Бауыржан есімді 249 әскери қызметші бар
Өткен жылы аты аңызға айналған қолбасшы Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толды. Ал есепті кезеңде Ұлттық ұлан қатарында Бауыржан есімді 249 әскери қызметші Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған. Бұл есім еліміздің тарихында да, әскери дәстүрде де ерліктің, ар-намыстың, сондай-ақ Отанға қалтқысыз қызмет етудің нышанына айналып үлгерді.
Айта кету керек, Бауыржан есімі еліміздің Қарулы Күштерінде айрықша орын алады. Бұл – ең әуелі аты аңызға айналған қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, жазушы әрі ойшыл Бауыржан Момышұлының өмір жолымен тікелей байланысты. Оның тағылымға толы ғұмыры мен майдандағы тәжірибе сі Отан қорғаушылардың талай буынына рухани бағдар болды. Батырдың тәртіп, жауапкершілік пен отансүйгіштікке негізделген қағидаттары бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Ұлттық ұланның 5571 әскери бөліміне Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының есімі берілген. Жеке құрам үшін бұл зор мәртебе ғана емес, сонымен қатар әскери-қызметтік міндеттерді орындау барысында кәсібилік, табандылық пен адалдық танытып, ұлы батырдың атына лайық болу қажеттігін еске салатын жоғары жауапкершілік.
Атап өтерлігі, былтырғы жылы аты аңызға айналған қолбасшының туғанына 115 жыл толуына орай Ұлттық ұлан бөлімшелерінде әскери-патриоттық рухты нығайтуға, тарихи жадты сақтауға, жас әскери қызметшілер арасында қаһарманның өнегесін кеңінен насихаттауға бағытталған еске алу, тәрбиелік, ақпараттық іс-шаралар ұйымдастырылған.
Қазір таңда Бауыржан Момышұлының «Соғыс психологиясы» мен «Ұшқан ұя» еңбектері құқықтық тәртіп әскерлеіндегі мемлекеттік-құқықтық, жауынгерлік даярлықтың рухани-тәжірибелік негізіне айналды. Ал Ұлттық ұлан сапында Бауыржан есімді жүздеген ұландықтың қызмет етуі – әскери дәстүрлердің сабақтастығы мен қазақ халқының жауынгерлік даңқы тарихында мәңгілік орын алған тұлға мұрасының айқын белгісі ретінде қабылданады.
Есен ӨТЕУЛІ