Аймақ

Тұрғындар тарапынан орынды сын-ескертпелер бар

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев облыс орталығы – Тараз қаласындағы қар тазалау және автожолдарды қысқы күтіпұстау жұмыстарының барысын тексерді.

Аймақ басшысы орталық алаңнан бастап, бірқатар шағынауданды аралап, нақты ахуалмен танысты.

Өңір басшысы бұл ретте Әулиеата және Жібек жолы аудандары әкімдерінің ұйымдастырушылық қабілеті маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Шағынаудандар мен қала маңындағы тұрғын алабтарды кезеңкезеңімен тазалау, жұмыстарды тікелей бақылауда ұстау міндеттелді. Сонымен қатар құрылыс компанияларының техникаларын да қар күреуге жұмылдыруды тапсырды.

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековке коммуналдық қызметтердің жұмысын үздіксіз ұйымдастыру, әлеуметтік нысандар аумағын қардан тазалау және қоғамдық көліктер қозғалысының тұрақтылығын қамтамасыз ету жүктелді. Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Алтай Әліге облыстың барлық аудандарындағы жағдайды назардан тыс қалдырмау ескертілді. Қазіргі таңда қала аумағында қар тазалау және инерттік материалдар себу жұмыстарына 486 жұмысшы мен 80 бірлік арнайы техника жұмылдырылған.

 

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі