Мұнай қалдығынан мата шығарылады
Аймақта кәсіпкерлердің қаржылық мәселесін шешіп, екінші деңгейлі банктерден несие алуына облыстағы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы он бес жылдан бері қолдау көрсетіп, жұмыс істеп келеді. «Даму» қоры арқылы өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалар көп. Мәселен, соның қатарында қордың қолдауын көрген «Ерсад – 2021» мен «Достық и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар. Бүгінгі күні «Ерсад – 2021» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Super Pharm» фармацевтикалық зауытына қажетті шикізат дайындаумен айналысады. Мұнда «Спанбонд» типті тоқыма емес бұйымдар өндірілуде.
Спанбонд – бұл өте жеңіл, экологиялық таза, ұзаққа созылатын, ең жұқа полипропилен жіптерінен дайындалатын, жылу өткізбейтін мата. Өндірісте ол қымбат материалдарды ауыстыру ретінде қолданылады. Материалдың негізгі қасиеттері – арзан, бойлық және көлденең бағытта жоғары беріктік, кесудің қарапайымдылығы, беріктігі, тұрақтылығы, ыстыққа төзімділігі, изотроптылығы (біртектілігі) және тыныс алуға жеңілдігімен ерекшеленеді. Серіктестік құрылтайшысы Қайрат Қаймолдаевтың айтуынша, «Super Pharm» фармацевтикалық зауыты пандемия кезінде шикізаттан қатты тапшылық көрген. Шекаралар жабылып, мемлекеттер арасындағы байланыс аз уақытқа тоқтаған тұста, зауыт жабылып қалудың аз-ақ алдында қалыпты. Дегенмен ол қиындықты өз күштерімен еңсере білген басшылық, бірінші кезекте шикізат қорын жасақтау керектігін түсініп, зауыт салуды жоспарлай бастайды.
«Даму» қорына қайырылған зауыт басшылығының өтінішін өңірдегі «Bereke Bank» акционерлік қоғамы мақұлдаған. Сөйтіп сыйақы мөлшерлемесі – 15 пайызды құраған, «Даму» қоры тарапынан субсидиялау мөлшерлемесі – 9 пайыз болса, ал қалған 6 пайызды компания құйған. Жалпы бірреттік медициналық бұйымдар шығарумен айналысатын «Super Pharm» фармацевтикалық зауыттың республикада өзіндік орны бар. Өйткені мұндай зауыт елімізде бірнешеу ғана. Соның бірі біздің облысымызда он бес жылдан аса тұрақты жұмыс істеп келеді. Бүгінгі таңда өндіріс көлемі де еселеп артуда.
Бастапқыда 15 түрлі медициналық бұйым жасаған зауыт бүгінде 400-ге жуық фармацевтикалық заттарды шығарады. Бұрын шикізатты Ресей, Белорусия мен Қытай мемлекеттерінен тасымалдаған өндіріс ошағы ендігі жерде бұл мәселені өз күшімен шешіп отыр. Зауыттың бас технологы Сергей Пак зауыт тәулік бойы жұмыс істейтінін айтты. Оның айлық қуаты 920 тоннаны құрайды. Онда 40 адам төрт ауысыммен жұмыс істеуде. Зауытта әзірге шикізат қорының, яғни іргесіндегі фармацевтикалық зауытқа қажетті тоқыма емес матаның төрт түрі шығарылуда.
Бұдан бөлек, «Даму» қорының қолдауына жиі сүйеніп, кәсібін дөңгелетіп отырған келесі зауыт – «Достық и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл компания нарықта 2004 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Өндіріс ошағы сыйымдылығы 1, 2 және 3 литрге дейінгі шыны банкілерді шығарумен айналысады.
Аталған кәсіпорын 2020 жылы «Даму» қоры «Бизнестің жол картасы 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында «субсидиялау және кепілдік беру» құралы арқылы процесті автоматтандыру үшін жабдықтар, сондай-ақ өзге де құрал-жабдықтар сатып алу бойынша «Қазақстан Халық банкі» акционерлік қоғамы арқылы қаржыландырылған. Несие сомасы 314 миллион теңгені құраса, ал компания үшін несиенің мөлшерлемесі 6 пайызға айналды, кепілдік сомасы 132,7 миллион теңгені құрады. Серіктестіктің цех бастығы Есберген Еламановтың айтуынша, шыны банкілер шығаратын цехтың жұмыс бастағанына да жеті жылға жуықтапты. Зауыттың өндірістік цехында шыны банкілері өндірісі жақсы жолға қойылған. Зауытта тәулігіне 70- 80 мың шыны банкі шығарылады. Яғни, банкінің 12 түрін шығаратын зауыт цехында 56 адам жұмыс істейді. Ондағы бір желі сыйымдылығы 0,5-тен 1 литрге дейінгі банкілерді шығаруға арналған. Үш-төрт жыл бұрын екінші желісі іске қосылып, екінші желі сыйымдылығында 2 мен 3 литр аралығындағы банкілер шығарылуда.
Зауыт ауласында бір айға жететін шикізат қоры әзірленген. Цех басшысының айтуынша, шыны балқытуға Арал құмын, Қаратаудың содасын, кварц құмы және барлық өңірден жинаған шыны ыдыстарының сынығын пайдаланатынын айтты. Кейбір маңызды қоспаларын Ресей мен Өзбекстан Республикасынан алдырады екен.
Сұйықтық цехтың екі желісі арқылы 0,5 грамнан 3 литр аралығындағы банкілер құймасына құйылып, ары қарай дайын өнімге айналу сәтін де көзбен көрдік.
Дайын өнім Қырғыз және Өзбекстан республикаларына экспортталуда. Ал зауыттың Қазақстандағы негізгі тұтынушысы Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы консервілеу зауыттары. Осылайша «Даму» қоры өнеркәсіп саласында жобасын жолға қойған кәсіпкерлерді тұрақты қолдаумен тұрақты айналысып келеді.
Марат ҚҰЛИБАЕВ