Әлеумет

«Мен оларды өз балаларымдай көремін»

Қайыры аз бүгінгі қоғамда ешбір жанға зияны мен кесірі жоқ, тек мейірімін төгіп, әлемге шуағын шашып жүретін, жайсаң мінезді адамдар баршылық. Солардың бірі – әскери колледжде 20 жылға жуық үздіксіз еңбек етіп келе жатқан Дүйсенгүл Төлегенова. Дүйсенгүл Ақанқызы – әскери колледждің асханасында ас таратушы болып жұмыс істейді.

Әскери колледждің жеке құрамы, кадеттер мен ұландар оны жай ғана «Дина апа» деп атап кеткен. Колледж басшылығы Дина апаны өте құрмет тұтады, ал үйінен жырақта жүрген, әскери қызметтік өмірге қадам басып, қатал тәртіпке төселе бастаған кадеттер мен ұландар апаны ерекше қадірлеп, шын жүректерімен жақсы көреді.

Апамыз асханада барлық тәрбиеленушілерге күн сайын төрт мезгіл ас мәзірі бойынша берілетін тамақтарды үлестіріп, таратып отырады. Ол әрбір сөзінде «Менің балаларым», «Айналайындар», «Қарақтарым, аш қалып қалмасын» деп, ешкімді алаламай, бастарынан сипап, жылы сөзін жаудырып, аналық жүрегіндегі кең мейірімін төгеді.

Дүйсенгүл апаның әкесі Ақан шахтёр болса, анасы жалғыз қызын босанып болған соң, кенеттен дүниеден өтіп кетіпті. Ал өзі әкесінің туған апасы Әлима әжесінің қолында өскен екен. 1975 жылы Бақытжан есімді азаматтың өмірлік жары атанып, 3 баланы дүниеге әкеледі. Жоғары білім алуға мүмкіндігі болмаған апамыз қара жұмыстан қорықпай, тынбай еңбектенеді.

1976-1994 жылға дейін мектепте тазалықшы болып жұмыс істейді. 2006 жылы «Жас ұлан» республикалық мектебіне алғашында тазалықшы болып, ал зейнетке шыққан соң ас таратушы болып жұмыс істеп келеді. Шын мәнінде, Дина апа – өмірден көп қиындық көрген кейуана. 2000 жылы 48 жасында жолдасы қайтыс болған соң, жалғызбасты анаға 3 баланы аяққа тұрғызу оңай болған жоқ. Ол өз ғұмырында оны қандай тауқыметтер мен сынақтар күтіп тұрса да, шыдамдылық танытып, мойымай, оларды жеңе білген керемет жан. Әңгімелесу барысында

Дина апа: «Әскери колледж – мен үшін ыстық мекеме. Мұнда күллі Қазақстанның әр облысынан жиналған қаншама балаларым әскери оқуға түсіп, оны аяқтап, туған Отаны алдындағы борыштарын, әскери қызметтерін атқарып жүр. Мен оларды өз балаларымдай көремін», – деп жылы лебізін білдірді.

 

Есен ӨТЕУЛІ