пен табандылықтың маңызын түсіндіру мақс атында танымал спортшылар да қатысты. Қазақстандық боксшы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ғани Жайлауов өз жетістіктерінің артында тәртіп пен тынымсыз еңбек тұрғанын айтып, жас буынды дұрыс жол таңдауға үндеді. Ал пара жүзуден Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген спорт шебері Зүлфия Ғабидуллина өмірдегі жеңістің кілті – сенім мен табандылықта екенін атап өтті.

Кездесу соңында оқушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, мамандардан нақты жауап алды. Ашық форматтағы әңгіме –жастардың құқықтық санасын қалыптастыруда мұндай кезде сулердің маңызы зор екенін көрсетеді.

 

Мақпал СҮЙІНБАЙ