«Халықтың шешімімен бекітетін уақыт жетті» – Ауыл партиясы жаңа Конституцияны қолдайды
Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның 12-ші отырысында «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев қоғамнан келіп түскен сан мыңдаған ұсыныс-пікірлер негізінде әзірленген жаңа Конституция жобасына қатысты өз көзқарасын білдірді.
Өз сөзінде спикер бұл құжаттың елдегі өзекті қоғамдық сұраныстарға толық жауап беретінін, азаматтардың талап-тілегі ескерілгенін айтты.
Серік Егізбаевтың сөзінше, құжаттың негізінде адам және адами құндылықтар, билік тармақтарының теңгерімі, заң үстемдігі мен әлеуметтік әділеттілік қағидаттары жатыр. Мұнымен қоса, спикер «Ауыл» партиясының тарапынан республика өңірлерінде Конституция жобасын түсіндіру бойынша кең ауқымды жұмыстардың жүргізілгенін жеткізді.
Оның айтуынша, ауыл тұрғындары ұсынылып отырған өзгерістерді құр заңнамалық түзетулер ретінде емес, өздерінің тұрмыс-тіршілігіне нақты ықпал ететін өмірлік маңызы бар қадамдар деп қабылдауда. Кездесулер барысында азаматтар бұл бастаманың тағдырын халықтың өзі айқындауы қажет деген ортақ ұстаным білдіріп, құжатты жалпыхалықтық шешім арқылы бекітудің маңызы ерекше екенін атап өткен.