Кәсіби бухгалтерлер кеңес береді
Биылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енуіне орай, Салық кодексімен үш ғана арнаулы салық режимі көзделген. Олар – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін, оңайлатылған декларация негізіндегі және шаруа (фермер) қожалықтары үшін арнаулы салық режимдері. Бұрын болған АСР (патент, арнаулы мобильді қосымша, бөлшек салық, тіркелген шегерім, АШӨ үшін АСР) күшін жойған. Бүгінгі күні Салық кодексіне өзгерістер енгізілуіне байланысты түсіндіру жұмыстары жалғасуда.
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Жамбыл облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Ерлан Нұрмаханбетов Салық Кодексі бойынша ақпарат берді. Оның айтуынша, қазір елімізде болып жатқан науқан, бұл бұрын АСР қолданған кәсіпкерлер, 2026 жылға жаңа Кодексінің ережелері бойынша жұмыс істеу үшін режимді таңдау керек, яғни берілген уақыт аралығында режимді тандау бойынша өз құқықтарын іске асыру қажет.
Баяндамашының айтуынша, хабарламаны келесі тәсілдермен ұсынуға болады. Яғни, салық төлеуші кабинеті арқылы (ИСНА АЖ жүйесінде «Құжаттарды ұсыну» – «Қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама» бөлімі), «E-Salyq Business» арнаулы мобильді қо сымшасы арқылы («Сервис» – «Жеке кәсіпкердің салық режимін ауыстыру»), орналасқан жері бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына қағаз түрінде, банктердің мобильді қосымшалары арқылы ұсына алады. Ерлан Мирамбекұлы оңайлатылған декларация негізіндегі басқа да талаптарды баспасөз мәслихаты аясында түсіндіріп өтті.
Сондай-ақ шаруа қожалықтары үшін арнаулы салық режиміне көшу 2026 жылғы 1 наурызға дейін салық органдары арқылы автоматты түрде жүзеге асырылады және салық төлеушілерден хабарлама ұсынуды талап етпейді.
Жалпы, Салық кодексіндегі өзгерістер бойынша жыл басынан бері облыс көлемінде бизне с субъектілеріне тегін кеңес беру арқылы қолдау көрсетуге бағытталған «Халық бухгалтері» акциясы жүргізіп келеді. Бастама бақылау моделінен салық төлеушілерді сервистік сүйемелдеуге (модельге) көшу шеңберінде іске асырылуда.
Науқан 2026 жылдың 5 қаңтарынан 30 маусымына дейін жалғасады.
Марат ҚҰЛИБАЕВ