Байлыққа қалай жетуге болады?
Қазіргі қоғамда бай болу ұғымы әртүрлі түсіндіріледі. Біреулер үшін байлық дегеніміз қымбат көлік пен сәнді үй болса, енді біреулер үшін ол еркіндік пен тұрақтылықтың белгісі. Алайда уақыт өткен сайын адамдар байлықтың тек материалдық игілікпен өлшенбейтінін түсіне бастады. Нағыз бай адам ертеңгі күніне алаңдамайтын, өз өмірін өзі басқара алатын және қаржылық тұрғыдан тәуелсіз тұлға ретінде қалыптасқан жан болып саналады.
Бай болудың ең басты құпиясы адамның ойлау жүйесінде жатыр. Ақшаға деген көзқарас дұрыс қалыптаспайынша, табыс қанша көп болса да, нәтиже болмайды. Көп жағдайда адамдар аз табысқа емес, ақшаны дұрыс жұмсай алмауына байланысты қиындыққа тап болады. Ай сайын тұрақты жалақы алып жүріп те қарызға батып жүрген жандар аз емес. Бұл қаржылық мәдениеттің әлсіздігін көрсетеді. Ал бай адамдар табыстың көлемінен бұрын оны басқаруға мән береді.
Ақшаны басқару дегеніміз оны есептеу, жоспарлау және бақылау. Бұл дағды бір күнде қалыптаспайды. Күнделікті өмірде ұсақ көрінетін шығындар уақыт өте келе үлкен сомаға айналады. Сол себепті әр адам өз табысы мен шығынын саралап, қай бағытқа қанша қаржы жұмсалатынын біліп отыруы қажет. Ақша қолда тұрғанда емес, дәл осындай есеп пен тәртіп бар кезде көбейеді. Үнемдеу мәселесіне келгенде қоғамда екіұдай пікір бар. Кейбіреулер үнемдеуді жоқшылықтың белгісі деп қабылдайды. Ал шын мәнінде, үнемдеу байлықтың негізін қалайды. Үнемшіл адам өз ақшасын қадірлейді, қажетсіз дүниеге жұмсамайды және болашағын ойлайды. Бай адамдардың басым бөлігі дәл осы қасиеті арқылы жетістікке жеткен. Олар табысының белгілі бір бөлігін міндетті түрде жинаққа қалдырып отырады және бұл әдет жылдар бойы өзгермейді.
Қарыз мәселесі де байлық жолындағы үлкен кедергілердің бірі. Қазіргі заманда несие алу оңай, ал оны қайтару қиын. Көп адам бүгінгі рахат үшін ертеңгі мүмкіндігін құрбан етеді. Тұтынушылық несие адамды байытпайды, керісінше қаржылық тәуелділікке байлайды. Бай адамдар қарызды өте сақтықпен пайдаланады және тек пайда әкелетін бағыттарға ғана жұмсайды. Олар үшін әр алынған қаржы ертең табыс әкелуі тиіс. Табысты арттыру жолында тек үнемдеумен шектелу жеткіліксіз. Ақшаны көбейту үшін әрекет қажет. Бір ғана жалақыға сеніп отыру адамды шектейді. Қосымша табыс көзін іздеу, өз қабілетіне сай кәсіппен айналысу немесе жаңа дағдыларды меңгеру қаржылық мүмкіндікті кеңейтеді. Қазіргі технология дамыған заманда табыс табудың жолы көп, тек соны көре білу және батыл қадам жасау қажет.
Білім мен дамуда бай болудың ажырамас бөлігі. Ақша туралы білімсіз адам оны дұрыс пайдалана алмайды. Қаржылық сауаттылық адамға тәуекелді есептеуге, мүмкіндікті бағалауға және дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі. Өзін дамытуға қаржы мен уақыт жұмсаған адам ұзақ мерзімде ұтады. Себебі білім адамды кез келген жағдайда жол таба алатын деңгейге жеткізеді. Байлық пен мінездің байланысы да ерекше. Тәртіпті, сабырлы және жауапкершілігі жоғары адам ғана қолындағы мүмкіндікті сақтай алады. Байлық кездейсоқ келген жағдайда да оны ұстап тұру үшін ішкі дайындық қажет. Эмоцияға берілетін, жоспарсыз әрекет ететін адам қаржылық тұрақтылыққа жете алмайды. Сондықтан бай болу үшін алдымен адамның ішкі мәдениеті қалыптасуы тиіс.
Қорытындылай келе, бай болудың құпиясы бір ғана формуламен шектелмейді. Ол адамның ойлау жүйесінен басталып, күнделікті әдеті мен шешімінен көрініс табады. Ақшаны дұрыс басқару, үнемдеу, табыс көзін көбейту және үздіксіз даму қаржылық еркіндікке жетелейді. Байлық сыртқы дүниеден емес, ішкі жауапкершіліктен басталады. Өз өміріне жауапкершілікпен қараған адам ғана шынайы байлыққа қол жеткізе алады.
Мақпал СҮЙІНБАЙ