Адам мамандықты қабілетіне қарай игереді
Әрбір жас тұлғаның өмірден өз жолын адаспай табуына ықпал ететін фактордың бірі – мамандық таңдау. Сондықтан да болар, бүгінде заманауи білім беру кеңістігінде өскелең ұрпақты кәсіби бағдарлау мәселесі өте өзекті. Т.Рысқұлов ауданы Қазақ ауылының Мұхтар Әуезов атындағы тірек мектебінде жоғары сынып оқушыларына кәсіби бағдар беру мақсатында «Мамандығым – мақтанышым» атты кездесу ұйымдастырылды. Бұл іс-шарада мамандық таңдау кезеңінде тұрған оқушыларға бағыт-бағдар беріп, таңдау мүмкіндіктерін шешуіне ықпал ету көзделді. Оқушылардың өз ойын еркін айтуға, басқаның пікірін сыйлай білуге, жүйелі ойлауға баулу, олардың қоғамға деген азаматтық позициясын қалыптастырып, отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсат етілді.
Мектептің 9, 10, 11-сынып оқушылары қатысқан басқосуға ақпарат және мәдениет салаларының ардагері Қаржаубай Сыдықназартегі, Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театрының актері, театр майталманы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Жүніс Әлімбек және басқа да осы ауданнан шыққан журналист, қаламгерлер мен әр саланың мамандары шақырылған. Олар өздері еңбек етіп жүрген саланың қыр-сырын айтып, оқушылардың сұрақтарына жауап берді.
Театр өнеріндегі қызықтарды әңгімелеген Жүніс Әлімбек актерлікке бейім балаларды қызықтыра түсті.
Мектеп – оқушыларға тек білім мен тәрбие беріп ғана қоймай, олардың болашағына даңғыл жол салады. Әрбір шәкірттің ертеңіне алаңдаған ұстаз олардың кемел келешектің иесі болуын көздейді. Қазіргі білім беру жүйесіндегі жаңа мазмұн білімнің тұлғаға бағытталуын, олардың белгілі бір мамандықты игеруіне ықпал етуін қамтиды. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстармен мектеп директоры Мадина Сәрсенова таныстырды.
Мектеп басшысының айтуынша, ауылда балалар тек мұғалімдерді, ауыл шаруашылығында еңбек ететін тракторшы, диқан, малшы секілді мамандарды ғана көріп жүр. Сондықтан жасөспірімдер еңбектің түрлі саласынан хабардар болуы үшін әр салада өз ісін шебер атқарып жүрген мамандарды шақырып, кәсіби бағдарға арналған іс-шара ұйымдастырылыпты. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әсем Ақылбекова мен кәсіптік бағдар беруші мұғалім Гүлмайдан Рысжанова ұйымдастырған кездесуде өнерпаз оқушылар ән шырқап, сахналық қойылым да көрсетті.
Әлемнің екінші ұстазы атанған Әбунасыр әл Фараби: «Адам кез келген жұмысқа жарамды бола бермейді. Жұмысты неғұрлым жетік және жақсы атқарса, білгір және шебер болып шығады. Қандай әрекет, қандай іс істесек те, содан рақмет табу, соның рахатын көру біздің мақсатымыз болып табылады», деген екен. Мамандықты дұрыс таңдау – табысты өмірдің кілті. Оқушыларының оң жол табуына барын сала еңбектеніп жүрген ұстаздарға және жас ізденушілерге сәттілік серік болсын дейміз.
Қамар ҚАРАСАЕВА