Жаңалықтар

Таразда жазасын өтеушілер медициналық тексерістен өтті

Егемен еліміздің ең басты әрі ең қымбат қазынасы – адам. Ал әрбір адамның дені сау болуы – баға жетпес байлық. Бұл ретте сот үкімі негізінде кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айырылған не бас бостандығы шектелген жазасын өтеуші сотталғандардың денсаулығы назардан тыс қалмайды.

Осы орайда бүгін өңірлік Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №26 мекемесіндегі жазасын өтеушілерге профилактикалық медициналық тексерістер жүргізілді. Қоныс колониясындағы сотталғандарды медициналық қамтамасыз етуді мақсат еткен шараны тәжірибелі әрі білікті дәрігер-мамандар жүзеге асырды. Тексеру барысында сотты болған азаматтардың біріне медициналық ұсыныстар тағайындалса, ал кейбіреулері үшін жоспарлы емдеудің алғышарттары түзілді. 

Айта кетейік, аталған мекеме басшылығы облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасына қарасты емханалармен өзара тығыз байланыс орнатып, нәтижелі жұмыс атқарып келеді. Ал жазасын өтеушілерді медициналық тексерістен өткізу жұмыстары алдағы уақытта өз жалғасын табады.