Ет экспорты артып келеді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығының жалпы өнімін екі есеге арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы саласын дамыту бойынша жүйелі шараларды қолға алды. Соның нәтижесінде елімізде соңғы жылдары мал шаруашылығы негізгі көрсеткіштер бойынша қарқынды дамып келеді.
Жалпы мемлекеттік қолдау шараларын іске асырудың нәтижесінде мал саны артып, өнім өндіру көлемі ұлғая түсті. Салаға заманауи технологиялар белсенді енгізіліп, саланың тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігі артуда. Республика бойынша айтатын болсақ, өткен жылдың қорытындысы бойынша мал шаруашылығының жалпы өнім көлемі 3,3 пайызға артып, 3,8 триллион теңгені құрады. 2024 жылы ол 3,3 триллион теңге болған еді. Ал мүйізді ірі қара басы 8,2 миллионға жетіп, өсім 2,4 пайызды құраса, қой мен ешкі саны 20,6 миллион басқа жетті. Жылқы – 4,6 миллион бас болса, түйе басы 294 мыңға жеткен, ал құс саны 48,6 миллион болды. Мал басының артуы ет өндірісінің артуына сеп.
Атап айтсақ, елімізде жалпы ет өндірісінің көлемі 2,7 пайызға өсіп, 1,2 миллион тоннаны құраса, ол алдыңғы жылы 1168,6 мың тонна болған еді. Сиыр сүтін өндіру 5 пайызға артып, 3,6 миллион тоннадан 3,8 миллион тоннаға жетті. Тауық жұмыртқасын өндіру 2,4 пайызға өсіп, 4,6 миллиардқа жетті.
Қазіргі таңда еліміз сиыр, қой, жылқы еттерімен және тағамдық жұмыртқамен толық қамтамасыз етілген. Экспорттық әлеуетті арттыру бағытында белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, 2025 жылы ет экспорты 24,8 пайызға өсіп, 91,3 мың тоннаға жеткен. Оның ішінде сиыр етінің экспорты 59,1 пайызға артып 31,3 мың тоннаны, қой еті – 92,8 пайызға өсіп 29,4 мың тоннаны құраған. Ал 2023 жылдан бастап жылдық 2,5 пайыздық мөлшерлемемен сүттауарлы фермаларын салуға арналған жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасы іске асырылып жатыр. Егер 2019 жылы елде 19 заманауи сүт-тауарлы фермасы болса, бүгінде олардың саны 100-ден асты, ал жиынтық қуаты жылына 500 мың тоннадан астам сүт өндіруге жетеді.
Алдағы үш жылда 118 жобаны іске асыру жоспарланып отыр, бұл сүт өндірісін 615 мың тоннаға арттырып, жалпы көлемін екі есеге ұлғайтуға мүмкіндік береді. Құс еті бойынша импортты алмастыру мәселесі жаңа құс фабрикаларын іске қосып, қолданыстағыларды кеңейту арқылы шешілуде. Инвестициялық жобаларды іске асыру нәтижесінде соңғы бес жылда құс еті өндірісі 157 пайызға өсіп, 2020 жылғы 236,5 мың тоннадан 2025 жылы 371,7 мың тоннаға жетті.
Алдағы үш жылда жиынтық өндіріс көлемі 241,3 мың тоннаны құрайтын тағы үш ірі жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Осылайша, 2029 жылға қарай сүт өнімдері мен құс еті бойынша ішкі нарық отандық өндіріс есебінен толық қамтамасыз етіліп, экспорттық жеткізілімдерді кеңейтуге жағдай жасалады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2026-2030 жылдарға арналған Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары бекітілді. Құжатта жылдық 5-6 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген кредиттеу, «Даму» институты арқылы кепілдендіру тетіктері, селекциялық жұмысты дамыту, жемшөп базасын нығайту, ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экспорттық нарықтарды кеңейту секілді мемлекеттік қолдаудың жаңа құралдары көзделген.
Кешенді жоспарды тиімді іске асыру 2030 жылға қарай мүйізді ірі қара санын 12 миллионға, қой санын 28 миллионға дейін арттыруға, ет өндірісін 1,8 миллион тоннаға, сүт өндірісін 4,2 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға, ал ет экспортының көлемін екі есеге арттырып, 165 мың тоннаға дейін жеткізуге жол ашады деп жоспарлануда.
Облысымыздағы ауыл шаруашылығы саласына тоқталар болсақ, бүгінгі күні бұл салада өндірілген жалпы өнімнің 52 пайыздан астамы мал шаруашылығына тиесілі. Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлебек Құлекеевтің айтуынша, бүгінгі күні өңірдегі жалпы мал саны – 3,7 миллионды құрап, 2,7 пайызға артты. Мүйізді ірі қара саны – 441,6 мың басты құрап 2,8 пайызға, қой саны – 3,1 миллионды құрап 4,4 пайызға, жылқы саны – 197,2 мыңды құрап 13,3 пайызға, құс саны – 2,3 миллионды құрап, 18,6 пайызға көбейді.
Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде салада 230 мың тонна сүт өндіріліп 1,6 пайызға, 133,3 мың тонна ет өндіріліп 2,6 пайызға артқан. Нәтижесінде, мал шаруашылығында 220,7 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, 1,9 пайызға өсім көрсетті. Өткен жылы 6603 тонна ет өнімдері өндірілді. Ол Ресей, Қырғыз және Таяу шығыс мемлекеттеріне экспортталды. Бұдан бөлек, 20841 мал экспортқа шығарылды, оның 12136 мүйізді ірі қара, 6725 қой-ешкі, 1671 жылқы 309- ы басқа жануарлар. Экспортталған елдер Өзбекстан мен Қырғыз республикалары.
Ал өңірде «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 2019-2023 жылдары республикалық және жергілікті бюджеттен 42,2 миллиард теңге бөлініп, ол қаржыға 62 ауылдық округтегі 8028 жоба қаржыландырылса, өткен жылы кері қайтарылған қаражат есебінен 6,2 миллиард теңгені құрайтын 875 жоба іске асырылған. Өткен жылы жоба аясында 3,2 миллиард теңгені құрайтын 437 жоба қаржыландырылып отыр. «Өңірдің экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, жергілікті халықтың өмір сапасын арттыруға мүмкіндік беретін – ол инвестициялық жобалар. Сондықтан облыстың агро саласында 2027 жылға дейін құны 318,1 миллиард теңгеге 1,4 мың жұмыс орнын құруды көздейтін 20 жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде сүт тауарлы фермалары, құс фабрикалары, қой және балық шаруашылығы, көкөніс сақтау қоймаларды, су үнемдеу технологиялары мен қайта өңдеу жобалары бар. Осы жобаларды жүзеге асыру аясында трактор-машина парктері жаңарып, кооперативтер ауыл шаруашылығы техникасымен қамтылуда. Сондайақ жұмыс тиімділігін арттыру үшін шаруашылықтар жаңа технологияларды батыл енгізудің арқасында мал саны өсіп, сүт және ет өндірісінде оң динамика қалыптасып отыр», – дейді аталған басқарма өкілі.
Марат ҚҰЛИБАЕВ