Салтанатты түрде ашылған клубтың есігінде қара құлып тұр. Неге?
Қазіргі таңда әлеуметтік салаларға көбірек көңіл бөлініп, жаңа ғимараттар саны артып келеді. Дегенмен ауыл халқын қуантқан жаңалықтың кешеуілдеп кететіні жанға батады. Тұсауы кесілсе де, әлі күнге жұмысын бастай алмай жатқан нысанның бірі – Жуалы ауданы, Мыңбұлақ ауылдық округінің Көлбастау ауылындағы мәдениет үйі.
Жалпы аудан әкімдігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Сауырбаевтың айтуынша, бұл нысан құрылысына 188 миллион теңге қарастырылған. Соған қарамастан құрылысы 3 жылға созылып кетіпті. Мәдениет үйінің құрылысы 2026 жылға өтпелі болғанымен, «Бекстрой-2010» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2025 жылдың қараша айында нысанның құрылысын аяқтап, қажетті жабдықтарын сатып алып берген. Тіпті, аудан әкімінің орынбасары Айдос Асабаевтың қатысуымен аталған мәдениет үйінің ашылу салтанаты өткен жылдың қараша айында дүркіреп өткен. Ашылу салтанатына жиналған дүйім халықтың қуанышында шек болмапты. Міне, содан бері бақандай үш ай өткенімен, мәдениет үйінің меңгерушісі де тағайындалмаған, есігін қара құлып күзетіп тұр. Қараусыз қа лғаннан болар, іргетасының кейбір тұстарының сылағы түсіп, терезелерінің шытынағаны байқалады.
Біз ауданның құрылыс саласына қатысты мамандарымен барғанымызда үйі жақын жерде болса да, күзетші жігіт әрең келді. Тіпті, нысанның құлпын аша алмай әбігерленді. Сонысына қарағанда бұл ғимаратқа айлар бойы ешкім бас сұқпаған ба деген ойда қалдық. Жауапты бөлім басшысы Нұрсұлтан Талғатұлының жауабы да көңілімізді көншітпеді.
«Біз 2025 жылдың аяғында бұл құрылысты аяқтадық. Бірақ тек газға қосу жұмысы ғана қалған еді. Оған қажетті 20 миллион 723 мың теңге қаражатты дер кезінде мердігер компанияға төлеп бере алмадық. Сондықтан жұмыс созылып отыр. Енді аталған қаржы төленіп жатыр. Ақпан айының аяғына дейін ғимарат көгілдір отынмен қамтылып, актімен қабылдап аламыз. Одан соң аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне өткіземіз. Олар штаттық кестеге сай мамандарды бекітетін болады. Оның бәрі заңда қарастырылған», – деді ол.
Біз бұл азаматтың «заңда қарастырылған» деп нені айтқанын түсіне алмадық. Мәдениет үйінің ашылуын үш ай бұрын айқайлатып жасап, 90 күн бойы ғимараттың есігіне қара құлып салып қою ешқандай заңда көрсетілмегені анық. Бұл өзі созылып кеткен іс болып тұр екен. Аудан басшылары алаулатыпжалаулатып неге ертерек лента қиюға асықты екен? Мердігер компания басшысы Самат Әбдіманат қаражат бөлінісімен, көгілдір отынды қосып беретінін айтып уәдесін берді.
Біз Қарасаз ауылындағы 2025 жылдың қараша айында пайдалануға берілген спорт кешенінде де болдық. Ол ғимараттың да айналасынан топырлап жаттығып жүрген жан көрмедік. Ғимараттың екі жерінен қара құлып салыныпты. Біз мәселені Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртазадан да сұрадық.
«Бұл жерде айтатын бір мәселе, Көлбастау ауылындағы мәдениет үйі қиындықпен басталды. Алғашқы мердігер компания жұмысты аяқтамай, орта жолда тастап кетті. Олармен соттасып, ұттық. Сонымен, «Бекстрой -2010» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмысты аяқтап шықты. Газдандыру жұмысына 21 миллион теңге қаражатты енді реттеп, төлеп жатырмыз. Газдандыру жұмысы аяқталысымен, мәдениет үйі жұмысын бастап кетеді», – деді ол.
Аудан басшысының жауабы осындай болды. Бірақ айтылу бар да, жұмыстың нақты бітуі бар. Мәдениет үйіне газ жүргізілгенше, штаттар бөлінгенше әлі қанша уақыт өтеді екен. Штаттар ашылып, елге қызмет етпейтін болса, мәдениет үйінің ашылу салтанаты неліктен өткенін Көлбастаудың тұрғындары әлі түсіне алмай отыр.
Есет ДОСАЛЫ
Жуалы ауданы