Төрт түлікті түлету үшін де бап керек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ауыл шаруашылығы саласында ауыл және мал шаруашылығы өнім өндірісін жолға қоюды тапсырған болатын. Бұл талаптың үдесінен бүгінгі таңда Жамбыл ауданының шаруалары шығып отыр. Бүгінгі күні Жамбыл ауданында екі тауарлы сүт фермасының құрылыс жұмыстары жүзеге асырылуда. Оның бірі Өрнек, екіншісі Көлқайнар ауылдық округтерінде инвесторлардың күшімен атқарылуда. Бұл жобалар жүзеге асырылған сәтте 50 адамды жұмыспен қамту жоспарланса, оның 30-ы тұрақты жұмыс орындары болмақ.
Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, ауданда ауыл шаруашылығында өндірілген жалпы өнімнің 50 пайыздан астамы мал шаруашылығы саласына тиесілі. Мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде ауданда ет, сүт және жұмыртқа өндірісі жақсы дамып келеді.
Дегенмен бүгінде асыраушы сала экономиканың негізгі драйверлерінің біріне айналып, табиғаты мал шаруашылығына қолайлы өңірде ауыл шаруашылығы саласы жыл санап алға озып келеді. Осы орайда, суармалы алқаптардың аумағын арттыру, заманауи ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу, асыл тұқымды мал санын арттыру, ақылды фермалар мен цифрландырылған өндіріс орындарын ашуға күш жұмсалуда.
Өрнек ауылындағы тауарлы сүт фермасының сыйымдылығы 621 басқа арналған. «Момбеков» шаруа қожалығының жетекшісі Күлпаршын Сатибаеваның айтуынша, бүгінгі күні ферма құрылысының жұмысы уақытша тоқтап тұр. Қаржылық және басқа мәселелер шешімін тапса, нысан құрылысын қайта жалғастыру жоспарлануда. Ал Көлқайнар ауылдық округінде «AzNur Agro» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 400 басқа арналған тауарлы сүт фермасын салуда. Кооператив төрағасы Азат Сатановтың айтуынша, нысанның құрылыс жұмыстарын «Тұлпар Строй Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Жамбыл ауданы