Өнімнің 40 пайызын шетелге экспорттайды
Тараз қаласында жұмыс істеп тұрған іргелі кәсіпорынның бірі – «Жамбылгипс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Құрғақ қоспалар мен гипс материалдарын дайындайтын зауыт мемлекеттік «Үдемелі индустриялықинновациялық даму» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған болатын.
Акционерлік қоғамның президенті Андрей Промченконың айтуынша, серіктестік озық технология мен гипс материалдарын және құрғақ қоспалар өндіретін еліміздегі жетекші компанияның бірі болып табылады. Кәсіпорын шетелдік «KNAUF», «Lafarge» және «ALCIBAY» гипс өндірушілермен ынтымақта жұмыс атқаруда. Жобаның тәуліктік қуаты 750 тонна, жылдық көлемі 260 мың тонна гипс өндіру, ал құрғақ қоспаларды дайындаудағы тәуліктік қуаты 600 тонна болса, қазіргі таңда өндіріліп жатқаны 400 тонна.
Зауытта 140 адам жұмыс істейді. Мұндағы қарапайым жұмысшының жалақысы да жоғары. Жұмысшылар арнайы киім-кешекпен, ыстық тамақпен де қамтылған. Серіктестік президенті осыдан кейін зауыттың гипс тақтайшасын шығаратын цех жұмысымен таныстырды. Оның өндіріс менеджері Нұржан Әбдалимовтың айтуынша, цехта 33 жұмысшы үш ауысыммен жұмыс істеуде. Тәулігіне мұнда 10 мың шаршыметрді құрайтын гипс тақтайшалар шығарылады. Оның көлемі әралуан. Тапсырыс берушілердің қалауы бойынша оның шаршы метрі өзгеріп отырады екен.
Серіктестік президенті Андрей Промченко алдағы уақытта гипс тақтайшалармен қатар, бөлмелердің ішін әрлейтін гипс жапсырмаларды да шығаруды жоспарлап отырғанын жеткізді. Сөйтіп зауыттың келесі жұмыс цехы құрғақ қоспалар цехына алып келді. Мұнда да жұмыс қайнап жатыр екен. Сөзге өндіріс менеджері Ермек Момыновты тартқан едік.
Зауыт жұмысшыларымен әңгімелесу барысында серіктестік тарапынан оларға барлық жағдайдың жасалып отырғанын білдік. Ыстық тамақпен, киім-кешекпен қамтылғанын айтпағанның өзінде, онда жұмысшылардың тасымалына дейін шешіліп қойылған. Бұдан бөлек, жұмысшыларын ынталандыру мақсатында тоқсан сайын жалақыларына 20 пайыз сыйақы қосып беріледі екен. Серіктестік президенті Андрей Промченко да зауытта осындай тәртіп пен жұмысшыларды ынталандыру шараларының зауыт ашылғаннан бері қалыптасып отырғанын жеткізді.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Тараз қаласы