Жеңімпаз оқушылар білім додасына дайындалуда
Қай істе де бәсекелестік адамды шыңдайды, жұмысты жандандырады. Жасөспірімдердің білім алуында да түрлі байқаулар мен жарыстар оларды өз қатарластарымен сынға сала отырып, үйренуге, оқуға ынталандырады. Сондай доданың бірі – 9-11-сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада. Осы олимпиаданың республикалық кезеңі алдағы наурыз айының 13-інде басталады. Бір жарым айға жалғасатын айтулы білім бәйгесіне облысымыздың үздік оқушыларын дайындау мақсатында «Мөлдір бұлақ» облыстық оқу-сауықтыру орталығында оқу-жаттығу жүргізілуде. Оған қаңтар айында жалпы білім беретін 9-11-сынып оқушыларына арналған пән олиимпиадасының облыстық кезеңінен үздік болып шыққан жеңімпаздар қатысуда. Білімдарлығымен жеңімпаз атанған оқушылардың дайындық барысымен танысып, олардың ой-пікірлерін тыңдау үшін облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов орталыққа арнайы барды.
Аталған олимпиаданың облыстық кезеңіне өңіріміздің 708 оқушысы қатысқан болатын. Нәтижесінде 66 оқушы іріктеліп, алтын медальға, І орынға ие болған еді. Бұл үздіктер Жамбыл облысының құрама командасы болып есептеледі. Солардың ішінде 53-і бүгінде «Мөлдір бұлақ» облыстық оқу-сауықтыру орталығында оқужаттығуда арнайы шақырылған жаттықтырушымұғалімдерден дәріс алып, үлкен додаға дайындалып жатыр.
Құқық негіздері пәні бойынша олимпиадаға қатысушы оқушыларды дайындап жүрген жаттықтырушы Ерлан Наурызбаев Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінен шақырылған.
Заман талабына лайық білім мен тәрбие алуына бар жағдайды жасап отырған еліне ризашылықтарын білдірген оқушылар көптің сенімін ақтауда еңбектенуден аянбайтындарын жеткізді.
Қамар ҚАРАСАЕВА