Алты ауылда мыңнан астам жұмыс орны ашылған
Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласын дамытуға үлкен қолдау көрсетіліп келеді. Жалпы облыста 891 кәсіпорын жұмыс істесе, өңдеу өнеркәсібінде 46 мың адам еңбек етуде. Ал Жуалы аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Руслан Айтбаевтың айтуынша, ауданда 6500 кәсіпкерлік нысан тіркелген. Оның 2-уі орта, 203-і шағын, ал 2600-і жеке кәсіпкерліктер. Қалғаны ауыл шаруашылығы бағытында жұмыс істеп жатқан жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен шаруа қожалықтар. Жалпы кәсіпкерлік нысандар 700-ден аса адамды тұрақты жұмыспен қамтыған.
Ал «Ауыл аманаты» жобасына Жуалы ауданында 6 ауылдық округ қатысуда. Оған қатысқан аула саны – 3263. Бүгінгі күні ауданда мүйізді ірі қара саны 124 пайызға, жылқы 130 пайызға, қой-ешкі 112 пайызға өскен. Алты ауылдық округте 813 жеке кәсіпкерлік ашылып, алты ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, 1130 жұмыс орны ашылған. Атап айтқанда мұның барлығы да Президент Жолдауында тапсырғандай ел халқының әлеуметтік тұрмысын жақсартуға, ауыл шаруашылығы кооперативтерін және агроқұрылымдарға салынған инвестициялық жобаларды дамытуға бағытталған.
Биыл да «Ауыл аманаты» жобасына Жуалы ауданы тұрғындары да қатысуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдыңғы және жаңа Жолдауларында ел азаматтарын жұмыспен қамту, ерекше жандарды мемлекет қамқорлығына алу, оларға жағдай жасау, кәсіп бастауға ниет еткен азаматтарға қайтарымсыз грант тағайындау, пайыздық мөлшері аз несие қарастыру жұмыстарын көтеріп, жүйелі тапсырмалар берген болатын. Президенттің осы тапсырмасы облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан да жоспарлы жүзеге асырылып, «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 500-ге тарта адам жолданса, оның 200-ге жуығы қайтарымсыз грант иегері атанып, өз кәсіптерін ашқан. Олардың қатарында аудан азаматтары да бар. Шағын және орта бизнесте ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер де мемлекеттің қаржылық қолдауларынан тыс қалып отырған жоқ.
Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлебек Құлекеевтің айтуынша, былтыр ауыл шаруашылығы саласын дамытуға 26,9 миллиард теңге бөлініп, 15 мыңнан астам шаруашылыққа субсидия төленген. Сондай-ақ, қаржы институттары мен микроқаржы ұйымдары арқылы 1594 агроқұрылымға 16,1 миллиард теңге несие үлестірілген. Бұл үрдіс өткен жылы да жалғасын тапты. Мемлекет басшысы Үкімет пен барлық мемлекеттік органдарға бизнеске дұрыс көңіл бөліп, олармен үйлесімді жұмыс жүргізуді, болашағы зор жобаларға қаржы салатын кәсіпкерлер мен инвесторларға қолдау көрсетуді қатаң тапсырғаны белгілі.
Президент тапсырмасы Жамбыл облысында да жауапкершілікпен орындалуда. Мәселен, өңірімізде «Агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларға жеңілдетілген несие беру» бағдарламасын (Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату) іске асыруға былтыр республикалық бюджеттен 8 миллиард теңге қарастырылып, 13 жоба қаржыландырылған. Ал 2019-2023 жылдары «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде республикалық және жергілікті бюджеттен жалпы 42,2 миллиард теңге бөлініп, 8 мыңға жуық жоба несиелендірілді. «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2025 жылы 3,2 миллиард теңгеге 437 жоба қаржыландырылған. Сонымен қатар сапалы тұқым, тыңайтқыш, химиялық қорғау және жанар-жағармай заттарын сатып алу үшін кооперативтерге 946,9 миллион теңге айналым қаражаты берілді. Жоба биыл да өз жалғасын табуда, – дейді Төлебек Құлекеев.
Марат ҚҰЛИБАЕВ