Экономика

Өз кәсібін ашқандар қолдауға ие

«Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырылғалы бері елімізде ауыл шаруашылығы кооперациясы тұрақты дамып келеді. Мәселен, 2023 жылы Президент бастамасымен ел көлемінде ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы аясында ауылдық елді мекендер мен шағын қала тұрғындарының бизнес-жобаларын 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 5 жылға дейінгі мерзімге, ал мал шаруашылығы саласында 7 жылға дейін несиелеу және лизинг беру қарастырылған. Кооперативтер үшін қаржыландыру көлемі ұлғайтылған.

Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау ережелері аясында субсидиялау шарттары жеңілдетілген. Мәселен, жеке шаруа қожалықтарынан кооперативтер үшін кейбір бағыттар бойынша тіркеу нөмірі мен ауыл шаруашылығы жерінің болуы талап етілмейді. Жүйелі мемлекеттік қолдаудың арқасында ауыл шаруашылығы кооперативтерінің саны 2019 жылы 2840-тен 2024 жылы 4465-ке дейін, яғни 1,5 есе артты.

Мемлекет басшысының АӨК-тегі кооперацияны дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жер ресурстары мен инфрақұрылымға қажеттілікті анықтау, агрокомпетенцияны арттыру, жобаларды сүйемелдеу және басқа да шараларды қамтитын кешенді іс-шаралар әзірленді. 2029 жылға дейін кооперацияны дамытуды ынталандыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Құжатта үздік тәжірибелерді тарату, кооперативтерді оқыту және сүйемелдеу, сондай-ақ фермерлер мен шаруа қожалықтары үшін түсіндіру және оқыту іс-шараларын өткізу қарастырылған. Кооперацияның ұзақмерзімді дамуы үшін асырау және өнімдік бағыттағы кооперативтерді субсидиялау және жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері енгізіліп жатыр.

2025 жылғы қыркүйекте «Аграрлық несиелік корпорация» желісі бойынша бордақылау алаңдарына айналымдық қаражатты толықтыруға меншік түріне қарай шектеусіз 5 пайыз мөлшерлемемен 12 айға дейінгі мерзімге ме жеңілдетілген бағдарлама іске қосылды. Мал шаруашылығын кешенді дамыту жоспары аясында несиелерді кепілдендіру тетігін енгізу және несие мерзімін 15 айға дейін ұлғайту жоспарланып отыр, бұл қаржыландырудың қолжетімділігін арттырады. Сондай-ақ тіркеу нөмірін алу үшін ветеринарлық-санитарлық талаптарды жеңілдету қарастырылған, бұл қолдау бағдарламаларына қатысушылардың санын арттырады.

Сонымен Үкіметтің қолдауына сүйене отырып, кәсіп бастаған азаматтар біздің облыста да бар. Мәселен, 2025 жылы «Ауыл аманаты» жобасының 5-бағытына (тұрғындардың өз кәсібін ашуы) басымдық беріліп, қайтарылған қаражат есебінен өткен жылы 3,7 миллиард теңгені құрайтын 517 жоба қаржыландырылған. Ауыл шаруашылығы және саладан тыс бағыттағы шағын кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 50-ден астам үлгілік жобалар тізбесі жасақталып, ауыл тұрғындарына ұсынылды.

Нәтижесінде техника жөндеу орталығы (ТЖО), кірпіш өндіру, тігін цехы, жылыжай, жиһаз цехі, өз-өзіне қызмет көрсететін көлік жуу сияқты және тағы басқа жобалар қаржыландырылған. «Ауыл аманаты» жобасының бірінші бағыты – үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану аясында Байзақ ауданы Түймекент ауылдық округінің тұрғыны Гүлжан Ноғаева «Жылыжай кешеніне арналған жабдықтар мен құрылыс материалдарын сатып алу» мақсатында 2025 жылдың ақпан айында 8 миллион теңге көлемінде несие алды. Ол жұмысын жүргізіп отырған «МЕДЕТ-2020» жеке кәсіпкерлігі бүгінгі күні бірнеше адамды жұмыспен қамтып, қияр өсіріп, тұрғындарға ұсыну үстінде. Ал Т.Рысқұлов ауданы Қайыңды ауылдық округі тұрғыны «Абзал» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Сәуле Кәмілжан «Ауыл аманаты» жобасы аясында «Аяқ киім өндіруге арналған жабдықтар мен негізгі құралдарды сатып алу» жобасын іске асыру шеңберінде 6,3 миллион теңге көлемінде несие алды.

Кәсіпкер былғарыдан аяқ киім өндіріп, облыс көлемінде тапсырыс қабылдап, өндірісін дамытуда. Сондай-ақ Т.Рыскұлов ауданына қарасты Құлан ауылдық округінің тұрғыны Еркін Сүлейменов «Ауыл аманаты» жобасы аясында «Қақпалар мен металл бұйымдарын өндіруге арналған жабдықтарды сатып алу» жобасына 7,3 миллион теңге көлемінде несие алды. Кәсіпкер металлдан ою-өрнекпен көмкерілген қақпалар мен түрлі металлдан әшекейленген бұйымдар шығарады.

Бүгінде «АYALA» жеке кәсіпкерлігі аудан көлемінде тапсырыс қабылдап, өндірісін ілгерілетіп келеді.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ