Сел қаупі жоғары аймақтарды зерделеу керек
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев облыс аумағындағы ауа райының қолайсыздығына байланысты өңірлік жедел штаб отырысын өткізді.
Жиында республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарды қысқы күтіпұстау, су қоймаларының жағдайы, жолкөлік оқиғаларының алдын алу, мал қыстату орындарындағы ахуал, жем-шөп қоры мен қысқы отынмен қамту мәселелері жан-жақты қаралды. Тараз қаласы мен аудан әкімдері, сондай-ақ тиісті департаменттер, басқармалар мен кәсіпорын басшыларының есептері тыңдалды.
Облыс әкімі соңғы екі күнде өңір аумағында қар толассыз жауып жатқанын атап өтті. «Қазгидрометтің» болжамына сәйкес алдағы күндері де қар жауып, екпінді жел соғып, күннің күрт жылынуы күтіледі. Бұл қардың тез еруіне және су басу қаупінің артуына әкелуі мүмкін.
Жиын қорытындысы бойынша ауа райы болжамын күн сайын бақылауда ұстау, су қоймаларындағы су көлемін тұрақты қадағалау, су тасқыны кезеңінің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету, елді мекендерден қарды уақтылы шығару және сел қаупі жоғары аймақтарға тұрақты зерделеу жүргізу тапсырылды.
Сонымен қатар арық-атыздар мен су өткізу құбырларын қар мен мұздан тазалау, жолдар мен көпірлердің жай-күйін бақылауда ұстау, көлік пен жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрғындарға алыс жолға шықпау жөнінде ескерту жұмыстарын күшейту міндеттелді.
Бұдан бөлек Сарысу ауданы Жаңатас қаласында қатты желден зардап шеккен тұрғын үйлердің шатырын қалпына келтіру жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтау міндеті жүктелді.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі